Жас ақындар азаттықты жырлады

Тәуелсіздік күні еліміздің барлық азаматтары үшін орны ерекше мереке деп білеміз, себебі, осынау жүрекжарды қуанышқа толы күнді ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап, күтумен өтті.

Осы орайда, Көкшетау қаласы әкімдігінің қолдауымен, Көкшетау қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен таяуда «Достар» мәдениет сарайында Тәуелсіздіктің 32 жылдығына және Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған «Мен жастарға сенемін» атты қалалық жас ақындар мүшәйрасы өтті. Мүшәйраның мақсаты жас ұрпақты патриоттық-тағылымдық тәрбиеге баулу, тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін жырға қосу, рухани ұлттық мұрамыз бен елдік-ерлік құндылықтарымызды ұлықтау, адам бойындағы адалдық, парасаттылық, әділдік пен сенімділік асыл қасиеттерін дәріптеу болып табылады. Жас ақындардың өлең сайысына қалалық ақпараттық кітапханалар жүйесінің директоры Серік Сапарұлы, облыстық «Арқа ажары» газетінің тілшісі Мұхамет Тілеубай, «Салтанат» сарайының директоры Жәзира Манарбекова қазылық етіп, баға берді. Аталмыш іс-шараға 16 және 21 жас аралығындағы жас ақындар қатысты. Мүшәйраның шарты бойынша әрбір қатысушы Тәуелсіздікке арналған бір өлеңі мен еркін тақырыпта жазылған бір өлеңін оқыды.

Байқау қорытындысының нәтижесінде бірінші орынға Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қазақ тілі, әдебиеті мамандығының 2 курс студенті Закида Тасшабай лайық деп танылса, екінші орынды Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының 4 курс курсанты Әлішер Баткулов және үшінші орынды Ақан сері атындағы музыкалық колледжінің «актерлық шеберлік» мамандығының 3 курс студенті Аманбол Серік иеленді. Орын алған жас ақындарға ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Іс шара соңында Көкшетау қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Күнім Уразбаева жеңімпаздарды құттықтап, өзінің жылы лебізін білдірді.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар