Бауыржан Момышұлының жиені өнертапқыш болып шықты

Әлеуметтік желілерде елді елең етер жаңалығымен көзге түсіп жүрген өнертапқыштар көп. Бірақ, сол еңбектердің қолданысқа енгізілгені жоқтың қасы. Мұндайда, «өнертапқыштарға Үкімет неге көңіл бөлмейді?» деген ойға қалатының бар. Сол жандардың қай-қайсысының болсын қолында ғалымдардың оң пікірі, арнайы патенттері бар. Бірақ, жақсы бастамалар қолданысқа енгізілмегесін, еңбектің еш кеткені емес пе?. Тиімділігі мол қанатқақты жобаларға неліктен қолдау жоқ?

Іс жүзінде іске асыруға келгенде неге қауқарсызбыз? Таяуда редакциямызға арнайы келген тараздық өнертапқыш Марат Аюбаевтың да ғұмыр жолы бізді тағы да осындай ойға жетеледі. Ол кісі Көкшетауға М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғаныс академиясының арнайы шақыртуымен келген екен. Осы сапар аясында Марат ағамыз редакциямызға арнайы келіп, сұхбат берді.

Марат Аюбаев – тектінің ұрпағы. Әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастасақ. Үлкендеріміз «Тегі жақсы тегін болмайды» деген. Сұхбат барысында біз осы сөздің мән-мағынасына тағы да бір көз жеткізгендей болдық. Марат Аюбаев атақты Бауыржан Момышұлының туған жиені екен, яғни, Баукең Марат ағамыздың туған анасы Үбиянның туған бауыры.

– Өз басым энергетика саласында қырық жылдан астам уақыт еңбек еттім. Бала кезімнен техниканың тілін меңгеруге ұмтылдым.  Содан болар, қолым қалт еткенде ойымда жүрген сызбаларды ақ қағазға түсіретінмін. Мен өрт маманы емеспін, бірақ Жам­былда, гидромелориативтік-құры­лыс институтында білім алдым. Қазіргі таңда ғылымның әр саласына қажеті болар деген 30 жаңалық аштым. Бірақ, бір әттеген-айы, солардың ешбірі қолданысқа енгізілмей келеді. Үйдегі жеңешелеріңе алғысым шексіз. Ойдағы өнертабыстардың тиімділігін елге дәлелдеу үшін қаншама қаражат, қаншама уақытымды сарп еттім, соның бірінде де ол кісі қабақ шытып, мінез көрсеткен емес. Тек қана қолдау білдіріп, әр ісіме балаша қуанып, серпін беріп, тілектес болып отырады. Мен ешқашан атақ, абырой қуған адам емеспін. Бар ойым еліме титімдей болсын көмегім тисе екен деген мақсат. Қазір ақпарат көздері арқылы әлемде болып жатқан түрлі оқыс оқиғаларды, жантүршігерлік апаттарды, алапат өрттерді көргенде шыбын жаныңды шүберекке түйіп отырасың. Мұндайды көргенде жүрек қалай шыдасын. Қайтсем көмектессем, қайтсем мәселенің байыбына барсам, бәлкім, мәселенің түйінін басқаша шешсе, қиындықты еңсеруге болар еді деген сұрақтарға жауап іздеп, қолыма қалам алып, ойдағыны ақ қағазға түсіремін, – дейді Марат аға бізбен болған әңгіме барысында.

Сөйтті де, ағамыз қара портфелінен бір бума ақ папкаға салынған бірнеше құжаттарды біздің жұмыс үстелімізге қойып, алға тартты. Оның барлығы да аса ұқыптылықпен, әйбат әдіппен жинақталған. Кез-келген құжаттың қай күні, қашан шыққаны, қай бетте сызбасы тұрғаны тізбектеліп бөлек бір жазу дәптерінде жазылған. Бұл ағамыздың өз ісіне аса ұқыптылықпен, зор еңбекқорлықпен әрі үлкен жауапкершілікпен қарайтындығының бір белгісі екендігі емес пе?!

– Осы өнертабыстарымды көрсетіп, талай табалдырықты тоздырдым. Көрген адам құптайды, оң бағасын береді, бірақ, қажетті қаражат бөліп, қолданысқа енгізу мәселесіне келгенде бәрі үнсіз. Осындай кедергілерге тап болғанда қайран нағашымның сөздері есіме түседі. Бірде  көкем біздің үйге келіп, бір аптадай жатты. Әлгінде айтып едім ғой, негізі жазу-сызуға жастай әуес едім. Ол кезде жасым отыздар шамасында болатын. Күнде қолым қалт ете қалса болғаны сызбалармен жұмыс істеймін. Соны нағашым байқап қалған болуы керек, бір күні таңертең жұмысқа асығып бара жатқанымда, маған «Әй, Марат! Бері кел!» деді.  «Көке, не болды?» дедім қасына барып. Бетіме тесіліп қарап жатты да, «Сен болашақта  анау істеріңді алға жылжыту үшін үш түрлі кедергіге жолығасың. Сол кедергілерді жеңіп шықпасаң сенің ісің алға жылжымайды. Бірінші кедергі – басында ноқаттай ми жоқ, қанша айтсаң да, қанша жазсаң да түк түсінбейтін, бірақ, өзін данышпан санайтын  «Маубасқа» жолығасың. Екінші кедергі – жұмысты шала істейтін, ештеңені  шешпейтін, бірақ, істеген адамға кедергі жасап, аяқтан шалатын «Жаубасқа» жолығасың. Үшінші кедергі – өзін биік санайтын, басқаларды елемейтін «Таубасқа» жолығасың. Осы үш кедергі алдыңнан шығады. Солардан қорықпай, жеңіп шығуға тырыс» деді. «Көке, сіздің айтқаныңыздан түк түсінбедім. Осылармен жолығу пешенеме жазылған болса, уақытында көрермін» дедім. Баукең бетіме қарап тұрды да «Жұмысыңа бара бер. Кейін ұғарсың»  деді. Қазір ойлап отырсам, нағашымның айтқаны жазбай келді. Қазақстанда «маубас, таубас, жаубастар» көбейіп кетіпті, шырағым. Көкем бір сөзінде ойлап тапқаныңды жария ете бер дегені бар еді, – дейді аға терең күрсініп.

Сол себепті де, ағамыз алған бетінен қайтпауды жөн санап отыр. Өзі ойлап жасаған, тер төккен өнертабысының ел халқына көмегі барына сенімі бек имандай. «Жасағаным ел қажетіне жарайтынына сенімді болсам, қайтіп қол қусырып отырамын. Қаншама адамды апаттан аман алып шығуына өз септігін тигізеді деген ойлар маған маза бермейді. Жалпы, мына жалғанда бір адамға болсын жақсылық жасасам, бір адамға болсын көмек көрсетсем деген қағиданы ұстанамын. Осы өнертабыстарымды ойлап табуыма балам мен немерем де қолдау көрсетті.  Олар да өнертапқыштар ретінде ғылымның әр саласына байланысты көптеген жаңалықтар ашуда. Бірақ, бізге қолдау жоқ. Біздің тапқан жаңалықтарымыз 15 жылдай іске аспай, бізге бір теңге пайда әкелмеді. Керісінше, осы жаңалықтарды ойлап табу үшін және оларды іске асыру үшін бармаған жерім, ашпаған есігім қалмады. Тіпті осы патентті сақтап қалу үшін   патент ережесіне сәйкес  барлық тапқанымды төлемақыға жұмсаймын. 30 патентке төлем төлеу де оңай емес қарапайым адамға. Керісінше тапқан жаңалыққа қолдау көрсету керек. Мен осындай кедергілерді көргеннен кейін « Өнертапқышты өлтіру немесе заң кемшіліктері» деген кітап та жаздым. Негізі патент заңында кемшілік те көп, дейді аға қынжылып.

Сөйтті де, қолындағы бір бума қағаздардың арасынан алған патенттерді, жазған хаттарды, газет қиындыларын бір-бірлеп, алма-кезек шығарып,  бізге ұсынды. Біз де бірін жазып алып, бірін фотоға түсіріп, назарымызды барынша ағаға аударуға тырыстық. Иә, болашақ жолында бар-жиған тергенін сарп етуге даяр жандарды көргенде қалайша қуанбайсың, қайтіп өзіңе үлгі етпейсің! Ағаның ақтарыла сөйлеген сөзінде, ізгі ниетінде жасандылық жоқ, аңқылдаған ақ жүректі адам екендігі бірден байқалады.

– Әлемде болып жатқан алпауыт апаттарға қалай бей-жай қарайын, айналайын. Қам-қарекетсіз отыруға бола ма? Бабаларымыз «Өрт – тілсіз жау» деп бекерден-бекер атады дейсің бе? Мәселен, өз басым осы өрттен құтқаруға септігін тигізер 5 түрлі жаңалық аштым. Бірақ, соның бірде-бірі қаржы жағынан қолдау таппай, іс-жүзінде қолданысқа енбей келе жатқанына қынжыламын. Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, еліміздің Премьер-Министрі Ә.Смайыловқа, Парламент басшысы М.Әшімбаевқа хат жолдадым. Оны  «Фейсбук» әлеуметтік желісіне де жарияладым. Сол жерде 30 жаңалығымның екеуін сипаттап бердім. Оның бірі көпсалалы өрт машинасы (патент №7811) болса, екіншісі өрт тікұшағы (патент №1208). Осы жаңалығым бойынша Көкшетауға келіп отырған себебім осы. Көкшетаудағы оқу орны елімізде өрт сөндіру саласының мамандарын даярлайтын жалғыз оқу орны ғой. Осы мәселеге байланысты оқу орнының арнайы шақыртуымен келдім. Бәлкім, бір жақсы жаңалық болып та қалар, кім білсін…  мен әлгінде атап өткен екі өрт сөндіру техникасы туындаған өртті төрт тәсілмен, яғни, бумен, булы сумен, көбікті сумен, инертті газбен тоқтаусыз 24 сағат өшіруге қабілетті. Физика заңына сәйкес бір көлем судан  бес мың көлем бу алуға болатыны дәлелденген. Сол себепті бұл өрт сөндіру машинасы бу қазандығымен және басқа құралдармен жабдықталған. Осыған байланысты машина өртті 24 сағаттай өшіре алады. Бұл өрт техникаларын өрт сөндіруден басқа да салаларда қолдануға болады. Бу қазандығының температурасы 130-150 градус, яғни, онымен әртүрлі инфекцияларды өлтіруге де болады. Мал, құс фермаларында (кене, бүрге сияқты паразиттерді залалсыздандыру) қолданса да жарамды. Тіпті, қатты аяздан қатып қалған су жылу құбырларын жылытып, іске қосуға да, үйлердің, ескерткіштердің сыртын жуып тазалауға да қолдануға болады. Осы жаңалық 2014 жылы Тараз қаласында тәжірибе-сынағынан өтіп, тәжірибе ғалымдар мен арнайы мамандардың оң бағасын алды, – дейді Марат Аюбаев.

Ағаның өмірлік қағидаты да, алдағы мақсаты да біреу. Ол өз білген-түйгенін өскелең ұрпақтың болашағына арнау, жан-жағындағыларға қолдан келгенінше жақсылық жасау. Жалғанда өз еңбегіңнің жемісін көргенге не жетеді! Ендеше, жақсы бастамаларға жол ашылар күн жақын арада болса екен деп тілейміз біз де! Жасай беріңіз, ұлы Бауыржан Момышұлының туған жиені, нақ батыр атамыздай алған бетінен таймайтын Марат аға!

   Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар