Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мұрағаты Алашордашылар жайлы мұңға толы Мәскеу сапары - АРҚА АЖАРЫ

Мұрағаты Алашордашылар жайлы мұңға толы Мәскеу сапары

XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамында елеулі орын алған саяси оқиғаларда қазақтың маңдайына біткен тұлғалардың дені Алаш ардақтылары еді. Халқының игілігі жолында ақысыз, пұлсыз қызмет еткен, егемен елі үшін жанын берген Алаш қайраткерлерін зерттеу жас буынның, яғни, біздің мойынымызда.

Алаш асылдарының жоғын жоқтап, білім іздеп, басқан ізін, ел қамын жеп, жүрген жолын зерттеу мақсатында «Qyr balasy» қоғамдық қоры мен Ә.Бөкейхан атындағы Алаш ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен өткен VII халықаралық «Алаш жолымен» (Ресей бағыты) ғылыми-танымдық экспедициясының осы күзге таман I және ІІ кезеңдері болып өтті. Маған аталған экспедицияның І кезеңіне қатысу, мүше болу бақыты бұйырған екен. Бұл экспедиция – Алашты зерттеуде тарихи дерегі көп, құпияға толы құжаттары баршылық, ғасырлар бойы патша, совет үкіметтерінің орталығы болған Ресей төрі Мәскеуде болды.

Мәскеуге сапар 10 күн болғанымен, әр күнім 10 мың таңданыс пен құлазудан тұрып, 10 айды бастан кешкендей сезімге бөлендім. Экспедицияның алғашқы күні ұлт үшін жанын берген, еліне ақысыз һәм пұлсыз қызмет атқарған ұлт көсеміне ат басын бұрудан басталды. Репрессия құрбандары, қазақтың біртуар азаматы, ұлт көсемі Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан атамыз бен адал шәкірттің үлгісін көрсетіп кеткен Нығмет Нұрмақұлының сүйектерінің күлі көмілген Дон қорымына барып, зиярат еттік. Аяусыз қор болған, зұлмат заманда атылып кеткен қаншама адамның сүйегі күл болып, үлкен қорымның бір оймақтай ғана жерінде, елден шет жерде көмулі қалғаны жүрегіңді езіп, жаныңды қынжылтпай қоймайды. Сол жердегі көп тақтайша арасынан:

Ей, тәкаппар дүние!
Маған да бір қарашы.
Танисың ба сен мені?
Мен қазақтың баласы! –

деген Ә.Бөкейхан мен Н.Нұрмақұлының аттары жазылған тақтайша көзіңе оттай басылады. Еңсеңді басып тұратын аурасы ауыр жер. Әлихан мен Нығмет аталарымызға арнап, Құран оқып, дұға тілегеннен кейін, аталар алдында парызымызды сәл де болса өтегендей күй кештік.

Содан түс ауа Новодевичье қорымына бардық. Бұл қорымда Ю.В.Никулин, М.С.Горбачев, Н.С.Хрущев сияқты Ресейдің атақты адамдары жерленген жерде Ә.Бөкейханның қызы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері С.Сәдуақасұлының зайыбы болған Зейнеп апамыз және «Қазақ халқының 100 әні» мен «Қазақтың 500 әні мен күйі» атты этнографиялық жинақтарының авторы А.В.Затаевич жерленіпті. Өзі қазақ болмаса да, қазаққа қазақтан артық қызмет қылған, біздің көптеген ән-күйімізді сақтап қалған А.В.Затаевичке қарыздар екенімізді сол жерде тағы бір еске алдық. Ертеңінде Мәскеу көшелерімен жүріп, ауа райы бөлек метро бекеттерінің бірінен екіншісіне отырып, қала шетіндегі Коммунарка қорымына бардық. Жаяулап, жалпылап, жаздың шыжыған ыстығы әлі қайта қоймаған Мәскеу сыртында жоқ іздеген жоқшылар болып, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері: Сауд Арабиясында елші болған, ғалым Нәзір Төреқұл,  миллиондарды сталиндiк-голощекиндiк аштық ажалынан арпалыса арашалаған Тұрар Рысқұл, қайраткер ғалым, публицист Сұлтанбек Қожанұлы және публицист, қайраткер, агроном Ғазымбек Бірімжан жерленген қорымға бардық. Сөйтсек, биік, жасыл қорғанмен қоршалған, тот басқан қара сыммен қымталған, үлкен аумақты алып жатқан, астына мыңдаған адам сүйегін арнайы қабірсіз, ретсіз жұтып жатқан қорым – Коммунарка қалың тоғай ішінде орналасыпты. Сол жердегі тоғай ағаштары төбеңнен төніп, өте суық болып көрінді. Өйткені, бір ағаштың түбіне бір емес, ондаған адам көмілген. Ал ондай ағаштар қаншама! Атылған адамның үстіндегі киімімен бірге көмілгеніне куә ағаштар мұңын шертетіндей.

Коммунаркада 1937-1941 жылдардағы репрессия құрбаны болған 6609 адамның мүрдесі көмілген. Қорымға жеткенше Мәскеудің ылғалды ауа райына мазамыз кетіп, ыстықтап қорымды тапқанша біраз адасып жүріп қалуымыз, кешегі елі үшін жанын берген Алаш ардақтыларының тартқан азабының титімдейіне де татымайды. Сөйтіп, осы оймен аталған Алаш қайраткерлерінің аттары жазылған тақтайшалардың қасына барып, Ғазымбек Бірімжанның елі Торғайдан әкелінген топырақты салып, Құран оқыдық. Дәл сол күні екінті кірген уақытта келесі қорым Ваганьковқа да жолымыз түсті. Ол қабірстан қала ішінде. Ол жерде Алаш қайраткері, көрнекті жазушы-драматург, публицист, аудармашы Жүсіпбек Аймауытұлы және қазақтың маңдайына біткен біртуар азаматтары, айтулы тұлғалар Дәмолла Битілеу, Хайретдин Болғанбай, Дінше Әділұлы, Әбдірахман Мұңайтпасұлы, Ахмет-сапа Жүсіп, Ғани Мұратбайұлы, Халел Ғаббас жерленген. Ол жерге де Ж.Аймауытұлының және Ахмет-сапа Жүсіптің туған өлкесінен әкелінген бір уыс топырақты «Репрессия құрбандарына» атты ескерткіштің түбіне салдық. Жолынан жығылмаған қазақ ретінде құран бағыштап, әдеттегідей зиярат еттік.

Сөйтіп, экспедицияның алғашқы екі күнін Алаш арыстарының мәңгілікке жер қойнауына аттанған қорымдарына арнадық. Әр қорымға барған әр қадамымыз ізденістің жолынан, толқу мен сезінуден тұрды. Ол жер түрлі тағдырдың бір арнада тоғысқан, елі үшін әдеби, мәдени түрде соғысқан, бірақ соңы қасіретті болып, жазықсыз кеткендердің мекені. Сондай мекенді бізге көрсетіп, бәрімізге әрқайсысының тарихын айтып, осының бәрін бастап жүрген, аталмыш экспедицияның ұйымдастырушысы, белгілі Алаштанушы ғалым Елдос Тоқтарбай ұстаз. Ал, келесі күннен бастап, экспедицияның І кезеңіндегі қалған 8 күнін РГБ-да, ГА РФ-те, РГАЛИ-да, РГАСПИ-да іздеушісін күтіп жатқан қайраткерлердің еңбектерін, олар туралы архивтік құжаттарды, жазбаларды іздеумен өткіздік.

Экспедиция мүшелерінің саны – 15 адам. Зерттеп, іздейтін жерлер көп болған соң, топ-топқа бөлініп, РГБ-ның бас ғимараты жанындағы «Шығыстану» бөліміне, Мәскеу түбіндегі Химки қаласындағы газет-журналдар мен сирек қолжазбалар кітапханасына және жоғарыда аталған архивтерге барып, іздеуді бастап кеткен едік. Сол күндер аралығында әр топ құжатқа құжат көмілген жерлерден көптеген мәліметтер, жазбалар, мақалалар, ғылыми айналымға енбеген деректерді тапты. Экспедицияның үшінші және төртінші күндері мен РГБ-ның «Шығыстану» бөлімінде Заңғар Кәрімхан ағамыздың тобында болдым. Ізденіс барысындағы әр каталогтағы қағазды бір-бірлеп қарау кезінде, бәріміздің ойымызда бір үлкен үміт болды. «Алаштың тым болмағанда бір тұлғасының жазған еңбегі табылса екен, есімін ел білмейтін, беймәлім Алаш тұлғасын кезіктіріп қалсақ екен» деген үмітпен Алаш кезеңіне қатысты барлық каталогтарды ақтарып шықтық, яғни, Орта Азия халықтарына тиесілі болған, ретімен қойылған ұяшықтар ішін толық сүзіп шықтық.

Әрине, ол жерге үлкен, сапалы құраммен барған экспедиция мүшелері көп мағлұмат тапты. Тапқан кітаптарға РГБ-ның электрондық поштасы арқылы тапсырыс беріп, алдырттық. Экспедицияның бесінші күні мен газет-журналдар мен сирек қолжазбалардың отаны Химки қаласындағы Ақжол Қадылбекұлының тобына ауыстырды. Осы жерде біз қазақтың төл жазуы – араб графикасында төтеше жазылған, кезінде Қазақстанда шыққан, бірақ, түпнұсқасы сақталмаған газет-журналдарды мүдірмей оқып, танып, электронды нұсқаға тікелей түсірдік. Бұл экспедицияның жоспары бір жыл бұрын дайындалғанын сонда түсіндім. Өйткені, былтыр бізге көптеген курстар оқытты, соның ішінде төте жазу (ескі жазу) курсы да болатын. Соның жемісін Мәскеуде көрдік.

Айтылған мұрағаттардан біраз беймәлім дерек тапқаннан соң, экспедицияның сегізінші күні Мәскеуде тұрған қазақ қайраткерлерінің үйлеріне бардық. Бұл жолы Алтынбек Құмырзақ ағамыздың тобында болып, Т.Рысқұл, Н.Төреқұл мен Н.Нұрмақұлының тұрған үйлерінде болдым. Дәл сол жерлер, сол үйлер маңы біз үшін құнды әрі ыстық. Өйткені, ол жерлер сырға, мұңға толы тарихи жерлер. Біздің ол үйлерге ат басын бұрмай кетуіміз ұят нәрсе. Экспедицияның әр күнін сапалы өткізіп, таңмен таласа оянып, діттеген жерімізге ерте барып, іңірде қайтып, архивтерді қопарып, институтымыздың директоры Ұшқын Сәйдірахман ұстаздың тобында да болдым. Мәскеу архив, кітапханаларын сүзіп, жоқ іздеп, қазаққа қажет, ат басындай алтын дерек таптық!

Сөйтіп, Алашқа қатысты болған мәліметті де, қорымды да, үйді де көріп, тамсана, таңдана ерекше сезіммен және мол олжамен, қанжығамыз майланып елге оралдық. Қазақ үшін аянбай еңбек етіп, қызмет қылып, тер төгіп, адалдық жолында құрбан болып, шаһит кеткен 25 мың Алаш тұлғаларының есім-сойын түгендеп, беймәлімнен мәлім етуді мақсұт еткен, алаштанушы-ғалым, ұстазымыз Елдос Тоқтарбай бастаған жас ғалымдар, жоғарыда аталған институт директоры Ұшқын Сәйдірахман, әдебиет тарихшысы Заңғар Кәрімхан ағаларымызбен бір сапарда болу, мен үшін үлкен жетістік. Осындай мүмкіндіктерге жол ашқан, экспедицияға демеу болған, алашшыл аға-әпкелерімізге шынайы ризашылығымызды білдіреміз.

Алаштың жолы – адалдық жолы. Қазаққа ақысыз, пұлсыз қызмет қылған Алаш азаматтарына тағзым! Жасасын, Алаш, жасасын!

Мадияр БОРАМБАЙ,
«Алаш жолымен: Ресей бағыты» халықаралық
 ғылыми-танымдық экспедицияның мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар