Ақиқат жырдың Арманы

Кешегі Арқаның ақтаңгерлері Ақан сері мен Біржан салдың сарқыты, Көкшенің мақтанышына айналған айтулы айтыскер ақын, жыршы-термеші Арман Бердалинмен өткен жүздесу кешінен жастар қауымы рухани азық алып, ерекше әсермен қимай тарқасты.

Көкшетау қалалық қазақ кітапханасының ұйымдастыруымен өткен «Ақиқат жырдың Арманы» атты жылы жүздесуді белгілі ақын-жазушы, қаламгер Серік Жетпісқалиев жүргізіп, шығармашылық иесінің сан қырлы таланты мен кісілік келбетін жастарға үлгі-өнеге етті, еңбек жолында тағдыр толғыстырып, бірге өткерген кезеңдерін тартымды баяндап берді.

Жалпы, Көкше руханиятының жылы ұясы болған қалалық қазақ кітапханасында осыдан бірнеше жыл бұрын «Туған өлке» жобасы қолға алынып, соның аясында жергілікті ақын-жазушылардың, қоғам қайраткерлерінің еселі еңбегі мен тағылымды туындылары насихатталып келеді. «Айсары», «Қазақ пен арақ», «Жоқ іздеп жүрмін» атты толғаулардың авторы Арман Бердалинмен өткен кездесу кеш те осы жобаның бір парасы. Танымал қаламгердің кездесу кешіне өз туған жерінің талантты перзенттерін тануға ықылас танытып жүрген электронды кітапхана жанындағы «Темірқазық» әдеби-мәдени ұйымы мен Көкен Шәкеев атындағы ақындар мектебінің тәрбиеленушілері, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенттері және кітапхана оқырмандары қатысты.

Іс-шарада оқырман назарына қаламгердің өмір жолы мен шығармашылығынан сыр шертетін кітап көрмесі мен бейнесюжет ұсынылып, ақынның айтыстарынан үзінділер көрсетілді. Көкен Шәкеев атындағы ақындар мектебінің шәкірті Берденбек Мырзат кеш қонағына арнауын арнаса, «Темірқазық» әдеби-мәдени ұйымының мүшелері автордың «Жоқ іздеп жүрмін», «Жүрші әке», «Өкініш», «Аллаға мадақ» тәрізді туындыларынан үзінділер оқыды. Тіпті, жастық жалыны шарпыған Берденбек есімді ақын ініміз бір сәт айтыскермен сөз қағыстырып, синтездік өнердің сынынан сүрінбей өтіп, ағасының ақ батасын алды.

–Мұндай тағылымдық кештердің әсіресе, өскелең ұрпаққа, жастарға тигізер ықпалы зор. Себебі, бүгінгі басқосуда әншейінде ести бермейтін қаншама ұлағатты сөздер, терең мағыналы ойлар айтылды, – деді қалалық ақпараттық кітапханалар жүйесінің директоры, ақын-жазушы Серік Жетпісқалиев.

Шара барысында  кеш қонағы  үлкен сахнаға қадам басқан сәтінен бастап, өнердегі өз естеліктерімен бөлісіп, жастардың қойған сауалдарына жауап берді.

–Өзім тазалық пен тәртіпті жақсы көремін. Осы жасымда мемлекеттік қызметте де, құқық қорғау саласында да қызмет етіп үлгердім. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің полковнигімін. Қазір шығармашылықпен айналысудамын. Күні-түні күрделі бір тақырыпты жазып жатырмын. Соны аяқтап болған соң, қайта қызметімді жалғастыру ойымда бар. Сондықтан, мен отызымда орда бұзып, қырқымда қамал алдым деп айта аламын, – дей келе, оқуға келген студенттік кезеңінде «Көкшетау» газетінің редакциясынан шықпай, қайнаған әдеби ортаның қазанына араласқанын, ақын-жазушы, журналист ағаларының ақыл-кеңесін, тағылымды әңгімелерін көкейіне түйіп кететінін есіне алып, шығармашылыққа ден қойған жастарға сондай әдеби ортаға кіріп, шыңдалуларына кеңес берді.

Тағылымды кешке арқау болған әсерлі әңгіме, сырлы сұхбат, орамды ойлар талай жанға рухани азық болары сөзсіз.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар