Адамның ақ жолы – сенімінде

Қазіргі уақытта адам баласы материалдық жағынан сондай бір қиындық көріп жатқан жоқ десем артық емес, бірақ та, рухани байлық жағынан кейіндеп бара жатқан заман орын алып отыр. Себебі, құндылықтарымыз тек осы материалдық тұрғыдан ғана өлшенетін халге жеттік. Кімнің ғаламтор желісіндегі суретінде мыңдаған лайк пенен комментарийі көп болса, не қалтасындағы ақшасы мол, астындағы көлігі қымбат болса немесе лауызымы жоғары болса, сол ғана озып тұрған жағдайға жетіп тұрмыз. Бірақ та, бұл өмірдің бақыт кілті ол емес. Адам баласы қанша жерден бай болсын, патша атанып, атағы дүркіреп тұрсын, жан дүниесі бос болса, осы байлықтың бәрі бекер.

Әлбетте әр адам өз өмірінің қандай жолмен өтетіндігін өз басы біледі, дегенмен, рухани байлықтың көзі, ол – дін. Неге десеңіз, адамды адам қылып, мінезін жұмсартып, қатайып қалған жүрегін жылытып, әр өмір сәтіне шүкіршілік қылуына, айналасымен жақсы қарым-қатынаста, үлкенге құрметті, кішіге ізетті болуына, ата-анасына қызмет қылуына, әрбір тірі жанға хақысын беруіне, жұмысын әділ істеуіне себеп болған, болып та келе жатқан ата дініміз – Ислам діні.

Осыған орай, ардақты Пайғамбарымыздың (Алланың сәлемі мен игілігі жаусын) хадисін  еске түсірейік: «Адам баласының екі сай толы малы болса да үшіншісін қалап тұрады. Адам баласының қарнын топырақтан басқа еш нәрсе толтыра алмайды». Ал, енді рухани жағынан яғни, ата дініміз Исламнан қалай рухани байлықты аламыз? Ең әуелі ол сіздің ниетіңізге байланысты, сосын діни әрі рухани білімді білікті де даяр мешіт ұстаздарынан алуымыз керек. Ұстаздардың дәрістерінен біз көптеген мағлұматтарды алып, сонау ата-бабамыздан үзіліп қалған дәстүрімізді де біле түсеміз. Шынайы рухани байлықтың нәрін татып жүрген адам өз уақытын тиімді әрі өзгеге пайда тигізсем деген ниетте өткізетін түзу адам. Қазақ ата-бабам бекерден бекер айтпаған «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деп. Осыған орай, қоғамға дін керек, дінсіз адам діңгегі жоқ кесілген ағашпен бірдей. Діні жоқ халықтың өзі азып-тозып, бөгде халыққа жем болады. Ұлы ойшыл, хакім Абай өз өлеңдерінің бірінде:

Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз еш уақытта жалған болмас.
Көп кітап келді Алладан, оның төрті,
Алланы танытуға сөз айырмас, – деп бекерден-бекер айтпаған.

Немесе үш жүздің ханы болған ұлы Абылайдың кеңесшісі Бұқар жыраудың «Он бір тілек» атты өлең-жырында:

Бірінші тілек тілеңіз:
Бір Аллаға жазбасқа.
Екінші тілек тілеңіз:
Ең шұғыл пасық залымның,

Тіліне еріп азбасқа.
Үшінші тілек тілеңіз:
Үшкілсіз көйлек кимеске.
Төртінші тілек тілеңіз:

Төрде төсек тартып жатпасқа.
Бесінші тілек тілеңіз:
Бес уақытты бес намаз,
Біреуі қаза қалмасқа, – дейтіні тағы бар.

Соңында айтқым келетіні,  ата-бабамыздың білектің күшімен, найзаның ұшымен келген асыл мұрасынан өз қара басымызды ойлап, шет қақпай қалмайық. Алла Тағала елімізге амандық, жұртымызға тыныштық бергей!

Әнуар КӨШЕРБАЙ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар