Ақмолалық полицейлерге жаңа автокөліктердің кілті табыс етілді

Тәуелсіздік алаңында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов облыстық полиция департаментіне жаңа автокөліктердің кілтін табыс етті. Жергілікті атқарушы органдардың көмегімен полиция паркі 44 қызметтік автокөлікке ұлғайды.

Полиция қызметкерлеріне арнаған сөзінде өңір басшысы жаңа автокөлік полицейлерге қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау үшін берілетінін атап өтті.

–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтып өткеніндей, қоғам дамуында заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету айрықша маңызды. Ендеше, сіздер әрқашан анттарыңызға, «Ел қорғаушысы» деген абыройлы сөзге адал болып, мемлекет пен халыққа аянбай қызмет етесіздер деп үміттенеміз. Жаңа қызметтік көліктердің келуі қылмысқа қарсы күресте белгілі бір табыстарға жетуге септігін тигізеді. Біз үшін әрқашанда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жол қозғалысы ережелерін сақтау басты міндет болып қала береді. Сіздер бұл міндеттерді мүлтіксіз және жауапкершілікпен орындайтындарыңызға сенімдімін, – деді Марат Ахметжанов.

Сондай-ақ, өңір басшысы жаңа жылдық мереке күндері полицейлер ең жауапты миссиялардың бірін орындайтынын – халықтың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ететінін және күшейтілген режимде қызмет атқаратынын атап өтті.

Салтанатты шарада жаңа автокөліктердің кілттері облыстық патрульдік полиция батальоны мен департаменттің арнайы бөлімшелерінің жетекшілеріне, сондай-ақ, әкімшілік полиция басқармасы мен кинологиялық қызмет орталығының басшыларына табысталды. Полицейлердің айтуынша, алдағы күндері Chevrolet Cobalt маркалы 25 жаңа патрульдік автокөлік облыстық және республикалық трассаларды алғашқы патрульдеуге шығады. Осы маркадағы тағы 7 автокөлік стандартты түрде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу үшін ведомствоның жедел қызметтеріне берілді.

Сонымен қатар, автопарк белгіленген стандарттарға толық жауап беретін, қажетті техникалық құралдармен жабдықталған және құқық қорғау органдарына қоғамдық тәртіпті бұзушылықтарға жедел ден қоюға мүмкіндік беретін «Jac» маркалы 5 көлікпен толықтырылды. Полицейлердің арсеналында жаңа эвакуатор мен қызметтік иттерді тасымалдауға және арнайы бөлімшелерге арналған көлік бар. Цифрландыруды дамыту шеңберінде патрульдік полиция қызметкерлеріне құқық бұзушылықты автоматты түрде тіркеуге мүмкіндік беретін «Автоураган» бағдарламалық кешені орнатылған «KiA» маркалы екі автокөліктің кілттері табысталды. Көліктерді тапсыру рәсімінен кейін облыс әкімі Марат Ахметжанов пен полиция департаментінің бастығы Нұрсұлтан Мұқашев жаңа автокөліктерді қарап, техникалық сипаттамалармен танысты. Іс-шара соңында өңір басшысы департаменттің жеке құрамына тағы да жүгінді.

–Кез келген құқық бұзушылық жазалануы тиіс, ал, азаматтарды заңдылықты сақтауға тәрбиелеу қажет. Ақмола облысы мен Көкшетау қаласы еліміздің ең қауіпсіз өңірлерінің біріне айналуы тиіс, бірақ бұл үшін полицейлер өз қызметін адал атқаруы керек, – деді өз сөзінде Марат Ахметжанов.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар