Тіршілікті көретін қос жанарыңызды сақтаңыз!

Көз – адам мүшесінің басты айнасы. Қазіргі таңда елімізде көз ауруларының түрлері де, таралуы да өте көп және ол жас сәбилерден бастап қарт адамдарға дейінгі аралықты қамтиды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, бүкіл әлемде зағиптар санының өсу тенденциясы байқалады: 20 жыл ішінде мұндай адамдар саны 12 миллионға өскен. Қазақстанда 160 мың зағип және нашар көретін адамдар тұрады, олардың 86 мыңы ғана арнайы тіркелген.

Қазақстан Республикасында глаукомамен сырқаттанушылық соңғы 10 жылда 25 пайызға өссе, мүгедектік 3,7 есе артып,  бүкіл аурулардың бесінші орыннан екінші орынға көтерілді. Ресми статистика деректері бойынша Қазақстан Республикасында бастапқы көру мүгедектігі құрылымындағы глаукоманың үлесі 15 жылда 5 есеге өсті. Осы адамдардың 80,2 пайызы I-II топтағы мүгедектер, 40 пайызы бастапқы мүгедектер.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша қазіргі уақытта әлемде глаукомамен ауыратын 105 миллионға жуық адам бар. Олардың ішінде екі көзі де көрмейтіндері 9,1 миллион. Дегенмен, негізгі проблема,глаукомамен ауыратын науқастардың саны Денсаулық сақтау министрлігінде ресми тіркелгеннен екі есе көп. 124 мыңға жуық пациент есепте тұр. Қазақстанда глаукомамен 40 жасқа толмаған адамдардың ауыруы жиі кездеседі.

Қазіргі таңда  офтальмологтар қандай дабыл қағып отыр? Есте сақтау керек, кез-келген ауруды емдегеннен ерте анықтап,алдыналу оңай. Глаукомамен ауыратын науқастардыда диспансерлік бақылауға алу жұмыстары тиянақты жүргізілуі тиіс.

Денсаулық сақтау саласында халыққа профилактикалық білім беру орта медицина қызметкерлерінің міндетті қызметтік борышы болып табылады. Медбикенің негізгі міндеттерінің бірі – адамды саналы түрде салауатты өмір салтын ұстануға және ауруды ерте сатысында уақытылы анықтауға сендіру.

Осы орайда, глаукома ауруының асқынуының алдын алу  жөнінде Көкшетау қаласындағы «VIAMEDIS» ЖШС-інде 2023 жылдың қыркүйек және қазан айларында тұрғындар арасында сауалнама өткізілген болатын. Сауалнама барысында 60 адам: 38 әйел және 22 ер адам сұралды. Респонденттердің орташа жасы – 46-60 жас.Сауалнама қорытындысы бойынша науқастардың 85 пайызында (51 адам) глаукоманың ашық бұрышты түрі, 13 пайызында (8 адам) жабық бұрышты және 2 пайызында (1 адам) тар бұрышты түрі анықталды. Сауалнамаға қатысқан адамдардың 78 пайызы, яғни, 47 адам күн сайын көз тамшыларын тамызады. Респонденттердің 53 пайызы немесе 32 адам ауру туралы ақпаратты оларға медицина қызметкерлері жеткізетінін атап өтті Бұл жағдайда дәрігер пациенттен оның шағымдары туралы егжей-тегжейлі сұрап, көру өрістерін зерттеп, глаукомаға күдік болса, қосымша зерттеулер тағайындауы керек. Көру өрістерін міндетті түрде жүйелі түрде зерттеу белгілі бір қызмет салаларында жұмыс істейтін адамдарға (әскери ұшқыштар, сүңгуірлер, автобус жүргізушілері және т.б.) жүргізіледі. Сондай-ақ, отбасында глаукома ауруы бар адамдарға (ата-аналары, ата-әжелері, бауырлары) үнемі тексеріліп тұру ұсынылады.

Қорытындылай келе айтарымыз, қазіргі таңда Көкшетау қаласындағы жоғары медициналық колледжі осы аурудың алдын алып, емдеу шараларын ұйымдастыратын арнайы мейіргер мамандар даярлауда. Әрбір мейіргердің денсаулық саласындағы басты міндеті емделушілердің сауығып кетуіне мүмкіндік туғызуға ат салысу. Сондықтан, баршамыз болып осы аурудың алдын алуымыз керек.

Гүлдарай Габбасова,
Көкшетау жоғары медициналық колледжінің студенті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар