КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Астана қаласында адамдарды өрттен құтқару кезінде қаза болған өрт сөндіруші Асқар Забикулинге Көкшетау қаласында ескерткіш орнатылды.
Ескерткіш меценат Руслан Іргебаевтың бастамасымен және Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен тұрғызылған. Оның ашылуына Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов, ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор Бауыржан Сыздықов, Асқар Забикулиннің отбасы, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері және жеке құрамы қатысты.
«Асқар ерлігімен Отан алдындағы азаматтық борышына адалдығын көрсетті. Оның есімі мен жарқын бейнесі қазақстандықтардың жүрегінде мәңгі қалады. Асқардың ерлігі мен батылдығы бүгінгі жастарға үлгі-өнеге болары сөзсіз. Ол жақсы іні ғана емес, жақсы әріптес, жақсы жолдас бола білді. Інімнің аруағына осындай құрмет көрсетіп отырған азаматтарға, отбасы атынан шынайы алығысымды білдіремін», — деді өрт сөндірушінің туған ағасы Елдар Забикулин.
Ескерткіш Көкшетау қаласындағы Әуезов көшесінің бойында орналасқан алаңқайда орнатылды.
Айта кетейік, Ақмола облысының тумасы Асқар Забикулин 2022 жылдың 16 қарашасында елордада болған өрт кезінде өз өмірін құрбан етіп, жанып жатқан оттың ішінен тұрғындарды алып шығып, ерлікпен қаза тапқан еді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Астана қаласындағы көшелердің біріне Асқар Забикулиннің есімі беріліп, бюсті орнатылған болатын. Бұдан бөлек, Астанадағы №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында да оның ескерткіші орнатылған, бұл бөлім өрт сөндірушінің есімімен аталады.
Дереккөз: kaz.inform.kz