Тәрбиешілердің жалақысын көтеру ұсынылды

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының кезекті отырысында сенатор Талғат Жүнісов арнаулы білім беру ұйымдарының, оның ішінде оңалту орталықтарының тәрбиешілеріне қосымша ақының жоқтығы туралы Үкіметке депутаттық сауал жолдады.

Сенатор арнайы мектепке дейінгі ұйымдардағы орындардың тапшылығын да атап өтті. Оның айтуынша, еліміздің 11 өңірінде 29 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация орындарын ашу қажет.

– Арнайы балабақша мен мектептерде оқыту сапасы дұрыс бақыланбайды. Интеллектісі бұзылған балаларға арналған мектеп түлектерін жұмысқа орналастыру деңгейі өте төмен. Арнайы педагогтар, әсіресе, сурдо мен тифлопедагогтар тапшы және олардың біліктілігін арттыру курстары жетіспейді. Сонымен қатар, өткен жылдың 1 қыркүйегінен бастап Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес, педагогтардың жалақысын 30 пайызға арттыру тізіміне арнайы мектептер мен мектеп-интернаттардың, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған күндізгі топтары бар оңалту орталықтарының тәрбиешілері мен қызметкерлері кірмеген, – деді сенатор.

Депутат қазіргі жағдайда бұл білікті және тәжірибелі кадрлардың кетуіне әкелуі мүмкін деп алаңдаушылық білдірді.Талғат Жүнісов осындай жағдай әлеуметтік қорғау жүйесінде де байқалып отырғанын, онда балаларға арналған 21 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, сондай-ақ, 98 жартылай стационар жұмыс істейтінін атап өтті.

– Республикалық бюджетті нақтылау кезінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын іске асыратын арнайы білім беру ұйымдары тәрбиешілерінің жалақысын көбейту керек. Сондай-ақ әлеуметтік қорғау жүйесінде білім беру, түзету және балаларды тәрбиелеуді жүзеге асыратын медициналық-әлеуметтік мекемелерде жұмыс істейтін педагогтар үшін «Педагог мәртебесі туралы» заңға сәйкес мәртебе беру мүмкіндігін қарастыру керек, – деді Талғат Жүнісов.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар