Көлге де келісті күтім керек

Көрікті Көкшетау өлкесі қолдың саласындай ақ қайың мен мәңгі жасыл қарағайлары қаулай өскен орман-тоғайымен көрікті. Осы бір әдемі суретке қисапсыз көгілдір көлдерді қоссаңыз, сұлулық кенересі мелтектеп тұрар еді.

Көрген жанның көзін қуантатын көркемдік пен сол бір ғажайып дүниенің астарында бұғып жатқан ен байлық толайым ел игілігіне жарап, несібесіне айналса, бір ғанибет. Бүгінде өңірде 615 жергілікті маңызы бар су айдыны тіркелген. Сулы жер – нулы жер. Әйтсе де бір кезде қоры сарқылып, сабасы кеміместей болған су байлығы жыл өткен сайын жүдеп, азайып келеді. Айталық, 1959 жылы жарық көрген «Тың аймағындағы жерүсті су қорлары» деп аталатын еңбекте бұрынғы Көкшетау облысының аймағында үлкенді-кішілі 1515 көл болғандығы тайға таңба  басқандай анықтап жазылған. Кейін әкімшілік-аумақтық өзгерістен соң қосылған Қорғалжын өңіріндегі көп көлді қоссаңыз, су айдынының саны әлдеқайда өсе түсер еді. Бұрынғы Көкшетау аумағындағысының өзі 1320 тұщы көл. Әттең, экожүйенің қадірлі бір бөлігін күтіп ұстау қолға алынбағаны қынжылтады. Осы тарапта зерттеу жүргізген мамандардың есебіне қарағанда, көптеген кішірек көлдер жер бетінен жоғалып кеткен. Бүгінгі күні де ондаған көлдің табаны тайызданып, қамыс басып, батпаққа айналуда. Көкше көлдерін саралай қалсаңыз, далалық және таулы-қыратты өңірлердің су көзі санатында. Көбінің суы тайыз болып келеді. Тайыз көлдер өткен жылғыдай құрғақшылық жылдары жағалаудан жылдам қашып, кеуіп кететіні бар. Буға айналып ұшып кету шамасы бір жылдық жиналған судың 60-70 пайызына дейін жетеді екен. Екінші топтағы таулы-қыратты аумақтардың көлдері керісінше, біршама терең әрі суы мол болып келеді. Негізінен, тұщы. Әулиекөл, Айнакөл, Зеренді, Шалқар, Имантау тәрізді көлдердің қоры әлі де мол.

–Табиғаттың күрт өзгергендігін көзіміз көріп отыр, – дейді жанашыр жанның бірі Алпысбай Тұрсынбаев, – осыдан 50-60 жыл бұрын даладағы күміс көлдер шарасынан аса шүпілдеп суға толып тұратын. Ауылымыздың жанындағы Ақкөлдің балығы қандай еді, шіркін! Жалғыз Ақкөл ғана емес, өзге көлдерде де балық көп болушы еді. Қазір ен байлық көзден бұл-бұл ұшты.   Ел іргесіндегі томарлар қандай еді. Қазір соның бәрі құрғап, жыл өткен  сайын су тапшылығы сезілуде. Жаздың күндері мал суарудың өзі қиын шаруаға айналды.

Ақсақалдың айтуына қарағанда, ақ айдынның суалуы тың игеру дәуірінде бастау алған. Жыл сайын қар суымен құнарланып, бұлақ суымен берекесі кіріп қоректенетін көлдерге төнген нәубет осы тұста келген сыңайлы. Ақ айдындардың жағалауы егін көлемін кеңейту жоспарының көбеюі себепті ту-талақай жыртылып, табиғи су көздері бітелген. Қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта бар суы буланып ұшып жатқандықтан, кенересі кеми береді де. Осы тұста ел жанашырының пікіріне құлақ түрелікші. Мәселен, күміс көлдерді қалпына келтіру үшін көлдерге жақын жерлердегі бітеліп қалған бұлақ көздерін ашып, қызыл су жүрген уақытта қар суының көлге қосылатын жыраларын аршыған жөн. Бәлкім, сонда ғана баға жетпес байлығымызды сақтап қаламыз.

Негізгі әңгіме көл күтімі хақында. Бүгінде 452 су айдыны 330 табиғат пайдаланушыға бекітіліп берілген. Әзірге иесіз жатқаны 163 көл. Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының құзыретімен жоғарыда аталған табиғат пайдаланушылардың балық шаруашылығын жүргізуге арналған шарт бойынша міндеттемелерін қаншалықты орындайтынына тұрақты мониторинг жүргізіліп отырылады. Өз міндеттерін мұқият орындамаған табиғат пайдаланушыларға уақытында ескерту жасалады. Жағдай насырға шапса, келісім-шарт бұзылады. Өткен жылы табиғат пайдаланушылар өз міндеттерін дұрыс атқармағандығынан, 37 су айдынын пайдаланушылар балық шаруашылығын жүргізу құқығынан айырылды. Осы арада екпін түсіріп айта кететін бір жай, көл күтімсіз болса, келешегіне қауіп. Мәселен, далалық көлдер тайыз болғандықтан, қыс айларында балыққа оттегі жетпесе, түгел өліп қалуы да ғажап емес. Табиғат пайдаланушылардың барын сүзіп алсақ болды, кейін балық түгіл бақа өрістемесе де мейлі деген тәрізді ниеттерін осы арадан айқын аңғаруға болады. Ең алдымен оларды көл тағдыры ойландыруға тиісті. Әр жыл сайын балық шаруашылығымен айналысқан соң шартта көрсетілгеніндей, дернәсіл жіберіп, балық қорын молайту өз алдына бір әңгіме. Қазір біз осындай немқұрайлықтың салдарынан бар балықтың өзінен айырылып қалуымыз мүмкін.

Ағымдағы жылы өңірде балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы бойынша тауарлы балықты өсіру көлемі 1269 тоннаны құрайды. Осы арадағы шаруаны сәл ғана талдайтын болсақ, 2023 жылдың 1 шілдесінен 643 тонна балық өндірілді. Көлі көп болғанымен, бағалы балық өсіру бағытында белгілі қиындықтар жетіп артылатын біздің өңір үшін тәп-тәуір көрсеткіш. Табиғат пайдаланушылар су айдындарын балықтандыру міндеттемелері бойынша 29 083 950 дана тұқы және ақ саха балықтарының дернәсілдерін әкеліп, өз көлдеріне тоғытты. 540 154 дана тұқы шабақтарымен және екі мың дана тұқы балығының бір жылдық балығымен балықтандыру жұмысы ойдағыдай жүзеге асырылды.

Көл күтімі туралы әңгіме қозғағаннан кейін осы бағытта атқарылып жатқан шаруаны да айта кетуіміз керек. Инспекция қызметкерлерлері өткен жыл ішінде 425 рейд ұйымдастырып, 255 тәртіп бұзушылықты анықтаған. Нәтижесінде 245 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Құқық қорғау органдарына 6 әкімшілік материал жолданған, 16 әкімшілік материал сотқа жіберілген. Тәртіп бұзушылардан 262 келі балық тәркіленген. Жыл басынан бері браконьерлерге 4 864 500 теңге көлемінде айыппұл салынып, оның 4 165 200 теңгесі өндірілген.

–Инспекцияның материалдық-техникалық базасы жыл өткен сайын жақсарып келеді, – дейді Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Нығмет Қауашев, – жаңа автокөлік пен тіркемесі бар қарда жүретін көлік сатылып алынды. Инспекция қызметкерлеріне арналған қызметтік киім, бейнетіркегіштер, өзге де құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Біз үшін өте қажетті судағы оттегінің құрамын анықтайтын 3 құрал алынды. Осындай жанашырлық шаруамызды оңға бастыратыны сөзсіз.

Табиғаттың ай дидарына кіреуке түсірмеген ләзім. Демек, кәсіпкерлікті өрістетеміз дегенімен, су қадірін білмегеннің көлді күтіп жарытпайтынын да көз көруде. Бір жылдың ішінде табиғат пайдаланушылардың  37-сімен жасалған келісім-шарттың бұзылуы осындай байламға жетелейді. Келер ұрпақтың қамын ойласақ, көлді күтімсіз қалдырмайықшы.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар