Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тәрбиенің сиқы - АРҚА АЖАРЫ

Тәрбиенің сиқы

Көптен ат ізін салмаған ауылға, түп нағашымызға барғанбыз. Көптен көріспегендіктен бе, құшағын жайып қарсы алып, қуанып қалды. Жаман тұмаудан кейін жүздесу сиреп кетті ғой. Қала тұрмақ, ауылда да дидарласа бермейді.

Әдейі іздеп келген жиендерін қауқылдай қарсы алған нағашымыз шаруа жайын ыңғайлап бола бере, асқа қараңдар деген мезірет білдірді.

–Қазір мал соямын, – деді ол.

Асығыстау болсақ та, үлкен кісінің сөзін далаға тастамайық деп қаңтарылдық. Әне-міне дегенше, ас та дайын болған. Серке сойыпты. Ертеректе, ит басына іркіт төгілген заманда біздің ел ешкіні түлік санатына қоспайтын. Мал атаулының қадірсізі де ешкі еді. Егер қонаққа ешкі етін асса, тұқымы жарымаған деп күстәналап отыратын. Жаз бойы жайылымда болған серкенің еті аппақ.

–Ас алыңдар, – дейді нағашым қайта-қайта, – күзде ешкі еті дәмді болады, әбден піскен кезі ғой. Әнеу күні теледидардан естідім, ағзаға пайдалысы да осы ешкі екен. Қой жарықтықтың аузы жете бермейтін қияндағы шөпті, ағаш жапырағын теріп жейді емес пе?

Сірә, ешкі етін асқан айыбын жуып-шайғаны шығар деп тіс жарған жоқпыз. Бұрынғы ауылда ешкі атаулы көктемде қорадан шыққан соң қашан қоңыр күз келгенше қотанда жататын. Ешкім осы менің ешкім бар еді-ау деп басқа ұрып санап, іздемейтін. Алғашқы қар жауғанда ғана қораға қамайтын. Ол тұста  өсімтал түлікті әжелеріміз түбіті үшін ғана бақты.

Дастархан басында отырғандардың ешқайсысы мәндеткен жоқ. Біртүрлі тояттап отырған адамдар тәрізді. Нағашымның баласы Әбу ғана ет жеуден жарысқа қатысқан спортшы құсап ұмсынып отыр. Әбу жасы отызға жуықтап қалған, екі иығына екі кісі мінгендей денелі жігіт. Нарттай жүзі алаулап, самайынан сорғалаған ащы тері омырауына құйылып, серкенің етімен алысып отыр.

–Ту, өздерің түк жеп жарытпадыңдар ғой, – дейді нағашым, – мына Әбуден басқаларың қайрат көрсете алмадыңдар. Әй, осы айналайын ғана атасына тартқан.

Атасын көрмесек те, аңызы жеткен. Біздің солтүстік өңірде жиын-тойда, құдалықта ет жеудің өзі кәдімгідей өнер саналатын. Егер қонақ күткен үйдің табағын бос қайтарса, сүйекке таңба. Ауыл үйдің адамдары құдалыққа Әбудің атасын алып барады екен. Ол кісі ұрпағы Әбудей емес, жұқалтаң ғана адам болыпты. Әйтсе де сынға түскенде қайраттанып кетеді екен. Тіпті, бір қойдың етін жалғыз өзі жеп кеткен кездері де болған деседі. Жалғыз ет қана емес, қарынға салған майды да алақанымен сығымдап-сығымдап жұтып жібереді екен. Әбу сол атасынан қалған көз.

Мана біз ат басын іріккенде үй іргесінде тау-теңіз болып аққайыңның кесінділері жатқан. Ішімізге ел қонған соң нағашымызды қажап жатырмыз.

–Қыс болса келіп қалды, анау отынды жармайсыңдар ма? – дейміз дағы.

–Көрші поселкедегі жігіттердің қолдары тимей жатыр. Бірер күннен соң келеміз деген.

Серкенің етін жалғыз өзі жеген Әбу неге жармайды деп сұрағымыз келсе де, тіс жара қойған жоқпыз. Нағашымыз өзі айтты.

–Қара жұмыс адамды қажытып жібереді. Одан да ақшасын төлеп, жарғызғанымыз жөн, – деп ақталды ол.

Қанша келіп жүрсек те осы Әбудің шыбық басын сындырғанын көргеніміз жоқ. Қазір баласын желге, күнге тигізбей, үлпілдетіп бағу көбейген. Қара жұмыс істеткісі келмейді. Бұрынғылар шаруа қамын ойлап жүріп қайыңның безіндей болып шынығушы еді. Елуі жабылып ешкі жыға алмайтын әлжуаз ұрпақ қайдан шығады дейсіз. Алдына азын-аулақ мал біткен нағашымыздың көзі тайса, Әбудің көрген күні не болар екен?!

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар