Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Дәуірдің дарабоз ақыны - АРҚА АЖАРЫ

Дәуірдің дарабоз ақыны

–  Қазақтың ұлы болып туған соң, Қазақтың мұңын мұңдап,  жоғын жоқтау менің басты парызым. Мен өз дәуірімнің жыршысымын, ақынымын деп ойлаймын!– дейді Алмас ақынның өзі. Шынымен де, Алмас Темірбай  халқының алғысына бөленген, бүгінгі дәуірдің дарабоз ақыны десек асыра айтпағандығымыз. 

 

Күні кеше облыс орталығындағы Ш.Құсайынов атындағы Көкшетау қазақ-музыкалық драма театрында  өткен «Алып елім Алашым» деп аталатын әдеби-музыкалық композиция осының тағы бір дәлелі болғаны анық. Қойылымды тамашалап, өзінің ақжарма тілегін білдірген Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова Алмас ақынның 45 жасқа толуына орай, ағымдағы жылы жоспарланған іс-шаралар облысымыздың аудандары мен қалаларында жүйелі түрде жыл бойы өткізіліп тұратындығын, бұл іс-шара сол мәдени шаралардың тек бастауы ғана екендігін баса айтып, кеш иесін құттықтап, жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағының Ақмола облыстық филиалының директоры, ғалым, ақын-жазушы Ерболат Баят пен сот саласының ардагері Мейрам Ғибадилов ағамыз да жыр кешінен алған әсерлерімен бөлісіп, Алмас ақынға алғыстарын білдіріп, ақжарма тілектерін арнады.

Иә, рас, айт-айтпа жақсы жыр адам жанын сауықтырады, емдейді, жүректегі шерді тарқатады, бүгінгі сәнге айналған сөзбен айтар болсақ, адам жанының терапиясы. Әсіре айтқандық емес, біздегі пайым жақсы өлең өлмейдіге саяды.  Осындай мәңгі өлмейтін өміршең өлең Алмас Темірбайға тиесілі екендігін зор сеніммен айтуға болады.  Қойылымды тамашалай отырып, біз адам ғұмырының белес-белесін басымыздан өткергендей, өлең болып жылап, өлең болып қуанып, сол періште пәк көңілдің қанатында бірде шарқ ұрып, бірде шарықтай бердік. Осы орайда өлеңді жүрекпен оқып,  көрерменіне шеберлікпен жеткізе білген актерлердің өнеріне де тәнті болдық. Сахна шымылдығы ашылысымен жүректі тербей жөнелген «Көктем» деген өлеңінде:

Көктем, сен қашан келесің?!
Мен сені сағындым…
Күн нұры ойнаған күніңді сағындым,
Бұлбұлы сайраған түніңді сағындым,
Бәйшешек, сарғалдақ, жауқазын, қызғалдақ,
Жыл сайын теретін гүліңді сағындым…

…Қар басқан қайыңның шынтағы тұр сынып,
Теңселген теректер түнімен күрсініп.
Ақ қардың астында жатыр ғой қаншама,
Көктемге жете алмай, о, қанша, тіршілік?!.

… Сұлу жырдың жылуы да көктемнің шуағындай! Жүрегіңе қыр гүлін толтырып, сұлулыққа іңкәр ете түседі.   Албырт сезім, аппақ арман, тәтті мұң, жырға ынтызар көңілді бір серпілтіп тастағандай күйге бөлейді. «Алло, тыңдап тұрмын», «Қыз күнделігінен» өлеңдері де көрермен көңілін бір серпілтіп тастады. Іс-шара барысында орындалған әуезді әсем әндер де  жүректі тербеп, көңілді көктем етті.

… Иә, өмірдің өзі кездесу мен қоштасудан өкініш пен бақыттан, кеудеңе сағыныш боп тұнатын, көңілден кетпей тұратын ыстық естеліктерден құралады.  Алмас ақынның «Ескі альбом» деп аталатын өлеңі де бізді осындай ойға жетелейді.

…Қайшы. Желім. Қағаз. Сурет. Ескі альбом.

Ескі альбомда – өткен ғасыр… жас дәурен, –

деп басталатын өлеңде өмірдің өзі тұнып тұрғандай. Шынында да,  қимастықпен қарайтын, бақытыңа балайтын сәттердің астарында өткенің мен өкінішің, болашағың мен арман бастауың қылаң беретіні бар. «Б/у жүрек сатамын», «Ертең сенбі»,  «Ана тілдің ертеңі», «Жасанды әйел» өлеңдерінде замана запыраны, бүгінгі қоғамның бүкпесіз бейнесі өрнектеледі. Ақын жаны теңізден терең тағылымға, ұрпаққа өнеге болар тәлімге толы екендігін өлеңінен-ақ аңғаруға болады емес пе?

Иә, ән мен жыр тұнған тамаша қойылым барысында  көрермен бірде жылап, бірде күліп құбылған көңілді әнмен көмкеріп,  мына бейопа тірліктің сансыз сұрақтарына жауап іздеп жүрегімен сырласты, толғанды, ойланды.  Өз көрерменін ойландыра білген, өлең сүйген жүрекке ой салдырған тамаша жырлардың иесі әрине, сөзсіз бүгінгі дәуірдің жыршысы, бүгінгі дәуірдің дарабозы екендігі анық. Жазарыңыз көп болсын, Алмас ақын!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар