— Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде мектеп оқушылары мен орман инспекторлары бірлесіп, құстарды қоректендіру үшін жем салатын астау орнату акциясын өткізіп жатыр.
«Бурабай» МҰТП баспасөз қызметінің мәліметінше, құстарға қамқорлық жасауға бағытталған игі шараға екі ай ішінде Бурабай, Бұланды және Біржан сал аудандарындағы 23 мектептен барлығы 150-ден астам оқушы қатысқан.
«Мектеп оқушылары оқушылары мен орман инспекторлары бірлесіп „Бурабай“ МҰТП аумағында құстарға жем салатын 62 астау орнатты. Сонымен бірге, осындай астауларды саябақ аумағынан бөлек, жаяулар жолы мен туристік бағыттардан да кездестіруге болады. Орманшылар бұл астауларды күтіп, тазалап отырады және қанатты достарға жем салады», — дейді «Бурабай» МҰТП баспасөз қызметінен.
Экологиялық ағарту жөніндегі маман Жанар Айтмағанбетованың айтуынша, табиғатты сақтауға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған акцияға қатысушылар саны жылдан жылға артып келеді.
Мұнда оқушылар табиғатпен байланысып, құстардың алуан түрі мен оларды қорғаудың маңызын түсінеді.
«Бастапқыда торғайлар бізден үркіді, кейін үйреніп кетті. Мұнда құстардың бірнеше түрі бар, олардың түрі де, түсі де бір-біріне ұқсамайды. Қыста оларға жем-азық табу қиын. Сол себепті біз оларға үнемі қамқорлық жасауымыз керек», — дейді Сәкен Сейфуллин атындағы мектептің оқушысы Алдияр Ермекбаев.
Еске салайық, биылғы қысқа «Бурабай» ұлттық паркінде 470 тонна шөп және 135 мың бума жапырақ дайындалған.