2 ақпан Қазақстанда жаңа ресми мереке – Ұлттық басылым күні аталып өтеді. Мереке мерзімінің бұл күнге белгіленуі бекер емес, ғасырдан астам уақыт бұрын дәл осы күні отандық кәсіби журналистикаға жол салған «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарияланған еді.
Аталған басылымда қазақ мәтедиеті мен ғылымына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар – Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов және Мыржақып Дулатұлының туындылары жарыққа шықты.
Осы айтулы күні, Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы басшылығының облыстық «Арқа ажары», «Акмолинская правда» және қалалық «Көкшетау», «Степной маяк», «Көкшетау бүгін», «Любимый город» газеттерінің директорлары, бас редакторларымен кездесуі өтті.
Мерзімді баспа басылымдарының өкілдеріне алғыс хаттар табыстай отырып басқарма басшысы Алмас Алин «Баспа журналистикасында әрқашан шығармашыл, талантты, өзекті мәселелерге бейжай қарамайтын, қоғам алдындағы жауапкершілігін түсінетін адамдар жұмыс істейді. Олардың арасында көрнекті жазушылар, ақындар, драматургтер бар. Сондықтан баспа сөзіне деген сенім жоғары, ал журналист, тілші мамандығы үлкен құрметке ие», — деп атап өтті.
Кездесу баспа БАҚ-қа қатысты өзекті мәселелерді талқылауға тамаша мүмкіндік берді. Ішкі саясат басқармасының өкілдері мен журналистер медиа саланы, журналистік этиканы дамытуға, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты мәселелерді талқылады. Кездесу барысында баспа басылымдарының қоғамдық пікірді қалыптастырудағы маңызды үлесіне, сондай-ақ олардың халық арасындағы ағартушылық рөліне ерекше баға берілді.
Қалам және баспа сөзінің шеберлері атап өткендей, мұндай іс-шаралар билік пен баспа басылымдары арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға ықпал етіп, қоғам мүддесін қорғау жолындағы сындарлы диалог үшін алтын көпір қалыптастырады. Сондай-ақ объективті ақпарат пен қоғамдық ашықтыққа қол жеткізуді қамтамасыз етудегі ақпараттық процестің барлық қатысушыларының бірлігі мен өзара іс қимылының маңыздылығын еске салады.
Жалпы атап айтсақ, Ақмола облысында жұмыс істеп тұрған 76 БАҚ тіркелген, оның ішінде баспа БАҚ – 57, онда 47 газет пен 10 журнал бар. Мемлекеттік емес БАҚ-тың үлес салмағы шамамен 90% құрайды.