Ғазиза ғұмыр, гәкку-бейне

«Әншінің ақиық асылы, жезтаңдайы, гәкку үндісі» деп белгілі композитор Еркеғали Рахмадиев өнеріне биік баға берген дархан даланың бозторғайы – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Жұмекенованың ғазиз ғұмыры былтыр үзіліп кетіп еді. «Көмейіне бұлбұл ұя салған» әншінің 70 жылдығына арналған еске алу кеші өзі еңбек еткен Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында жоғары деңгейде өтті. 

Бар өмірін өнер жолына арнаған Ғазиза Жұмекенованың есімі қалыңАқмола, Көкше жұртының есінде. Халық әндерімен қатар, Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Естай, Мұхит, Әсет, Нұрхан әндерін, одан бергідегі Ш.Қалдаяқов, А.Бейсеуов, Н.Тілендиев,А.Еспаев, С.Кәрімбаев, К.Күмісбеков,Е.Хасанғалиев және басқа да танымал қазақ композиторлардың әндерін нақышына келтіріп, жүрегінен өткізіп, ерекше сезіммен, өзіндік бояуымен орындаған Ғазизаның сазды үні тыңдарманының жадында мәңгі сақталары сөзсіз. Жоғарыда атап өткеніміздей, танымал композитор, Кеңес Одағының Халық әртісі Еркеғали Рахмадиевтің берген жоғары бағасы осыған куә. Сонымен қатар, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Фариза Оңғарсынова мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Кәкімбек Салықов та Ғазиза Жұмекенованың әншілік дарынын қастерлеп, құрметтеген еді. Ал, әншіге бәрінен бұрын халықтың зор ықыласы мен қошеметі қастерлі болған-ды…

Туған топырағы қарт Торғай да, Қостанай да, Ақмола да, Көкше де өз қызымыз, өз талантымыз деп еркелеткен Ғазиза әнші шырқаған халық және қазақ композиторларының әндері өзіндік бояуымен, айрықша нақышымен есімізде сақталады. Шығармашылық ғұмырының мағыналы да сәулелі шағы Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында өтті. Кеште Арқаны әнімен тербеткен Ғазиза Жұмекенованың сүйіп орындаған шығармаларынфилармонияның К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі сүйемелдеп, «Құрмет» орденінің иегері Тұрлығожа Базаров, Руслан Қойшыбаевтар дирижерлік етіп, осы ұжымның әншілері әсерлі орындап шықты. Күміс көмей әншінің еске алу кешін бауыры, мәдениет саласының үздігі, жазушы, Әдебиет және өнер музейінің ғылыми қызметкері Нұрболат Әлменов жүргізді.

Жарты ғасырға жуық халқының қошеметі мен құрметіне бөленіп, соны  жоғары бағалап, бақыт санап өткен Ғазиза Жұмекенованы еске алу кешінің шымылдығы әдемі бейнекөрініспен ашылып, К.Салықовтың сөзіне жазылған «Аққуым, айдыныңа оралдың ба?», М.Әлімбаевтың «Ақсұңқарым» әндерімен жалғасты. Бұл әндерді филармония әншісі Аякөз Қалмағанбетова оркестрдің сүйемелдеуімен орындады.

Кеште әншінің репертуарынан таңдап алынған «Тілеп баба қобызы», «Ақмаңдайлым», «Бүлдірген қыз», «Көгілдір Көкше», «Айқаракөз», «Қайран, менің жүрегім» тәрізді әндер шырқалып, бұл шығармаларды Қазақстанның мәдениет қайраткерлері Жанат Есов, Гүлжан Ахметова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова, талантты әншілер Саида Сағди мен Жанар Сақтағанова нақышына келтіре орындап, халықтың зор қошеметіне ие болды.

Кеш барысында әншінің бауыры Нұрболат әпкесі Ғазиза Жұмекенованың біраз концерттік кештері осы филармонияның К.Күмісбеков атындағы халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен өткенін, Ш.Қалдыаяқов атындағы байқауға барып, шымкенттен «Ақмаңдайлым» әнімен лауреат атанып келгенін есіне алды.

–Шымкенттегі сол байқауда Роза Бағланова апамыз қазылар алқасында болып, өзіне жазылған осы «Ақмаңдайлымды» орындағаны үшін Ғазиза Жұмекеноваға өз дауысын беріп, лауреат атанып келіп еді, – деп Ғазиза Жұмекенованың сол кездегі жарқын бейнесін есіне түсірді.

Филармонияның дарынды әншілерінің бірі Замзагүл Смағұлова ерекше тебіреніспен орындаған «Жалт-жұлт еткен дүние-ай» әні халықтың ыстық ықыласына бөленсе, «Ерке құсым» әні де жұртшылықтың көңілін бір көтеріп тастады. Сонымен бірге, мәдениет саласының үздігі Эльмира Төлеубаева әншінің «Меруерт моншақ», «Балапан қаз», «Ақ тырналар»әндерін орындады. Алғашқы әннің тарихына тоқтала кетсем, сазгер Ермұрат Үсенов: «2001 жылы Көкшетауға барған едім. Бұған дейін бұл әнді ешкім орындамаған болатын. Көкшетауға барсам Ғазиза қарындасым көңілсіз жүр екен. Сөйтіп, сұрап білсем, сол кезде қызы Жанагүлден айырылған кезі екен. Сондықтан, мен осы әнді Ғазизаға ұсынып, «Осы әнді сен айтшы, сенің қазіргі жан дүниеңнің тебіренісін тыңдарманың осы әннен білсін, өзіңнің жаның да осы әннен жұбаныш табар» дедім» дейді. Сонда бірінші орындағаннан кейін Ғазиза әнші Ермұрат Үсеновке телефон шалып: «Менің көңілімнің кілтін дәл тауыпсыз, бұл ән мені серпілтті, сахнаға қайта ұмтылдырды, өмірге деген құштарлығымды арттырды»деп, өмірге қайта ұмтылдырған өнердегі ағасына ақ алғысын айтыпты.

Ғазиза Жұмекенқызын барған жері «Балапан қаз» деп жылы қарсы алатын. «Халқым менің орындауымдағы «Балапан қазды» тыңдағысы келетін. Менің жаназамда, ақырғы сапарға әкетіп бара жатқанда, осы әнді айтсыншы. Менің соңғы өтінішім осы деп» аманаттап, өсиет етіп кетіпті. Өтініші орындалып, әнші ақтық сапарға «Балапан қазбен» аттандырылды, ән көгінде осы әнімен қалықтап, халқының жүрегінде осы әнімен мәңгі сақталып қалар…

Кеште бұл ән оркестрмен алғаш рет орындалып, жүректерді тебірентті, толқытты, әншінің домбырамен осы әнді айтып тұрған асыл бейнесін есімізге түсірді.

Еске алу кешінде әншінің әріптесі Сәрсенбай Хасенов М.Мақатаевтың сөзіне жазылған «Фариза» әнін Ғазиза Жұмекенова үйретіп кеткен нұсқамен орындап шықты.

Кеш соңында мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев пен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова сөз сөйлеп, жиналған қауым алдында Ғазиза Жұмекенқызының жарқын бейнесін еске алды.

–Құдіретті әннің киесімен бүгін біз Ғазиза әншінің бейнесін көз алдымызда көргендей болдық. Сахнада әр әншінің құйқылжыта шырқаған әр әнінен Ғазиза шырқаған әннің мәнері мен бояуы, әсем дауысы мен үні, көгілдір әлемге дейін билеп алатын, көңілдерді баурап алатын асқақ үні есімізге түсті. Кім ұмытылмайды десек, Ғазизадай әншілер ұмытылмайды. «Көгілдір Көкшесін» жырлаған Ғазиза Көкшетаудың аспанында, Оқжетпестің биігінде, Зерендінің зерінде, Айнакөлдің тұнығында, біздің көзалдымызда Ғазиза болып жаңғырып, Ғазиза болып сақталып қалады, –дей келе, Жабал Ерғалиұлы кешті ұйымдастырушыларға, облыс әкімдігіне алғысын білдірді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар