Электронды сауда алаңында заң бұзушылық көп

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық сауда және тұтынушылар құқын қорғау департаментінің басшысы Ерлан Әубәкіров осы салаға қатысты  жаңа заң жобасындағы өзгерістер туралы баяндады.

Бұдан былай тұтынушылар өз құқықтарын қорғау тәсілдерін таңдауға құқылы болады. Яғни, қандай да бір заңбұзушылыққа тап болған тұтынушылар жосықсыз бизнес субъектілерін жауапқа тарту үшін сотқа немесе мемлекеттік органға шағымдана алады. Мәселенің шешімін өзі таңдайды. Бұл «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» жаңа заңнама аясында мүмкін болмақ.

Нақтырақ айтқанда, аталмыш  заңнама  аясында қоғамдық институттардың рөлін жоғарылату көзделіп отыр. Сондай-ақ, тұтынушылар құқығын қорғау тәртібін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, байланыс, туризм, сауда, көлік және басқа да қызмет көрсету салаларына бөлу ұсынылуда. Бұл тұтынушыларды барлық бағыттар бойынша кешенді түрде қорғау үшін қажет.

– Бұл ретте кәсіпкердің азаматтық құқықтық жауапкершілігін енгізу ұсынылды. Яғни, тұтынушының құқықтары бұзылса және мәселе сотқа дейін шешілмесе, айыппұл тұтынушының пайдасына сотпен өндіріледі. Ол кезде айыппұл мөлшері тұтынушының талап сомасының 10 немесе 50 процентін құрайды. Бұл жаңа заңнаманы қабылдау Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы. Сонымен қатар, мұндай шешімге тұтынушылардың заңды құқықтарының бұзылуына қатысты шағымдардың өсуі түрткі болған, – дей келе, Ерлан Әубәкіров Президенттің берілген тапсырмасы орындалып жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ, оның айтуынша, былтыр департаментке тұтынушылар тарапынан 863 шағым түскен. Бұл ретте, арыз-шағымдар жиі түскен экономика салаларын атап өткен жөн. Яғни, шағымдар үлесі бөлшек саудада 44 пайыз, электронды саудада 18 пайыз, туристік қызметтерде 5 пайызды құрайды. Аталған салалар бойынша 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2023 жылы келіп түскен өтініштер санының артуы кәсіпкерлер тарапынан тұтынушылардың құқықтарын бұзу фактілерінің артқанын, кәсіпкерлік субъектілерінің сапасыз қызмет көрсетуін, сондай-ақ, тұтынушылық мәдениеттің жоғарылағанын көрсетеді.

– Егер  бөлшек сауда жөнінде айтатын болсақ, бұл жерде тұтынушылардың алған тауарларының сапасына тоқталғанымыз жөн. Қазір тауарларды көбінесе  әлеуметтік желілерден және басқа да жерлерден алады. Егер тауар сапасыз болып шықса, мұндайда тұтынушының атынан сатушыға арыз жазылады. Оған 10 күннің ішінде жауап беру керек. Жауап берілмеген жағдайда мемлекеттік органдар  тарапынан  шара қолданылады, – деп толықтырды өз сөзін Ерлан Әубәкіров.

Жалпы, қолданыстағы Заң талаптары оффлайн сатушыларға да, онлайн сатушыларға да қатысты. Алайда, көп ретте, электронды сауда алаңында жұмыс істейтіндер заңды белшесінен басып жүре беруде. Сондықтан, департамент тарапынан алдағы уақытта электронды сауда алаңдарының иелеріне бұл жөнінде келісім-шартқа отыруды міндеттеу ұсынылып отыр. Ал, бұл талапты орындамағандар әкімшілік және азаматтық-құқықтық жауапкершілікке тартылып, электронды платформада сауда жасау мүмкіндігінен айырылады.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар