Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дэниел Розенблюммен кездесті. Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын, сауда-экономикалық даму, ауыл шаруашылығы және туризм мәселелерін талқылады.
Құттықтау сөзінде өңір басшысы облыстың жетістіктері мен негізгі бағыттарына тоқталды.
«Ақмола облысы – Қазақстанның индустриалды-аграрлық аймағы. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы облыс экономикасына ең үлкен үлес қосып отыр. Облыс Қазақстанда өсірілетін бидайдың төрттен бірін өндіреді, жыл сайын 2 миллион тоннаға жуық жоғары сапалы астық 30-дан аса алыс және жақын шетелдерге экспортталады. Өңделген өнеркәсіп өнімдерінің үлесі облыста 80 пайызға жуықтайды.
Біздің облыс экономиканың түрлі салаларында әлемнің 90 елімен ынтымақтасады», — деді М. Ахметжанов.
Өз кезегінде АҚШ-тың Төтенше және Өкілетті Елшісі Қазақстанда бірлескен жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.
Дэниел Розенблюмнің айтуынша, ол Ш.Уәлиханов атындағы университетте болып, онда оқитын студенттердің дайындық деңгейін жоғары бағалады.
Дереккөз: www.gov.kz