Ақмола облысында жылқылар жаппай қырылып жатыр

– Ақмола облысында жылқылар жаппай арам өлім жатыр. Мал ұстаған қауым «Жылқы жұтқа ұшырады, жергілікті маңызы бар төтенше жағдай жариялау керек» деп дабыл қағуда.

Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбадан Біржан сал, Бурабай және Зеренді аудандарында жағдай күрделі екенін байқауға болады. Ақкөл, Астрахан, Атбасар аудандарында да осы мәселе тұрғындарды алаңдатып отыр. Далада арам өліп жатқан жылқы көп. Қорадағы көтерем жылқылардың да жағдайы қиын.

Жылқышылардың айтуына қарағанда, жазда құрғашылықтан шөп бой салып, өспей, бұғып қалған. Күзде жаңбырдан егін көктеп, қаншама астық ысырап болды. Желтоқсан айында жауған жауынның әсерінен жайылымда мұз қатқан. Кейін қалың қар түскен. Ол аздай қаңтарда тағы жаңбыр жауып, жер бетін кере қарыс мұз жапқан. Ал, бұл өз кезегінде тебіндеп жүрген жылқының азық таба аламай, көтерем болып, арам өлуіне әкеліп соғуда.

«Ұзақ жылғы тәжірибемде мұндай сұмдықты бірінші рет көріп отырмын. Бұл жұт емей немене?! Жайлымның барлығы жекеменішікке өтіп кеткендіктен мал ұстаған шаруға жылқысын қамап бағуға тура келді. Сол себепті, қоңыр күзге дейін жілігіне май бітпей, қысқа жүдеу түсті. Енді міне, қыстың қаһарына шыдай алмай арам өлуде. Бізде 45 жабағы арам өлді. Көрші ауылдарда қырылған жылқы саны 100-ден асады. Қар ерігенше әлі екі ай бар. Оған дейін қалған жылқымыздан айырылып, құрық ұстап қалмасақ екен», – деп алаңдайды Біржан сал ауданындағы Үлгі ауылының жылқышысы Амантай Дүкенов.

Айтуынша, іргедегі Құдықағаш, Қонысбай ауылдарында да тұрғындар үйлеріне алған жылқыларына жем-шөп таба алмай қиналуда. Тіпті, Біржан сал және Бурбай аудандарындағы Жаңаталап, Кеңащы, Сәуле, Аңғал батыр, Мәдениет ауылдарының мыңдаған жылқылары ашыққандықтан шөп іздеп, сонау Теңіз көлі, Қарағанды облысы шекарасына дейін ауып кеткен. Ал, ол жақта жылқы індеті дендеп тұрғаны белгілі.

Ақмола облысының ветеринария басқармасы басшысы Талғат Жүнісовтың мәліметінше, жылқылар ешқандай індеттен емес, аштықтан өліп отыр. Мал иелерінің жауапсыздығы, күзде қажетті жем-шөпті дайындамауы малдың осылай қырылуына әкеліп соққан.

«Облыс бойынша жылқы малының қандай да бір індеттен өлгені туралы бізде дерек тіркелген жоқ. Ауызына шөп тимеген соң, әрине, көтерем болады. Мал ұстаған соң, міндетті түрде жем-шөп дайындау керек», – деп түсіндірді Талғат Жүнісов.

Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов атап өткендей, қазіргі кезде шаруаларға көмек көрсетілуде.

«Біржан сал, Бурабай, Зеренді, Ақкөл, Астрахан және Атбасар аудандардың тұрғындарынан тебінде жүрген жылқылардың азық таба алмай, қолға ұстап жатқаны туралы хабарламалар келді. Жағдайды бақылап отырмыз. Зеренді ауданының әкімдігі кейбір ауылдарға сабан, дизель отының жеткізіп, беріп жатыр. Сондай-ақ қазір біз ағаш баурайларында қатып қалған қарды күреп жатырмыз», – дейді Қасым Итқұсов.

Қорыта айтқанда, малмен күнелтіп отырған тұрғындар қазір не істерін білмей отыр. Көпшілігі шамасы келгенше, көтерем жылқыларын қорасына қамап, қыстан аман алып шығудың қарекетін жасауда. Ал, пайданың көзін ойлайтын кейбір пысық шаруалар мал азығын қымбаттатып жіберген. Күз айларында небәрі 12-13 мың тұрған шөптің бір орамын қазір 20 мың теңгеге саудалап жатыр. Малы арам өлгелі тұрған жұрттың оны алмауға амалы жоқ.

Айта кетсек, бұдан бұрын Қарағанды облысында белгісіз аурудан жылқылар қырылып қалғанын жазған едік.

Дереккөз: kaz.inform.kz

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар