Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Енді тек жұмыс істеу қажет!» - АРҚА АЖАРЫ

«Енді тек жұмыс істеу қажет!»

Бұл Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың  айтқаны!  Күні кеше,  (7 ақпан 2024) Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында әуелі былтыр атқарылған жұмыстардың нәтижелері қорытындыланды. Ел алдында тұрған  басты міндеттер айқындалып, белгіленді.

Ақиқатын айтқанда, өткен жыл әлем мемлекеттерінің қай-қайсына болмасын, соның ішінде Қазақстанға да оңай болмағаны анық. Әлі күнге дейін басылмай тұрған Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығыс, әлемнің дамыған мемлекеттерінің ерегіспен, біріне-бірі салып жатқан экономикалық санкциялары, табиғаттың өрт, жер сілкінісі, су тасқыны, дауылдар сияқты катаклизмдері әлемдік экономиканың аяғына тұсау болып тұрғаны да анық.

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында түрлі қиыншылықтарға қарамастан Қазақстанның өткен жылы экономикасының  5,1 пайызға өсім беруі  және де  еліміздің даму қарқынының  бәсеңдемегендігін атап көрсетті.

–Бірақ қазір жайбарақат отыруға болмайды, себебі алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Үкіметтің жұмысына жаңа серпін беру қажет. Негізгі мақсат баршаңызға белгілі. Біз 2029 жылға қарай экономикамыздың көлемін 450 миллиард долларға жеткізуіміз керек. Яғни, нақты меже бар. Енді тек жұмыс істеу қажет,–деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Енді тек жұмыс істеу қажет!»  Президент осы бір ауыз сөзді жаңа Үкіметке ғана қарата айтпаған болар! Әрине, Үкімет барынша жаңаша жұмыс істеуге тиісті. Сонымен бірге, біз де, Қазақстанның жұмысқа қабілетті әр азаматы да жұмыс істеулері керек!

Халықтың жұмыс істеулері үшін сол жұмысты Үкімет ұйымдастырып бере білсе құба-құп.

Мысалы, ауылдың қарапайым тұрғыны өз қолымен өндірген аз-мұз ет-сүт  өнімдерін, жағдайлары барлары ғана  қала базарына болмашы бір бағаға әкеліп сатуға ғана күш-қауқары жетеді. Бұл мәселе ұзақ жылдар бойы айтылып келеді. Ендігі арада ауыл шаруашылығы өнімдерін сол өндірілген жерінде, яғни, елді мекендердің өздерінде қабылдап, өңдеу жұмыстарын қолға алған жөн болар еді.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жалпы ішкі өнімі жыл сайын кемінде 6 пайызға өсіру арқылы халықтың да нақты табысы да қарқынды түрде артуын міндеттеді. Мұның өте маңызды міндет екендігін, ол үшін   сапалы дамуды қамтамасыз ету үшін   әрбір қадамды жан-жақты, мұқият ойластырып, батыл әрекет ету керектігін орындап алға тартып отыр.

–Үкімет пен әкімдер жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуге тиіс. Бюрократияны тоқтату қажет, бізге нақты нәтиже керек. Жұмыс барысында жүйелі ұстаным болғаны жөн. Мәселені жедел шешумен қатар, экономиканың ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ету өте маңызды,–деп жергілікті биліктің алдына анық әрі нақтылы міндеттер қойып отыр.

Бұған қоса әкімдер мен түрлі лауазым иелері өз айналасына тек өздерін мақтап, мадақтайтын, өсек-аяңға, бірді-бірге шағыстырып жүруге үйір, көлденеңнен оңай пайда таба білетін пысықай  жандарды топтастырмағаны да абзал болар еді. Неғұрлым қолынан іс келетін, турасын, әділін айтып, жөн сөйлейтін, ары да қолы да таза  адамдарды іріктеп, іскер кадрларды ортақ іске тарта білуі де қажет.

Жасыратыны жоқ, әлі де болса «қолымен көтере алмайтын шоқпарды беліне байлап алып жүрген» лауазым иелері де бар. Өзіндік ойы,  өзіндік пікірі де жоқ сондай кадрлар өзіне тиесілі шаруаны дұрыс шеше алмай, кей жағдайда халықтың ашу-ызасын, наразылығын тудырып, жалпы мемлекеттік биліктің абыройын шайқайды.

 «Бізге нақты нәтиже керек!» Бұл тағы да Президенттің айтқаны! Рас! Бізге енді нақты нәтиже керек! Халық құрғақ уәде мен көзбояушылықтан шаршады. Расында да, біз отыз жыл бойы өстік, өркендедік, дамыдық деп жар сала білдік! Өскен болсақ, өркендеген болсақ, халықтың көсегесі неге көгермеді?!

Осы бір жалғандыққа жол беруде, сол жалғандықтты әлеуметтік желі арқылы жандандыруға келгенде билік иелері бірінен бірі асыра мақтанып жатты. Әлеуметтік желіде жақсы көрінгенімен, нақтылы өмірде өзгеше екенін қарапайым халық білмейді емес, біледі ғой!

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі экономикалық ахуалға қатысты бірқатар нақты міндетке, атап айтқанда, бюджет және салық саясатының тиімділігін барынша арттыру қажеттілігіне, бюджетті тиімді басқару және оның өлшемдерін неғұрлым дұрыс болжау Үкіметтің алдында тұрған басты міндет болып қала беретінін де айтып кетті.

«Талап қатаң болады!» Мемлекет басшысы осыны айта отырып, елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару инвестицияның тағы бір қайнар көзі болуға тиісті  деді. Қазақта «қайтқан малдың қайыры бар» деген пәлсапа бар.Сол қайтарылып жатқан қаржы ендігі арада халықтың игілігіне жаратылып жатқандығы құптарлық жай!

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы құрылыс сапасын бақылауды міндетті түрде күшейтуді, экономиканы кешенді түрде ырықтандыруды, мемлекеттік меншік тізілімін қайта қарау және жекешелендіру үдерісінің әдіс-тәсілін нақтылауды, еліміздегі өндірістің дамуына тың серпін беруді,агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемдеп пайдалануды талап етті.

Жаңа Үкіметтің алдына жаңа міндеттер қойылды! Үкімет басшысы Олжас Абайұлы Бектенов «алға қойылған тапсырманың барлығы да орындалады» деп Президентті де, елді де сендіре уәде берді.

Ылайым солай болғай!

 Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар