Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Солтүстік үміт күткен «СЕРПІН» БАҒДАРЛАМАСЫ неге сұйылып кетті?.. - АРҚА АЖАРЫ

Солтүстік үміт күткен «СЕРПІН» БАҒДАРЛАМАСЫ неге сұйылып кетті?..

Елімізде білмекке ұмтылған жалынды жастардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына барлық жағдай қарастырылған. Қажет десеңіз, әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім аламын деген жастарға да тосқауыл жоқ.

Алайда, шетелде білім алған жандардың басым көпшілігі Қазақстанға оралмай, ел мүддесін ұмытып кетіп жатады. Шетелді айтпағанда, өз еліміздің оңтүстік жастарына солтүстік өңірлердегі колледждер мен жоғары оқу орындарында тегін білім алу, кейін сол аймақта жұмысқа орналасу мүмкіндігі берілген арнайы бағдарлама арқылы білім алып жатқан жастардың өздері, диплом алғансоң, сол өңірде тұрақтағысы келмейтіндігін де көріп жүрміз.Сонда солтүстікте тұрақтау тиімсіз бе? Әлде үлкен серпінмен басталған бағдарламада іркіліс бар ма? Тиімді тұсы қайсы, тиімсіздігі неде? Біз бүгін осындай сұрақтарға жауап іздеп, «Серпін-2050: Мәңгілік ел жастары – индустрияға»мемлекеттік бағдарламасының күңгейі мен көлеңкесін сөз етпекшіміз.

Бағдарламаның негізгі көздегені де, мақсаты да жақсы. Оңтүстіктің жастарын солтүстікке қоныстандыру, яғни, еңбек ресурсы басым өңірдің жастарын жұмыс күші аз аймақтарда оқытып, жұмыспен қамту еді. Мақала тақырыбын қаузап, көп дерекке қаныға түскенде, көңілге қонымсыз кейбір жайттар алаңдатты. Мәселен, бағдарламаға  бөлінген он мыңға жуық білім гранты иесіз қалып,бес миллиард теңгеден астам қаражат көлемі игерілмеген. Бір ғажабы, жобаға бөлінген гранттың тең жартысы игерілмегендігіне де ешкім екпін түсірген жоқ. Қос өңірдің жастарына да тиімді бағдарламаға жүрдім-бардым жауапсыздықпен қарауға не себеп? Жасыратыны жоқ, бізде көп мәселенің көлеңкесі басым болса да, қағаз жүзінде бәрі жақсы. Бірақ, шын мәнінде солай болса ғанибет қой. Тіпті, мақала жазу барысында бұл бағдарламаны біреу тоқтатылған, біреу жалғасын тауып жатыр десті. Сөйтсек, елеусіз қалған жобаға былтыр бірқатар өзгерістер енгізілді. Ендігі орайда, жобаның игілігін көргендер үш жыл емес, екі жыл көлемінде еңбек етеді. Сондай-ақ, грантты жұмыс істеу арқылы өтеуге оқыған аймақта ғана емес, жоба аясында қамтылған басқа өңірлерде де рұқсат.

Жоғары білім туралы сөз еткен соң, алдымен өңіріміздегі ордалы оқу орны Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетіне хабарласып, осы бағдарлама аясында білім беріп жатқан оқытушылармен тілдестік. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің академиялық даму департаментінің басшысы Сансызбай Мемешовбізге жіберген анықтама хатында алдымен, бағдарламаның мақсаты, студенттерге жасалып жатқан жағдайлар туралы тарқатып жазған екен.

– Елімізде 2014 жылдан бастап «Серпін-2050: Мәңгілік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарлама мақсаты индустриялық-инновациялық жобалар үшін мамандар даярлауға, жастардың кәсіби бағдарлануына, экономикалық белсенділікті дамытуға, ішкі еңбек көші-қонын арттыруға бағытталған. Халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы жастарды кадр жетіспеушілігі байқалған Қазақстанның солтүстік, батыс және шығыс өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру болып табылады. Бұл бағдарлама бірінші жылы педагогикалық мамандықтар бойынша іске асқан болатын, кейіннен оның аясы кеңейіп, техникалық және ауылшаруашылығы мамандықтарын қамтып отыр. Бұл бағдарламаға Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Жетісу облыстарынан тек ауыл түлектері қатыса алады. Ал гранттар мынадай облыстарда орналасқан университеттерге бөлінеді: Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар, Қарағанды, Қостанай облысы. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті 2014 жылдан бастап «Серпін – 2050: Мәңгілік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламасы аясында кадрлар даярлығын жүзеге асырып келеді, – дейді  департамент басшысы.

Оның айтуынша, университетте студенттердің сапалы білім алуларына барлық қажетті жағдайлар жасалған. Тарқатып айтар болсақ, университеттің бес оқу ғимаратында жақсы жабдықталған дәрісханалар, аудиториялар, оқу зертханалары, 800 мыңнан аса кітаптар қоры мен электрондық оқулықтардан тұратын заманауи кітапхана, бірнеше спорт залдары, ғылыми зертханалар бар. Тұрмысқа қолайлы бес жатақханамен студенттер үйлеріне қоса, биылғы жылы 500 орындық екі жатақхана салынуда. Сондай-ақ, Зеренді көлінің жағасында орналасқан «Тұлпар» спорттық-сауықтыру кешені студенттер игілігі үшін жабдықталған нысандар. Сондай-ақ, жыл сайын Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінен еңбек күші артығымен орналасқан 5 өңірде, атап айтсақ, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылордажәне Маңғыстау облыстарына мектеп бітіруші жастар арасында кәсіби бағдар беру және талапкерлерді оқуға тартып, құжаттарын қабылдау жұмыстарын жүргізуге байланысты мобильдік топ құрылып, бекітілген кестеге сәйкес тиісті жұмыстар атқарылып тұрады. Университет оқытушылары мен қызметкерлері әр жылдың мамыр және шілде айларында сол өңірлерге барып, оқу орнының артықшылықтары, ондағы оқытудың негізгі бағыттары мен білім беру бағдарламалары жайында, сондай-ақ, оқытылатын мамандықтар бойынша толық мәлімет береді екен.

–Университет «Серпін» бағдарламасы аясында 2014-2023 жылдар аралығында 3427 студент қабылдады, оның ішінде 1729 студент оқуын сәтті аяқтап шықты және бүгінгі таңда оқу ордасында 1375 студент білім алып жатыр. Оқу бітіруші түлектің жұмысқа орналасу көрсеткішін жақсарту мақсатында университетте «Мансап және жұмысқа орналастыру орталығы» ашылған. Бұл орталық университет кафедраларымен бірлесе кәсіби бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру арқылы түлектерді жұмысқа орналастыруға жәрдемдеседі. «Жұмыс берушілер күні» іс-шаралары аясында кәсіпорын өкілдерімен кездесулер өткізіліп, экскурсиялар ұйымдастырылады. Жұмысқа орналастыру көрсеткішін арттыру мақсатында осы бағдарлама бойынша білім алып жатқан студенттер оқыту өңірінде кәсіптік практикадан өтеді және кәсіпорындарда ашылған 41 кафедра филиалдарында өндіріске бейімдеу мақсатында практикалық сабақтар өтеді. Жыл сайын университетте мансап күндері, бос орындар жәрмеңкелері, табысты түлектермен кездесулер өткізіледі. Жұмыспен қамту орталығының мамандары «Әлеуметтік жұмыс орындары» туралы, «Жастар тәжірибесі» туралы, «Бірінші жұмыс орны» жобасы туралы ақпарат жеткізді. Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырған жұмыссыз жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне қатысуға тартамыз. Жеке және мансаптық мақсаттарға сәйкес жеке траекторияны анықтау, өз бетінше жұмыс іздеу тәсілдерін игеру, түйіндеме жасау үшін «Анкор» компаниясы тарапынан жұмыс іздеу бойынша шеберлік сыныптары ұйымдастырылды, – дейді Сансызбай Қойшыбайұлы.

Сонымен қатар, университет Ақмола облысының білім басқармасымен бәсекеге қабілетті кадрларды даярлаудағы ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде аудандық және қалалық білім беру мекемелерінде кадрларға қажеттіліктер туралы ақпараттық деректер базасы бойынша жұмыс жүргізуде және бос жұмыс орындары туралы мәліметтерге сәйкес студенттерді кейін жұмысқа орналасатындай етіп практикадан өтуге жібереді.

«Серпін» бағдарламасы бойынша 2018 жылы алғашқы 136 түлек оқуын сәтті аяқтап, оның ішінде 133(97 пайыз) түлек жұмысқа орналастырылды. Жұмысқа орналасу көрсеткіші 2019 жылы – 66 пайызды, 2020 жылы – 75 пайызды, 2021 жылы – 91пайызды, 2022 жылы – 97 пайызды, 2023 жылы – 85 пайызды құраса керек. Жалпы алғанда жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғары болғанымен, бұл көрсеткіш ішінде оқуын әрі қарай магистратурада жалғастырған студенттер бар екендігін ескеру қажет дейді мамандар. Нақты бакалавриатты аяқтап, бағдарлама бойынша оқу бітірген жастардың тек бестен бір бөлігі ғана солтүстік өңірде жұмыс істеп жатқан көрінеді. Себебі, «Серпін» бағдарламасында оқуға барлық жағдай жасалғанымен, кейін оқып бітірген соң, тұратын жері мен күнкөрісі қарастырылмаған. Бұл бағдарламамен оқуын бітірген студенттер «Дипломмен – ауылға!», «Жастар практикасы» және «Жастар кадрлық резерві» мемлекеттік бағдарламаларының мүмкіндіктерін пайдалана алады, алайда, арнайы бағдарлама болған жағдайда мұның тиімділігі тіпті, жоғарылаған болар еді.

Біз осыбағдарлама бойынша Көкшетау қаласында білім алып жатқан бірнеше студентпен де тілдестік. Солардың бірі – Сымбат Көшербаева. Ол Қызылорда облысының тумасы. Қазіргі таңда Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің 2 курс студенті.

– Мен Қызылорда облысының Тереңөзек ауданына қарасты Қалжан ахун ауылының тумасымын. Көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Үйдің тұңғышымын, бір үйде алты баламыз. «Серпін» бағдарламасы жастарға берілген жақсы мүмкіндік деп ойлаймын. Мектепті тәмамдаған соң, солтүстік өңірлерде білім алу мүмкіндігіне ие болған сәтте бірден Көкшетау қаласын таңдадым. Себебі, бұрыннан осы өңірдегі ордалы оқу орны Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің түлектері сұранысқа ие, жоғары білікті мамандар екендігін жиі еститінмін. Мен де осындай мақтаулы университеттің студенті болуды армандадым. Қазіргі таңда білімді де білікті оқытушылардан дәріс алып жатырмыз. Анар Айтқалиқызы, Өмір Ақанқызы, Ибагүл Сүлейменқызы, Таслима Берікбол есімді ұстаздарымыздың тәлімдерін бойымызға сіңіріп, білім алудамыз. «Серпін» бағдарламасы біздің болашағымызға жол ашып отыр. Алдымен, біздер тегін жатақханамен қамтамасыз ету мүмкіндігіне ие болдық, шәкіртақамыз дажақсы. Алла жазса, оқуымды сәтті тәмамдап, қолыма диплом алған соң, осы Ақмола өңірінде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша жұмыс істеуді мақсат етіп отырмын, – дейді Сымбат.

Осы «Серпін» бағдарламасы өміріне серпін берген жастардың бірі –  Шағалалы ауылындағы жоғары агротехникалық колледждің оқытушысы, кәсіптік оқыту шебері Боранбай Байжігіт Жаңабақытұлы. Ол бұл бағдарлама қолданысқа енген алғашқы 2014 жылы қазір өзі еңбек етіп жатқан оқу ордасына оқуға түсіп, «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алған.

– Бағдарлама енді қолданысқа енген алғашқы жылдары қолдау жақсы болатын. Менің өміріме осы бағдарлама тың серпін берді. Оқуды қызыл дипломмен тәмамдадым. Біздің сапалы білім алуымызға барлық жағдай жасалынды. Үш мезгіл тамақпен, жатақханамен, тіпті, қысқы киім-кешекпен тегін қамтамасыз етілдік. Осындай жағдай жасалып жатқанда неге оқымасқа?! Бір өкініштісі, жұмысқа орналасар кезде баспанамен қамтамасыз ету жағы қарастырылмаған. Сол себепті де, көп студент өздерінің туған өлкелеріне оралып жатады.  Мен де алғашқы жылдары Астанаға барып бағымды сынап көрдім. Кейін өзім білім алған колледж басшылығынан ұсыныс түскен соң, жұмысқа орналасып, қазіргі таңда отбасын құрып, осы өңірде өркен жайып, өмір сүріп жатырмыз. Соңғы жылдары колледжге осы бағдарлама арқылы оқуға түсіп жатқан жастар жоқ. Бәлкім, жоғары оқу орындарына түсіп жатқан жастар бар шығар, бірақ, колледж оқушыларының ағылып келіп жатқандығын байқамаймын. Негізі берері мол бағдарлама еді, бірақ, ойдағыдай жүзеге аспағаны қынжылтады, – дейді ол.

Келіп тұрған жастарға толық жағдай жасалмайтыны өкінішті. Шенеуніктер қолдағы бағдарламаның ережесіне сүйеніп, сол шеңберден әрі аса алмайтынын айтады, қалтасынан қаражат суырып баспана әперетін жомарт жандар ол некен-саяқ.

Ақмола облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов осы бағдарламаға байланысты өз ойын былайша сабақтайды.

–2014 жылы  бастау алған жоба бойыншамектептің 9, 11 сынып түлектері 6 аймаққа оқуға қабылданды. Осы кезеңде жоба бойынша біздің өңірде білім алған түлектер саны 783 адамды құрады, оның ішінде 510-ы немесе 65 пайызы жұмысқа орналастырылды, олардың 428-і, яғни, 54 пайызы оқу аймағында жұмыс істеп жатыр. Осы жоба бойынша кадрларды даярлау негізінен, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша жүзеге асырылды. Облыстағы жоба 2020-2021 оқу жылында аяқталды. Бүгінгі күні жұмыс күші артық өңірлерден облыс колледждеріне талапкерлердің оқуға  түсуі үшін «Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударған ауыл жастары арасынан шыққан Қазақстан Республикасының азаматтары үшін білім квоталары» 5 пайыз бекітілген мемлекеттік білім беру тапсырысынан техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасына сәйкес жүзеге асырылады. Қабылдау квотасының мөлшері «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасының мөлшерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 15 тамыздағы №261 бұйрығымен бекітілген. Мәселен, ағымдағы оқу жылында облыс колледждеріне мемлекеттік тапсырыс шеңберінде тегін оқуға берілген квота бойынша 80 студент қабылданды, олар қолданыстағы заңнамаға сәйкес стипендия, тамақ және жеңілдігі бар жол ақы қызметімен қамтамасыз етілген.Жалпы, осы квота шеңберінде жұмыс күші артық өңірлерден облыс колледждеріне талапкерлерді қабылдау жалғасады, – дейді ол.

Яғни, біздегі «баяғы жартас, сол жартас». Тәп-тәуір бастама орта жолдан аяқсыз қалғанға ұқсайды. Бағдарлама аяқсыз қалғаны ештеңе етпес, ең бастысы жастар болашағына жүрдім-бардым қарамасақ етті. «Серпін» солтүстікке серпін берді ме? Орыстану дерті сіңген солтүстіктегі сеңді қозғау үшін біздегі «Серпін» аздық етеді-ау!..

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар