Әйгілі әнші Төкен Ілияс: «Өнердің тұтастығын ешкім бөле алмаған»

Бұл күнде ән бесігі – Көкшеге аты шыққан жезтаңдай әнші Төкен Ілияс  Қытай елінде туған талант. Аты Қытай дегенімізбен, баяғы Алаш жұртының басынан бағы таймай тұрғанда мұрты көкке шаншылып, бауырын жайлаған Алтайдың арғы сілемі. 1928 жылы Қазақстанда ақ қашып, қызыл қуған аласапыранда атасы Қанапия марқұм Қытайға қарай мысықтабандап жылжи беріпті.

Шамасы жеті атадан бері құт-берекесі үзілмеген, қасиет тараған, байлық біткен әулет болса керек қой. Сол алдындағы малын аман сақтау үшін өр Алтайдың қанатты құс әзер ұшып өтер асуларын көктей өтіп, қызыл аждаһаның кеңірдегінде жұтылып кетпеу үшін, қара қазан, сары баланың қамы үшін ішке жылжи берген. Төңіректің бәрі Алтайдың аспан тіреген құздары, тау етегі, көк шалғыны кеудеңнен келетін жасыл шалғын, таудан аққан тас бұлақ. Сипатын суреттеуге сөз жетпейтін құйқалы, мәуелі, ғажап өңір. Құтты жер бетіндегі жалғыз жұмақ осы тәрізді.

–Шынын айту керек. Қытай қаншалықты алпауыт мемлекет болса да, ондағы аз ұлттардың өнері мен мәдениетін өрістетуге шектеу қойған жоқ. Алтай өңірінде төрт бірдей қазақ тілінде хабар тарататын телеарна жұмыс істейді. Онда ел жаңалықтары, елдегі іргелі істер жайында баяндалады. Әртүрлі тақырыптағы хабарлар көрсетіледі. Ара-арасында мәдени өмір тынысы да толыққанды баяндалады. Былайша айтқанда, тұтас ел тынысын айшықтайтын мүмкіндік толық бар. Қазақ тілінде газет-журнал, әдеби-тарихи кітаптар басылып тұрады, – дейді әнші Төкен, – шамасы бойдағы барым нағашы жұрттан жұққан жұқана болуы керек. Әжем Мүкәрабану ел ішінде сыбызғыдай сызылған әдемі даусымен атағы шыққан, өнері үшін алғыс арқалаған адам. Бәлкім, менің бойымдағы алпыс екі тамырымды қуалап, ағып жатқан ыстық қанда әуелі табиғат тартқан нағашыларымнан жұққан қасиет болуы мүмкін. Бала кезімде қоңыр домбыраны алдыма өңгеріп алып, үніне жарық дүниедегі бар болмысты сыйғызған қасиетті аспапта ойнап үйрендім. Ата жұртпен екі араны темір торлы шекара бөлгенімен, өнердің тұтастығын бөле алған жоқ қой. Үстінен құс ұшып өте алмағанымен, ән ұшып өте алады екен. Тоқтауы, бөгесіні жоқ самал желмен жете ме, жоқ әлде, ақша бұлтпен астасқан ту сонау зәулім биікте қалқыған аққудың қанатына ілесіп жете ме, ол арасын кім білсін, әйтеуір, біздің төңіректе Алаштың маңдайына біткен өнер жұлдыздары Біржан салдың, Ақан серінің, әрідегі Шәрке салдың, Ер Мәдидің, Балуан Шолақтың әндері айтылатын. Олардан басқа авторы әлдеқашан ұмыт болған, бірақ, әр жолы, әр тармағы, әннің әрбір иірімі туған жерін аңсаған, сағына, сарғая елегізген елдің жүрегінен орын алып, сарытап сағыныштың өрттей қаулаған жалынына жүрегін күйдіріп жүретін халық әндері көп айтылатын. Біздің туған жерге деген ықыласымыздай биік асқар-асқар таулардың мәңгі қар жататын жотасында, көкорай шалғын жайқалған шалқар жайлауларда, сағыныш кілкіген саз самал күллі дүниені кернеп, жаныңды, жүрегіңді өнердің ыстық құндағымен тербетіп, аялап ер жеткізді. Менің әншілік өнерді қалауым сол сағыныштан шығар. Мүмкін менің көкірегімді кернеген ақ махаббат ән болып өріліп, саз болып төгілетін шығар.

Пекин қаласында өнер мектебінде оқыған. Өнер сапарларына шыққан. Моңғолия, Түркия, Қазақстанда өнер көрсеткен. Бір айта кетерлігі, Қытайда өнер саласына еңбегі сіңген адамдар жайлы «Әйгілі адамдар» сериясымен алтын кітап шығарады. Сол жинаққа есімі енгізілген.

–Әрідегі қазақ көшпенді ғұмыр кешкен ғой. Жаз жайлауы мен қыс қыстауының арасы әлденеше жүз шақырым, сондықтан, ата-бабамыздың өсіп, өркендеген, қанатын жайған жерін дәл бүгінгідей қазығын қаққан осы жер деп дәл нұсқап, тура меңзеп айту қиын. Көнекөз қариялардың әңгімелерінің аужайына қарағанда, біздің ата-бабаларымыздың қоныс еткен өлкесі осы жер жәннаты Көкшетау мен іргелес жатқан Қарағанды аймағы. Осы төңіректегі үзіліп түскен моншақтай әсем көгілдір көлдер мен қолдың саласындай аққайыңдар көмкерген жақұт жерде жан өсірген, мал өсірген. Сарыарқаның сайын даласында самал желге дидарын сүйгізіп, самал желге құйқылжыған ән әуенін ілестіріп, аспандағы аққуына үн қосып, ертегідей сұлу ғұмыр кешсе керек қой. Тағдырдың салған ісіне шараң бар ма? Кешегі аласапыранның әсерінен Алтай асып кеткен. Ол жайында әңгімемнің басында айттым. Қайта қайталаудың қажеті жоқ шығар, – дейді Төкен Ілияс, – атам қазақта «су ішкен құдығыңа түкірме» деген сөз бар. Өзім ел деп, жер деп еңіреп келіп, емірене табысып жатқан шақта не айта қояйын. Өнер адамдары кірпияз, міншіл болады. Ентелеп келіп, еркелеп сөйлеп жатқанымды жақтыра қояды ма екен? Бірақ, өнердің біраз баспалдағын басқан, біраз асуынан асқан адам ретінде айтарым, қай сахнада болмасын фонограмма қаптап кеткен. Жалпы, шын өнер, таза талант тірі дауысты қалайды. Мына Жапонияда жақтырмаған адамын 24 сағат бойы даңғаза музыка тыңдатып, қинайтын әдет бар екен. Менің ойымша әр ұлт өзінің төл табиғатына сай төл өнерін дамыту керек. Әрине, өнер де шалқып, толқып жатқан айдын сияқты. Кенересі тасыған су да ақпаса сасиды. Сондықтан, өнерде де бірін-бірі жаңғырту, еліктеу, толықтыру тәрізді жанама әсерлер аз болмауы мүмкін. Тар шеңберде қалып қоймай, өнері өрістеген, мәдениеті дамыған өркениетті елдердің озық дәстүрлеріне сабақтаса дамығанымыз дұрыс та шығар. Бірақ, тым жадағай, жабайыланып кетпеуіміз керек. Еліктеудің де еліктеуі болады ғой.

Дәл қазір Қытай елінде 56 ұлт пен ұлыс мамыражай күн кешіп жатыр. Мұндағы орталық радио хабарларын тарату студиясы тәулік бойы бес тілде сөйлейді. Оның бірі қазақ тілі. Әр ұлт өзінің тілі мен ділін, өнері мен мәдениетін сақтаған. Айталық, моңғол жұрты ішкі және сыртқы ел болып екіге бөлінеді. Ішкі моңғолдың саны сегіз миллионды құраса, сыртқы моңғолдың саны екі миллион. Міне, көрдіңіз бе тағдырдың тәлкегімен бір ұлттың екіге бөлінгендігін. Біздің Алаш жұрты да осындай күйді басынан кешіріп отыр емес пе.

Өзгесін былай қойғанда, Қытай елінен осы бір біздің жұртта жетпей жатқан өнегені алуға болады. Төкеңнің айтуына қарағанда, қытайлықтар адам айтса нанғысыз еңбекқор. Қазақта бозала таңнан тұрып дейтін тіркес бар ғой. Ал, олар бозала таңнан да ерте тұрады. Бірден жұмысқа кіріседі. Бос жүрген бір адамды көрмейсіз. Әйтеуір, құмырсқаша қыбырлап, еңбек етіп жатады.

Әншілігі өз алдына, азаматтығы ше?.. Жалпақ дүниені жаман тұмау жаулап, жан алқымға келгенде Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, опера әншісі Төкен Ілиясов көпбейінді Ақмола облыстық ауруханасына коронавирус жұқпасымен күресуде аса қажетті, адамдарды дезинфекциялап, дене температурасын өлшейтін мобильді аппарат сыйлады.Есімі әнсүйер қауымға етене таныс әнші қалталы кәсіпкер емес. Тамаша талантымен туған еліне талмай қызмет етіп жүрген өнерпаз осылайша қолынан келген көмегін көрсетіп, халқына қамқор болды. Осы уақытқа дейін сұлу сазды үнімен көп көңілін баурап, рухани байлық сыйлап келсе, бұл жолы індетті сейілтуге қол ұшын беріп отыр.

–Қытайдан жеткізілген ақылды аппарат қазіргі заманға сай технологиямен жасақталған. Дене қызуының өлшемін бір секундтың ішінде анықтауға мүмкіндігі бар. Ешбір жуу құралынсыз, тозаңдандыру арқылы қолды зарарсыздандыру тетігі де бар. Аппараттың ішкі дәлізіне кіргенде адамды басынан аяғына дейін тозаңмен дезинфекциялап шығарады. Біздің облыста да індет біртіндеп белең алып тұрды. Жағдай күрделене түсіп жатқанын естіп, біліп отырдық. Сондықтан, шамам жеткенше осы бір аппаратты  әкелдім, – деген Төкен Ілиясов осы бір әрекеті туралы  әңгімеге тартқанымызда. Аталған аппарат 2 миллион теңге көлемінде тұрады екен.

Абайша айтқанда, «сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» демекші, қазіргі қиын кезеңде еліне пайдам тисе деген ниетпен осы ақылды аппаратты сатып әперді. Әншінің айтуына қарағанда, мұндай аппарат Қытайдың барлық білім және медицина мекемелерінде жаппай орнатылған екен. Ет жүрегі елім деп соғатын әр азамат қысылтаяң кезеңде дәл осылай көмек қолын созатын болса, төрткүл дүниені тегіс түршіктіріп тұрған індеттің ізі сұйылар еді.

Бүгінде жетпіс атты асуға табан іліктірген Төкен ағаның бар ғұмырына зер салсаңыз, мазмұнды да мағыналы екендігін анық байқайсыз. Алдына қойған мақсаты табиғат сыйлаған талантымен туған еліне қызмет ету. Өткен өмір соқпақтарын ерекше еңбекпен өткеріп келе жатқан тума таланттың осы мақсаттан шыққандығын айқын аңғаруға болады. Бүгінде ән ұшып, өлең қонған өлкенің өнерсүйер қауымы асқақ үнді әншіні «біздің Төкең!» деп бауырына басады. Еліне өнерімен етене жақын өнерпаз шынында да өз еліміздің тұлғасы.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар