Денсаулық сақтау мекемелерінде маска тағу – міндет

Ақмола облысында эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Дегенмен, вирустық жұқпалардың күн сайын тіркелуіне байланысты әрі еліміздің бас санитарлық дәрігерінің тиісті қаулысына сәйкес облыстың барлық медициналық ұйымдары маска тағу режиміне көшті. Өңірдің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте алдымен осыны еске салды.

Жыл басынан бері облыста 270 адам қызылша жұқтырған. Қауіпті инфекцияны жұқтырушылардың дені 14 жасқа дейінгі балалар. Бүгінге дейін қосымша жаппай иммундау бойынша екпе алуы тиіс 44 мыңнан аса адамның 35 мыңнан астамы ғана вакцина салдырған. Облыстың бас санитарлық дәрігерінің айтуынша, жаппай иммундау әсерінен қызылшаны жұқтыру деректері төмендеген. Ал, коронавирус індеті туралы айтсақ, жыл басынан бері облыста оны 4 адамның жұқтырғаны зертханалық тексеріс нәтижесінде расталған. Қазіргі уақытта тиісті ем-шаралар жүргізілуде. Ал, тұмау мен жедел респираторлы вирустық жұқпамен 106 мыңнан астам адам ауырған. Науқастардың басым бөлігі  балалар көрінеді. Десе де, былтырғы жылмен салыстырғанда тұмаумен ауырғандар саны 1,1 есеге дейін төмендеген. Тұмауға қарсы екпе егу науқанында 101853 адам вакцина салдыртқан. Бұл облыс халқының 13 пайызын құрайды. Медициналық талаптарға сәйкес бұл көрсеткіш 10 пайызды құрауы тиіс екен, біздің денсаулық сақтау мекемелері бұл талапты асыра орындапты.

–Қазақстан Республикасы бас санитарлық дәрігерінің ағымдағы жылғы 8 ақпандағы қаулысына сәйкес облыстағы барлық медициналық ұйымдары маска тағу режиміне ауысты. Сонымен бірге, халық көп топтасып, жиналатын көпшілік орындарға барғанда әркім өз денсаулығы үшін маска таққаны абзал. Атап айтқанда, әуежайлар, вокзалдар, базарлар, сауда және ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, театрлар, кинотеатрлар, халыққа қызмет көрсету орталықтары, банктерде де маска тағу ұсынылады, –деді Айнагүл Советқызы.

Егер тұмауға қарсы екпе алғыларыңыз келсе, медициналық мекемелерде екпе бөлмелері демалыссыз жұмыс істейді. Ұжымдар ұйымдасқан түрде алғылары келсе, арнайы екпе бригадалары барып қызмет көрсетеді. Сонымен бірге, елді мекендердегі әкімдіктер балаларды емханаларға екпе алуға апаруы үшін арнайы автокөлік бөледі.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Василий Бережников.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар