Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының актері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Төлеубек Көңбай: «Қырағы көзді көрермен ешнәрсені назарынан қағыс қалдырмайды» - АРҚА АЖАРЫ

Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының актері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Төлеубек Көңбай: «Қырағы көзді көрермен ешнәрсені назарынан қағыс қалдырмайды»

Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, танымал актер Төлеубек Көңбайдың кез келген рөлі өз көрерменінің көзайымына айналып шығатыны бар. Ол қандай образды сомдаса да, ойыңда қалатын, ой сала алатын, толғандыратын тұлға болып көңіліңде жатталып қалады. Ол сахнада мына бейопа тірліктің сыры мен мұңын, қуанышы мен өкінішін, «әттеген-айы» мен «әп-бәрекелді» тұстарын, бір сөзбен айтқанда, өмір айнасын айнытпай көз алдыңа әкеледі.  Сахна мен экранда қаншама адамның тағдырын сомдап,  қаншама жүректі ізгілік  нұрына бөлеп жүрген дарын иесі Төлеубек ағамыз сомдаған Жұмабек Тәшеневтің қайталанбас бейнесінің бір өзі неге тұрады!

Қабілет-қарымы көрерменін тәнті еткен танымал актердің күні ертең 50 жылдық мерейтойына арналған өзі еңбек ететін театрда әріптестерінің ұйымдастыруымен «Өнермен өрілген өмірім» деп аталатын бенифис-шоуы өтеді. Сондай-ақ, көкшелік көрерменге қырғыз драматургтері Мырза және Ғалия Ғапаровтардың «Киотоға жол» пьесасы ұсынылатын болады. Байыбына барғанға бұл әлбетте алдымен өз өнерін өмірім деп бағалай білген актердің өнер жолына құрметпен қарайтын көрерменінің алдында айтылар жүрек сөзі.  Біз де осы мерейлі мереке қарсаңында  белгілі актермен сұхбаттасып, өнері мен өмірі жайлы әңгімелесіп қайттық.

– Адам ес-жиып, етек-жеңін жиып, ержеткеннен кейін өзді-өзіне «мен ертеңгі күні, болашақта кім боламын?» деген сұрақ қоятыны бар. Менің бала күнгі арманым актер болу еді. Мен де «кім боламын, кім боламын» деп жүріп, бала күнгі арманыма осылайша қол жеткіздім деп ойлаймын.  Адамды алға жетелейтін арман. «Армансыз адам қанатсыз құс» демей ме. Сондықтан, армандай беру керек. Сол кезде мақсат та, жүйелі жоспар да, алға адымдай түсуге күш-жігер де пайда болады. Мен Монғолияның Баян-Өлгей аймағында дүниеге келіп, балалық шағым сонда өтті. Бала кезімнен өнер мен білімге құмар болдым. Мектеп қабырғасында кітапты көп оқитын едім. Негізі тарихи кітаптарға деген қызығушылығым әлі күнге дейін бар. «Абай жолынан» бастап оқыдым. Тұрсынхан Зәкенұлының Шыңғысхан туралы «Көкбөрілердің көз жасы» деген кітабы бар. Соны екі рет оқып шыққанмын, тағы бір қайтара оқып шықсам деймін.  Қазақтың тарихы, мемлекеттің қалыптасуы, Шыңғысхан туралы Мұхтар Мағауиннің төрт томдығы жарыққа шыққан екен, сол кітапты іздеп жүрмін. Өнерге деген қызығушылығым да мектеп жасынан басталды. Мектептің жоғары сыныбында оқып жүргенде «Гүлдәурен» деген ансамбль болатын, сол ансамбльде гитарамен ән айтып, ел назарына іліктік.  Кейін орта мектепті тәмамдаған соң, ата-анамның ақ батасын алып, Тазатхан ағамның қолдауымен Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы кино және театр институтына (сол кезде институт деп аталатын) оқуға түстім. Қазақстанға бізден бұрын ағаларым қоныс аударып, 1993 жылы ата-анам көштің басын осы жаққа бұрған еді. Өнер ордасында Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, доцент Татьяна Қасымқызы Наурызбаева мен Халық әртісі Есмұхан Обаевтан тәлім алдық. Ұстаздарымыздың бізге берген тәлімі, білімі, білігі жылдар өтсе де  күні бүгінге дейін санамда жаңғырып тұр. Институтты тәмамдасымен,  кураторымыз Татьяна Қасымқызы Наурызбаева мен  екінші ұстазымыз Есмұхан Есбайұлы Обаев бастаған бір курстың қыз-жігіттері  Арқалық қаласында қазақ театрын ашуға  бардық. Сол жерде үш ай ғана жұмыс істедім, себебі, ата-анам, туған-туыс, ағайындарым Монғолияның Баян-Өлгейінен атамекеніміз Қазақстанға қоныс аударып, Көкшетау өңіріне тұрақтап қалды. Мен де ағайын-туыс, бауырдың жанында болайын деп Көкшеге келдім. Ол кезде Көкшетауда да жаңа театр ашылып жатқан кез, бірден театрға қабылдандым. 22 жастағы жігітпін, жалындап тұрған кезіміз. Маған дейін Көкшеге Жарас Қалдаров, Сафуан Шәймерденов, Ербай Дүңгененов, Айна Жүнісова, Зафура Арзымбетова, Құмарбек Қалқатаев, Гүлмира Жакилина, Жанар Құсайынова, Қайрат Мырзаболатов, Елтай Мұстанов, Кенжеғазы Қарымсақов, Меңдеш Шапихов деген таныс қыз-жігіттер келген еді. Бәріміз бірлесіп, жұмысты бастап кеттік. Мұрат Үкібайұлы Оспанов театр директоры. Өмір жолымыз да, өнер жолымыз да осы сұлу өлкемен тығыз байланысты. Содан бері жиырма сегіз жыл өте шығыпты. Осы күнге дейін театрда қызмет істеп келе жатырмын. Алла тағаланың берген күш-қуатымен көрерменге тарту-таралғымызды жасай береміз. Жан жарымды да осы жерде жолықтырдым. Екі ұл, екі қызымыз дүниеге келді. Қасиетті Көкшетау, құтты болды біз үшін, сондықтан, оның топырағына, халқына басымды иемін. Біреулер өнер жолы оңай, біреулер қиын дейді. Мен өнерді оңайға баламас едім. Көп еңбек керек. Еңбексіз жақсы актер болып қалыптасуың екіталай. Сахна – еңбекқорды ұнатады. Ақыры өнерге келген екенсің, не от болып жану керек, не шоқ болып қалу керек. Жалындап жандық па, жана алмадық па, оның бағасын беретін халық,–деді актер  бізбен болған әңгімесінде.

Әлбетте, Төлеубек ағамыз елудің асқар биігіне шыққан шақта осы биіктегі асқаралы талапқа жауап бере алған, еңбегінің жемісін көрген абыройлы  азамат. Ол осы жылдар аралығында жүзден астам рөл сомдаған екен.   «Рөлдің үлкен-кішісі болмайды..» дегенді қадап айтты бір сөзінде тағы да.

– Кішкентай эпизод берілсе де, көрерменді сендіре алатындай рөлге еніп, өз кейіпкеріңнің жан дүнесін, айтар ойын шын ниетпен түсінуге тырысып, ден қою керек. Өзің иланбасаң, өзің сенбесең, өзгеге қайтіп сендіре аласың.  Мықты сыншылар эпизодтағы актерлердің шеберлігін байқамай қалмайды. Өз басым жас актер кезімде осындай эпизодты рөлді ойнап-ақ,  атақты сыншы Әшірбек Сығайдың оң бағасын алғанмын, бұл сөзсіз менің өнерімнің өрістеуіне қанат бітірді. Жауапкершілік алдымен көзқарақты көрермен алдында болуы керек деп есептеймін. Қырағы көзді көрермен ешнәрсені назарынан қағыс қалдырмайды. Тіпті киген киімің, тұрған-тұрысың  бір қойылымнан екінші қойылымда қайталанса, соны байқап қоятын талғампаз көрермен көп.  Өз басым Әнуар Молдабеков   деген көрнекті актерді пір тұтамын. Образды ойнатуы, тіпті көз жанары арқылы адамның көңіл күйін, ішкі сезімін, ол аз десеңіз, жүрек қағысындағы сезім ауанын теледидардың әр жағындағы көрерменіне жекізе алуы шеберліктің шыңы деп ойлаймын. Сондықтан, актер үнемі ізденіс үстінде болуы керек. Өнер жолында асыл анамызға айналған Халық әртісі Жібек апайымыз бар.  Сол кісінің өнер жолына тәнтімін. Бүгінде жасы сексеннен асса да, сахнада өнер көрсетіп,  өз көрерменін қуантып келеді. Бәрімізге де осындай бекзаттылықты жазсын, – дейді актер ағынан жарылып.

Төлеубек Көңбай театрдан бөлек, кино әлемінде де көрермен көзайымына айналған актер. Қазақтың біртуар ұлы Жұмабек Тәшеневтің рөлін сомдауын бақытқа балайды.

Кинолардың көпшілігі Алматыда, Астанада түсіріледі, сол жақтың актерлері көп тартылады, ал, біз облыстық театрдың актеріміз. Бізді киноға ешқашан шақырмайды деп ойлайтынбыз. Жоқ, біз қателесіппіз. Нұрлан Сомдыбайұлы деген азамат алғашында Жұмабек Тәшенев туралы деректі фильм түсірді. Өзі «Қазақстан» ұлттық арнасында продюсер. Біздің «Алдаспан» деген спектакльді көріп, музейдің жанында деректі фильм түсіргенде маған ұсыныс білдірген. Одан кейін Майя Бекбаеваның «Дәуір даналары» деген жобасына  қатыстым. Қазақтың ұлы тұлғаларының ішінде Тәшенев туралы «Тағдыр жолы» деген деректі фильмді дайындаған кезде мені Астанаға шақырды. Маған сол кісіге келбетің ұқсайды дейді.  Одан кейін «Қазақстан» ұлттық арнасы «Тәшенев. Тайталас» деген тарихи сериалдар жобасын жариялады. Бұған дейін мен  Жасұлан Қошанов деген режиссердің Шәмші Қалдаяқов туралы «Ән аға» деген деректі фильміне түскен едім. Онда Тәшеневпен байланысты үш картина бар. Сол кісіні сомдадым. Ал «Тәшенев. Тайталас»  киносын түсірер алдында актерлерді таңдаған кезде мені бекітіпті. Ол да бір маған бұйырған бақ деп ойлаймын. Жалпы, Тәшеневке қатысты қандай қойылым болсын, кино түсірілім болсын, бәрінде мен ойнап келе жатырмын. Алғашында сахнада, кейін екі деректі фильмде, сосын телесериалда ойнадым, – дейді аға.

Төлеубек аға бар ғұмырын өнермен сабақтаған, «өнерін-өміріне»  балайтын, адами абзал қасиеттерді насихаттаудан жалықпайтын, ізденуден талмайтын майталман маман, абыройы асқақ азамат. Алдағы арманы – мыңмен жалғыз алысқан Ұлы Абайдың образын сомдау, Абай болып толғану,  оның жан тебіренісін, сезім тереңдігін халыққа жеткізу. Әлбетте Төлеубек Қөңбай сияқты айтулы актердің халыққа берері әлі көп. Олай болса, абырой биігіңіз асқақтай берсін, әманда!

   Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 ***

Талабы таудай тұлға

 Төлеубек Көңбайұлы елуге келіпті дегенде, кәдімгідей көңілім толқып, өткен күндер көз алдыма келе қалды.

Көкшетау театрының алғашқы қарлығаштары – өрімталдай өнерпаздардың өнерге қанат қаққан сәті бәріміздің есімізде. Көңілге ыстық, өмірдің бір ғажайып кездері болатын. Жастар жарқырап келді, сахнада небір дүниелерді дүркіретті, халықтың ықыласына бөленді. Көкше жерінде ашылған тұңғыш театр олардың аңсаған өнер ордасы болды.

Басшысы – Мұратбек Оспанов, ақылшысы – аяулы ұстаз Айжан Бәдірқызы, апалары – Жібек Бағысова…

Дарынды, жалынды жастардың ортасында таудай болып Төлеубек тұратын.

Бәрі құрбы-құрдастар. Өнерде де, өмірде де жарасып жүретін.

Енді міне, олар да елуді еңсеріп,  алды алпысқа қарай аяңдап барады!

Елуге келген  Төлеубек бауырымның орны бөлек!

Ол текті атадан тараған, көп балалы отбасында еркін өскен азамат . Әкесі Көңбай ақсақал Байөлкеде атақты адам болған, аңшы, мерген деседі. Аяулы жары Камен Татей қызымен жарасымды ғұмыр кешіп, үлкен әулет болып өсті. Біз ол кісілерді құрметтеп, сыйлайтынбыз. Әзіліміз жарасып, бірде аға , жеңге, бірде апа, жезде дейтінмін.

Төлеубек пен жан жары Нұргүл қазақы, дархан мінезімен айналасына қадірлі отбасы болды.  Өркен жайып, ата-әже болып отыр.

Өмірде аға-інідей сыйласқан Төлеубекпен өнер жолында да талай мәрте түйістік. Менің тұңғыш пьесам «Құдалықты» бірінші рет осы театрда Мұратбек Оспанов сахналады. Төлеубек Дөкей құданың рөлін сомдады. Дөкей десе дөкей болды! Бір өзі сахнаны толтырып, сәнін келтіріп, шығарманың мәнін аша түсті. Құрдас досы Сафуан Шәймерденов екеуінің тандемі – Дөкей мен Тапал құданың тартысы жұртты қыран-топан күлкіге қарық қылғаны әлі күнге көз алдымызда!

«Отыз тістен шыққан сөз» спектаклінде де Төлеубек басты рөлдің бірін ойнады. Сафуан екеуіне арнап скетч те жаздым. Тағы да екеуін жарастырып,  «Паң Нұрмағамбет» киностудиясының, жалпы Көкшенің тұңғыш көркем фильмі «Ән мен анашаға» түсірдім. Одан кейін «Аран» фильмінде Төлеубекке бас кейіпкердің бірін сеніп тапсырдым. Екеуміз бірге түскен, төбелесіп, атысып, айтысып-тартысатын бұл фильм бірталай  телеарналардан көрсетілді. Ғаламторда бар,  үш жарым миллион көрермен көріпті, сан алуан қызық та құнды, қисық та қыңыр пікірлер жазылған. Міне, осы фильмде отыз алты жастағы Төлеубек сомдаған дөкей жемқордың бейнесі бар!  Ашкөздікке, тойымсыздыққа, әділетсіздікке  қарсы «Аран» – ащы шындықты ашық та, астарлап та айтқан нағыз халықтық фильм болды! Және негізінен, кәсіби әртіс емес қарапайым адамдар түсті. Сонда Төлеубектің актерлік өнеріне де, кісілігіне де риза болдым! Себебі, фильм менің туған жерім Степняк қаласында түсірілді.  Көкшетаудан өз көлігімен келіп, кетіп жүрген Төлеубекке төлеп жатқан гонорар да шамалы, бірақ, соған қарамастан, қазақтың өнері, киносы үшін күн-түн демей шапқылап жүрді! Маған салмақ салмай, жүгімнің бір жағын көтерісіп, қолынан келгенше қолдады!

Өнер жолы оңай емес. Ізденіс, қайрат, жігер, ойдың жолы. Төлеубек те театр сахнасында ащы терін төгіп бақты. Талай рөлдерді ойнап, өсіп, өрлеп келе жатқанын сыртта жүріп естіп, қуанып қаламын. Ал, қазақтың арысы, тау тұлғасы Жұмабек Тәшеневтің көркем бейнесін әуелі театр сахнасында, кейіннен кинода сомдағаны – актер Төлеубек пен театрдың үлкен жетістігі және күллі Көкше өнерінің мерейі деп білеміз!

Айналайын Төлеубек, аман, сау алға басып, өмірде де, өнерде де өркендеп, өсе беруге жазсын!

                                                                 Баянғали ӘЛІМЖАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар