Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жара болып жүр әлі жүректерде - АРҚА АЖАРЫ

Жара болып жүр әлі жүректерде

Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толды. Осы айтулы күннің қарсаңында майдангерлер өскелең ұрпақ өкілдерімен рухани-патриоттық бағыттағы түрлі кездесулер өткізді. Сондай шаралардың бірі Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің жанындағы көпсалалы колледжде өтіп, студенттер отты жылдарды өз көздерімен көрген ардагерлердің естеліктерін тыңдап, батырлық пен қайсарлықтың символына айналған азаматтарға өз сауалдарын қойды. 

−1984 жылы әскер қатарына шақырылдым. Біздің бөлімде оқыту бекеті болған еді. Кейін сол жерден Ауғанстанға өз интернационалдық борышымызды өтеуге аттандық. Әрине, сол кездегі біздің қандай міндеттер атқарғанымызды айтып жатқанның өзі артық шығар деп ойлаймын. Кеңес Одағының құрамында болғандықтан, шекарамызды сақтап қалу қажет болды. Басымыздан өткен сұрапыл соғыс жылдарын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қайта осы күнге дейін жеткенімізге шүкір, –деді өз сөзінде  ауған соғысының ардагері, интернационалист жауынгер Борис Сокол.

Ардагерлермен жиі өткізілетін кездесулердегі жастармен болатын диалог  олардың бойында патриоттық рух пен ер мінезділік қасиеттерін қалыптастыруға және өз елінің тарихын біліп өсуге септігін тигізетінін анық айтуға болады. Ардагерлер де осындай пікірде. Интернационалист жауынгер Қанат Бралиннің айтуынша, жастар өз халқының өткенін терең оқып, жақсы білуі қажет.

−Біз 1979-1989 жылдарда он жылға созылған соғыста болып келген ардагерлерміз. Өскелең ұрпақ осыны ұмытпай, бейбітшіліктің қадірін түсінсе екен дейміз. Осындай кездесулерді жиі өткізіп тұрған жөн. Себебі, жастардың бойында патриоттық, еліне деген сүйіспеншілік сезімді орнықтыруымыз қажет деп санаймын.  Ауған жерінде болған сұрапыл соғыс бұлты  біздің елімізге ешқашан төнбесін, –деді ол.

Ерліктің даңқын таныта білген соғыс ардагерлеріне студентжастар тарапынан сұрақтар қойылып, пікір алмасылды.

Он жылға созылып келген соғыста бір мыңға жуық ақмолалық қатысып, 60-тан астамы туған жерге оралмады. Жылдар жылжып өткенімен, ерлікпен қаза тапқан сол ержүрек жауынгерлеріміздің есімдері ел есінде мәңгі сақталады. Алайда, қазір ауған соғысына қатысушылардың да қатары сирей бастады.  Сондықтан да, жас буынға ауған ардагерлерінің өжеттігін үлгі ету, ауған соғысында опат болған жауынгерлердің рухына тағзым етіп, есімдерін қастерлеу әрқайсымыздың қасиетті борышымыз.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар