Көкшетау қаласындағы «Динамо» шаңғы базасында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың қатысуымен шаңғы жарысы бойынша «Жұлдызай-2024» қысқы Ұлттық Инклюзивті ойындарының ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру комитетіне қарасты«Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау» орталығы директорының орынбасары Әділхан Өмірзақов, «BI Жұлдызай» Корпоративтік Қорының директоры Алмагүл Сәлімбаева қатысып, спортшыларды ойынның ашылуымен құттықтады.
– Бұл спорттық іс-шара, ерекше қажеттіліктері бар спортшылардың арасында өтіп жатыр. Ойынның мақсаты тек ғана осы жарысты өткізу ғана емес, әр баланың спортқа деген ынтасын, еліміздегі инклюзивті спорт түрін дамыту болып табылады. Қатысып жатқан барлық спортшыларға сәттілік тілеймін, – дей келе, Әділхан Болатханұлы министрлік атынан спортшыларды құттықтап, ауқымды ойынды ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Айта кетейік, бастау алған спорт сайысы, аталған министрлікпен бірге, Қазақстан Республикасы Ұлттық Паралимпиада комитеті, «Көкшетау Арнайы Олимпиада» қоғамдық бірлестігі, «Qadam aurism» Қоры және Ақмола облысының әкімдігінің қолдауымен өткізіліп жатыр. Оған қоса, ерекше спортшыларға арналған жарысты 9 жыл қатарынан бас демеуші ретінде «BI GROUP» холдинг ынталандырып келеді. Сондай-ақ, Инклюзивті Ойындар идеясының авторы және ұйымдастырушысы – құрылғанына жиырма жыл толған «BI ЖҰЛДЫЗАЙ» Корпоративтік Қоры болып табылады.
2016 жылдан бері ұйымдастырылып келген ойынның биыл алғаш рет қысқы жарыстары, яғни, шаңғы сайысы өткізілмек. Жарысқа қатысу үшін Батыс Қазақстан, Солтүстік және Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола облыстары мен Астана қаласынан ерекше білім беруді қажет ететін он-он алты жас аралығындағы 150-ге жуық спортшы келген. Сонымен бірге, ойын аясында қатысушылар 100-500 метр аралықтағы қашықтыққа шаңғы жарысынан сайысады және 400 метр командалық эстафетада өнер көрсетеді. Екі күнге жалғасатын спорт ойынының қорытындысын алдағы уақытта хабарлайтын боламыз.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.