Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Алаштың» өшпес рухы – мәңгілік тақырып - АРҚА АЖАРЫ

«Алаштың» өшпес рухы – мәңгілік тақырып

Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың шығармалары негізінде ұсынылған «Алаш» қойылымының тұсауы кесілді.

Пластикалық драма жанрында көрерменге жол тартқан спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Қайрат Мырзаболатов пен театрдың көркемдік жетекшісі Нұрислам Әбділ.

Тәуелсіз ел болғанымызға 30 жылдан асса да, «Алаш» тақырыбына қатысты қойылымдар соңғы кезде ғана көрерменге жол тартуда. Ұлт зиялыларына төнген қуғын-сүргін мен олардың бастан кешкен зобалаңын сахналап, театр сахнасына шығаруоңай-оспақ шаруа емес.Елімізде осы тақырыпқа барған кейбір театрлардың спектакльдері сыншылардың талқылауы барысында қатты сынға ұшырап, тіпті көрерменінің де көңілін түсірген сәттер болды. Былтыр күзде облыс орталығына гастрольдік сапармен келген маңғыстаулық өнер ұжымының «Әлиханның аманаты» спектаклін тамашалап, ондағы актерлер мен режиссердің жұмысына қалың көрермен оң баға беріп, ұлт зиялыларының өр рухы меназаматтық болмысына тағзым еткен еді.

Енді өзіміздің театрдың репертуарына жаңадан қосылып жатқан «Алаш» қойылымына қарай ауыссақ. Бұл спектакльді көрерменнің бәрі бірден түсініп кетуі мүмкін деп айта алмаймын. Ұлт ұстазы атанған алып тұлға Ахмет Байтұрсыновтың бейнесін режиссер әрі сценарист Нұрислам Әбділ жан-жақты ашқысы келген. Сценарий жазу барысында Ахаңның шығармаларымен қатар, Алаш азаматтарының және олар туралы жазылған ғылыми мақалаларға, мұрағаттық құжаттарға сүйенгені көрініп тұр.

Қойылым қазіргі заманға сай киініп, қолына домбыра мен бір тарихи кітап ұстаған жас жігіттің «Алаш» ардақтыларына қойылған мемориалды алаңға келіп, сол жерде ойға шомып, әлгі кітапты оқуынан басталады. Әрі қарай сол алаң немесе бұғаулы арқан ішінде тұрған кейіпкерлерге жан бітіп, ХІХ ғасырдың басындағы сұрқия саясаттың құрбаны болған зиялылардың оқиғалары өрбиді. Бас кейіпкер Ахмет Байтұрсынов пен оның жанындағы кейіпкерлер біресе ұлт мақтаныштарының бейнесіне айналса, енді бірде Ахаңның өзі іспетті соның бір қасиетін немесе бөлшегін бейнелейді, тағы бірде қара халықты көз алдыңа әкеледі. Оқиғалар мен шиеленістер түрлі мизенсценалармен өріліп келіп, қазақ зиялылары бірінен соң бірі оққа ұшады. Домбырашы жігіт тәуелсіз елімізде орнатылған мемориалды алаңда алшаң басып, сенімді, ешкімнен сескенбей, жасқанбай, именбей Ахаңның «Алаш туы астында, Куә болсын арымыз. Көркейтуге алашты, құрбан біздің жанымыз» деген өлең жолдарын нық айтуымен аяқталады.

Жалпы, режиссер спектакльде Ахмет Байтұрсынұлы мен ұлт зиялыларының ұлттық сана-сезімді ояту жолындағы елеулі еңбегін көрсеткісі келген. Ұлт ұстазының шығармалары арқылы сол кездегі зиялылардың қилы тағдыры мен ұлт мүддесін алға тартқан өр рухын асқақтатуға ұмтылған. Болашақтың қамы үшін басын бәйгеге тігіп, небір ақтаңдақтар жазықсыз жапа шегіп, адам айтқысыз азап көріп, итжеккенге айдалып, атылып кеткені баршаға аян. Өзгеше сарында қойылған бұл қойылымда жиі айтылып жүрген ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыровпен қатар, есімдері көпке белгісіз, айтыла бермейтін, бірақ,сұрқия саясаттың дауылына қарсы тұрып, қазақтың саяси теңдігі мен рухани кемелдігі жолында ғұмырын тәрк еткен Алаш арыстарының аттары аталғаны көрерменді елең еткізіп, қойылымды тартымды ете түскен.

Бұл Нұрислам Әбділдің режиссерлік тәжірибесіндегі алғашқы жұмысыкөрінеді. Спектакль жаңаша стильде ұсынылды. Қойылымдағы рөлдерді театрдың жастар құрамы ойнап шықты. Басты рөлдегі Ахмет атамыздың образын жас актер Жалғас Тұйғынбаев сомдады. Бұл жас актерлер өздеріне берілген рөлдерді барынша ойнауға тырысса да, дайындықтары әлі де біраз ізденісті, жетілуді, өсуді керек етеді. Бірақ, театрымызға осыншама жас актерлердің келіп қосылғаны көз қуантады.

Дегенмен, сыншы болмасам да, қоюшы режиссер бұл қойылымды көрерменге ұсынбас бұрын азырақ дайындық ретінде жеңілдеу спектакльден бастау керек пе еді деген ой түйдім. Себебі, «Алаш» деген ауқымы кең, тереңтақырып. Тәжірибесі жеткілікті, кәсіби шыңдалған режиссерлердің өздері оны сахналауға жүрексінеді, бұл тақырыпқа жасқанып-жасқанып барады.Сондықтан, спектакльдің сценарисі әрі қоюшы режиссері Нұрислам Әбділдің өзінен бұл тақырыпты не үшін таңдап алғанын сұрап, білгенді жөн санадым.

–Абайдың қара сөздерін, өлеңдерін, дәл сол секілді Алаш зиялыларының мақалаларын, кітаптарын әртүрлі жаста оқысаңыз, әр жастағы парасат-пайымымызға байланысты әрқалай әсер етеді, әркім өз шама-шарқы жеткенше түсінеді. Мен бұл тақырыпқа өзімді алаштықтарды толық таныдым, олардың зобалаң тағдырын өң-бойымнан өткіздім деген мақсатта емес, оларды жақсы көргендіктен бардым. Сол кездегі зиялы қауымның – алаштықтардың көтерген тақырыптары, қанатты сөздері, астарлы ойлары, өзекті мәселелері әлі де маңыздылығын жойған жоқ. Біз – байырғы қазақ сол қазақ, баяғы жартас сол жартас болып келе жатқандығымызды көрсетуге тырыстым. Мамандығым бойынша театртанушымын, бұл режиссурадағы тұңғыш еңбегім. Сондықтан, тәжірибемаз, әлі де толықтыра түсетін жерлерібар екенін түсінемін, сеземін. Алдағы уақытта әлі де толықтырамын. Болашақта осы қойылымға актерлермен бірлесіп, одан әрі жан бітіреміз, тартысы мен тағдыр тұрғысынан тағы да кемелдендіре түсеміз деп сенемін. Басты мақсатым – қарапайым нәрселер арқылы халыққа алаштықтардың рухын жеткізу, ой тастау болды, – деді ол.

Қойылым сахнасы шынымен өте қарапайым. Айтарлықтай үлкен декорация жоқ, бар детальдері – арқан, шабадан, қағаздар, домбыра. Кез-келген аудиторияда ойнауға болады. Музыка, аппаратура да қолданылмайды. Барлық дыбыстар мен дауыстарды актерлер өздері салып, әнді де домбыраның сүйемелдеуімен өздері орындайды.

Қойылымнан кейін оны тамашалауға барған зиялы қауым өкілдерінен де пікір алуды жөн санадым.

– Спектакль ұнады. Жаңаша қойылым. Режиссурасында тың ізденістер бар екен. Ұлттық, патриоттық тақырыптағы драмаларды жаңаша қоюдың үлгісін көрдім. Ахаңның – Ахмет Байтұрсынұлының шығармалары желісінде құрылған драма заман суретін, уақыт бедерін көрсетуге мүмкіндік берген. Хронология сақталған. Артық бос сөз жоқ. Бұлай болудың себебі, режиссер мұрағат материалдарын ұтымды пайдалана алғандығында деп ойлаймын. Спектакльдің мизенсценалары, хроникалық, тартыстық  линиялары сәтті ойластырылған. Оған декорациядағы ақ пен қараның контрасын, кермелеп ұстаған бұғаулы арқан,  қыл көпір іспетті көрінген жіңішке жіпті, тағы басқаларын жатқызуға болады. Ұлттың рухани көсемі А.Байтұрсынұлының  ағартушылық һәм күрескерлік рухын көрсете білген. Қазақ, қазақ жастары көретін ұлттық рух пен трагедияға  толы дүние. Ескеретін бір  жай – артық тарсыл-тұрсылды мөлшермен қолданса деймін. Режиссер Нұрислам Әбділ бауырымның алдағы жұмыстарына шығармашылық  табыстар тілеймін, – дейді философия ғылымдарының докторы, әдебиеттанушы ғалым, ақын-жазушы Ерболат Баят.

– Қазақ театрындағы пластикалық драма эксперимент ретінде бірінші рет қойылып отыр. Жалпы, пластикалық драмада би қимылы мен адамның ішкі психологиялық көзқарасының тұжырымдамасы беріледі. Нұрислам Әбділ Алаш кемеңгерлерінің тақырыбын алған екен. Бұл әрине, кең, үлкен тақырып, соны минимум декорациямен беруге тырысқан. Алаш кемеңгерлерініңтағдырын арқанмен чемодан арқылы бейнелеп отыр. Арқан символикалық элемент ретінде қазақ халқының сол ХХ ғасырдағы трагедиясын, ал, чемодан Алаш кемеңгерлерінің ұлық, державажалық, планетарлық идеясын көрсетіп, ішіндегі білімді ұрпаққа аманаттап кетіп отыр. Меніңше, спектакль соңында сол арқанды үзіп жіберу керек еді. Режиссер аманатты қайтадан шеңберде қалдырып кеткен. Біз қазір тәуелсіздігімізге, сол алаштықтардың арманына қол жеткіздік. Осыған назар аудару керек. Спектакльді әлі де жетілдіру қажет. Пластикалық драма осы деңгейінде қалса, әлі де хореографиялық бағытын дамытып, прагматиканы көрсету керек. Мұнда жерді сабалау көп. Ол әрине, трагедияны айқындайды, дегенмен, прагматикамен, оптимизммен аяқтау керек деп ойлаймын, – дейді Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры, филология ғылымдарының кандидаты, академик Нұртас Ахат.

Қалай болғанда да, қойылым көрерменге жол тартты. Бастамасы жаман емес. Режиссер алдағы уақытта мамандармен, аға буын өкілдерімен ақылдасып, қойылымды толықтырып, бұдан да тартымды ете түседі деп ойлаймын. Қазақ үшін жанын беріп, ұлт үшін бас көтерген азаматтар біздің өлкеде де аз емес, сондықтан, Алаш тақырыбындағы қойылым біздің театрға керек-ақ.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар