Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Менің жеңгем – алтын - АРҚА АЖАРЫ

Менің жеңгем – алтын

«Қызы бар үйдің жеңгесі сүйкімді» деп дана халқымыз бекер айтпаса керек. Біздің анамыз Гүлжауһар тоғыз құрсақ көтерген – Батыр ана. Алланың жазуымен отбасының алғашқы қуанышы Жібек апамыз туғаннан кейін шетінеп кетті.

Қыздың кішісі Бақытжан қарындасымыз екі жасқа толар-толмаста көз тиіп, олда бақилық болады. Сөйтіп, әке-шешеміз қалған 7 баласын көздерінің қарашығындай сақтап, шама-шарқынша бағып-қағып, қатарынан қалдырмай оқытып-тоқытып, үйлі-баранды етіп, бүгінгі күнге жеткізді. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, құда-жекжат атанып, елдің ішінде өздерінің жора-жолдас, ағайын-туыс, көрші-қолаңның ортасында абыройлы өмір сүрген қарапайым жандар бола білді. Ол кісілер үлкенді аға тұтып, кішіні бауырына баса білген өте мейірімді жандар десем,асыра айтқандық емес. Әкемізді көзі көрген үлкен-кіші біздерге әкеміздің көзі тірісінде елге жасаған игі істерін күні бүгінге дейін сүйсіне айтып отырғандарының талай куәсі болдық. Оның өзі біздер үшін әкеміздің қай уақытта болсын елдің алдында сыйлы болғанының бір дәлелі. Сондықтан, қазақтың мына бір керемет дана сөзі ойға орала береді: «Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін». Менің осы жазбамның бүгінгі кейіпкері ата-анамыздың сүйкімді, ибалы тұла бойы тұңғыш келіндері Ақмарал жеңешем болмақ.

Үйдің үлкені Қалымжан ағамыз қазақ отбасының салт-дәстүрі бойынша ата-әжесі Мәкен ақсақал мен Күләш апамыздың тәрбиесін көріп өскендіктен, біздің үйде өзін ерекше ұстайтын. Ол кезде ауылдың мектебі 8 жылдық болғандықтан, Көкшетау қаласындағы №3 қазақ мектебінде орта білім алған ауыл баласының қалалық өмірге бейімделуі де оңайға соқпағаны анық. Орта мектепті ойдағыдай тамамдаған соң, әкеміздің жан жолдасы Рамазан аға мен Бақытжан апамыз өздері тұратын Қаражал қаласына алып кетіп, үш жылдай темір жонушы мамандығын игертіп, ағамыздың өміріне оң өзгеріс енгізді. Ол жақтан келген соң совхозда механизатор болып, жүрген ортасында абыроймен еңбек ете білді. Ағамыздың темірден, ағаштан түйін түйетін шеберлігі өз алдына үлкен әңгіме. Оның қаламынан туындаған суреттердің өзі бір керемет дүние болатын. Оның тағы бір ерекшелігі, үстіне киген киімінде бір қылшық болмайтын, киім киісі де ерекше еді.

Техниканың тілінде қатарластарының ортасында озық білетін. Оның алдынан кез келген жүрмей тұрған техника от алып, еңбек майданына дер кезінде қосылатын. Міне, осындай ағамыздың өмірі туған ауылдан қалаға қоныс аударғаннан кейін басқаша арнаға түскені біздерді қатты қынжылтты.

Ағамыз 1982-1983 жылдардың қараша-сәуір айлары аралығында ауылшаруашылығы жұмыстарымен малға жемшөп жеткізу бойынша сол кездегі Чистополь ауданы жақта  ауылдың біраз азаматтарымен іссапарда болды. Сол жақта жүріп, қазіргі жеңгеміз Ақмарал екеуі бір-бірімен көңіл жарастырып, 8 наурыздың қарсаңында екі-үш күнгекезекті демалысқа ауылға келеді. Олар келген кезде ата-анамыз Қабылқай атамыздың үйінде қонақта болатын. Ағамыздың үйге келгенін естіп, анамыз дастарқан басынан сұранып шығып үйге келіп, біраз уақыт көрмеген ұлын көріп мауқын басып, қайтадан отырысқа барады. Сол кезде ағамыз үйге жалғыз келмей, көрші ауылдағы құрдастары Қалижанның қызымен келгенін тілге тиек етеді. Оны естіген әкей бойындағы қонақтан ішкен ішімдіктің буымен ауылдың бас инженері Базарбекті қолқалап, болашақ құдасының үйіне барып, өзінше құдалық рәсімін жасайды. Бұрыннан бірін бірі танитын ескі достар ертең құдалықтың жолымен келуге уәделесіп, қоштасады. Бірақ, бұның арты біздің отбасымыз үшін үлкен қуаныш болғанымен, екінші жақты үлкен әбігерге салады. Өйткені, жеңгеміздің екі ағасы бұл уақытта Отан алдындағы борышын өтеп, әскер қатарында жүрген болатын. Не керек, ертеңінде Қабылқай атамыз бастаған үлкендер уағадаласып, не де болса баланың үйленетін ойы болса, «темірді қызған кезде соғу керек»  деп, қызды алып қашу «операциясының» жоспарын құрады. Ойға алған іс ойдағыдай жүзеге асып, жеңгемізді ауылдағы Сағындық ағамыздың шаңырағына келін етіп түсіреді.

Сөйтіп, 19 жасқа жаңа толған жеңгеміз біздің шаңырақтың табалдырығын осылай аттаған болатын. Тұңғыш баланың тойы бір айдың ішінде опыр-топыр тойланып, құда шақырылып, ата-анамыз құда-құдағи атанды. Жеңгеміз өте қарапайым, мінезі салмақты, қандай істі болса да, дөңгелетіп алып кететін пысық болып шықты. Тұңғыш қыздары Жібек дүниеге келген соң, біздің үйдің ішінде сәбидің үні естіліп, барлығымызды ерекше сезімге бөледі. Десекте, кішкентай шарана туғаннан өте аурушаң болды. Бәрімізді талай әуреге салғаны жас болсақ та біздің есімізде. Оның тірі қалатынына сол кезде сенудің өзі қиын болды. Бірақ, түрлі қазақи ем-домның арқасында бір жастан асқан соң кішкентай бөбектің беті бері қарады. Оның өзі біз үшін үлкен олжа болғаны белгілі. Артынан дүниеге екінші қызымыз Сандуғаш, ұлдарымыз Данияр, Дархан келді.

Ағамыз бен жеңгеміз басында ата-анамызбен бір шаңырақтың астында тұрды. Кейін екі ағамыздың бастамасымен жаңа үй салынып, екі есікті шаңырақ бой көтерді. Міне, осы үйдің бір жағында ата-анамыз, екінші жағында аға-жеңгеміз тату-тәтті бақытты күндерді бастан кешкендерін барлық ел қызығушылықпен айтатын. Жеңгеміз тамақ дайындаудың шебері болды десем, артық айтқандық емес. Қазірдің өзінде Көкшетау қаласында балабақшада аспазшы болып қызмет атқарып жүр. Солай бір кезде келін болып түсуінің мен баяндаған тарихы бар жеңгеміз бұл күнде әулетіміздің келбеті десек болады. Қай уақытта да үйіне барсақ, қуанышпен қарсы алып, барын алдымызға қойып бәйек болып жүреді. Бұл күнде ұлы Данияр мен келіні Әйгерімнің ұл-қыздарын тәрбиелеп, ардақты әже атанып отыр.

Ауылдан қалаға келіп, қоныс аударғаннан кейінде бұл отбасының алдарына қойған мақсаттары болды. Меніңше, ол кісілердің армандары орындалып, ұл-қыздары өмірден өз орындарын тауып, бұл күнде шаттыққа бөлеп жатқандары аян. Ендігі армандары Дархан ұлдарының бір басы екеу болып, оның да ұл-қыздарын тәрбиелеуге атсалысу. Барша әулеттің ендігі тілегі осы кіші ұлдың өмірде өзі қалаған жарын тауып, бір басы екеу болуы. «Көп тілегі – көл» дегендей, біздің ойымыз –  мақсат тез арада жүзеге асса.

Қалаға келіп, түрлі жұмыс атқарған жеңгеміз қай кезде де өз ісіне адал, бастаған ісін тиянақты орындауының арқасында қандайда бір ұжымның ортасында сыйлы бола білді. Оның анасы Сара құдағиымызды да өмірінің соңына дейін өз қолында ұстап, перзенттік міндетін адал атқара білген қайсар жан екені көпшілікке де мәлім. Бойында өмірге деген ерен құштарлық қашан көрсең де анық көрініп тұрады. Алла Тағала қашанда: «өзінің сүйікті құлдарына өзі көтере алатын сынақ береді», – дейді. Сондай сынақтарды мойымай көтеріп жүрген алтын жеңгемізге қашанда жақсылықтан басқа тілеріміз жоқ.

Бұл күнде сексеннің сегізіне аяқ басқан анамыз өзінің ұлдарынан да келіндерінің қас-қабағына көбірек қарап, соларға әрдайым ақ батасын беріп, жасап жатқан істеріне Алладан береке тілеп отырады. Әсте, келіндерінің жүздеріне қаяу түспесе екен деген тілегінен еш жаңылған емес. Қай-қайсысын болса да өзіне жақын тартып, оларға аналық мейірімін төгумен келеді. Қашанда қыздары мен келіндеріне жеңгеміз Ақмаралды сыйлап, құрметтеуді құлақтарына құйып отырады. Қазақтың керемет дана тұжырымдарының бірі: «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп», – деген осындайда айтылса керек. Сондықтан, Бұхар жырау бабамыздың:

Ағайынның аразы елдің сәнін кетірер,

Абысынның аразы ауыл сәнін кетірер, –

деген аталы сөзінде үлкен мән жатыр. Міне, анамыздың әрқашан абысындардың тату болғанын қалап, оларға өзінің аналық мейірімін ерекше төгуінің сыры осында жатыр-ау деп ойлаймын.

Бір қуанарлығы, жеңгемізден бастап, барлық ұл-қыздары, күйеу баласы, келіні бес уақыт намаз оқып, жаратқаннан тек жақсылық тілеп, баршамызға үлгі-өнеге көрсетуде. Осыдан екі жыл бұрын жеңгеміз ұмыра қажылыққа барып келіп, әулеттегі тұңғыш қажылық рәсімді жасаған жанның бірі болып отыр. Оның өзі жеңгеміздің қай кезде де жүрегінің ақтығын, арының тазалығын, бойында мейірімге толы аналық сезімнің жоғары екенін растайды. Ол тек өз отбасымыздың ортасында ғана емес, ағайын-туыстың, құда-жекжаттың, көрші-қолаңның, дос-жаранның, әріптестерінің арасында да өзіндік орны бар керемет ақыл иесі екенін талай мәрте дәлелдей алған қарапайым жан.

Міне, осындай асыл жеңгеміз Ақмарал Қалижанқызы 25ақпан күні мерейлі алпыс жасқа толғалы отыр. Өз басым жеңгемді «Ақама» деп атап кеткенмін, сондықтанда, Ақамадай аяулы жеңгеме әлі де болса қажымас қайрат, талмас талап, мұқалмас жігер тілеймін. Әрдайым осы қарапайым қалпыңнан айырылмай, анамыздың жасын беріп, ортамызда гүлдей жайнап жүре бер, Ақама алтын жеңешем!

Ғалым Төлегенұлы.

Тараз қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар