Біздерді бауырына басқан қазақ халқына мың алғыс!

 Көрікті көктемнің алғашқы күні елімізде Алғыс айту күні болып белгіленген. Бұл – Қазақстан халқын біріктіруге бағытталған, еліміздің тарихына құрмет көрсетіп, барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын айтулы мереке.

Елімізде Алғыс айту мерекесі 2016 жылдан бері аталып келеді. Мерекенің әуел бастағы мазмұн-сипаты Қазақстан аумағында тұрып жатқан түрлі этнос өкілдерінің, яғни, қиын-қыстау заманда елімізге жан сауғалап, өз еріктерімен және мәжбүрлі түрде келген жандардың қазақтардың дархандығы мен рухани және мәдени әдеп-ғұрыптарының арқасында аман қалғандары үшін ризашылықтарын жеткізіп, алғыс айтуларына арналған болатын. Себебі, Қазақстан сол зобалаң шақтарда күштеп көшірілген өзге ұлт өкілдеріне пана бола білді. Бүгінде олардың ұрпақтарының туған жері мен Отанына айналды. Соңғы уақыттары бұл рухани татулық пен ризашылық мерекесінің сипаты бұрмаланып, адамдардың бір-біріне алғыс айтып, өмірінде сол бір кісінің бар екеніне ризашылықтарын білдіретін күнге ауысып барады. Мерекенің негізгі сипатын ұмыт қалдырмағанымыз абзал.

Жалпы, кез келген мемлекет үшін қоғамдық келісімнің маңыздылығы зор. Халық үшін бейбіт заманда мамыражай өмір сүруден артық бақыт жоқ. Сондықтан, елімізде татулық пен тұрақтылыққа Тәуелсіздік алған жылдан бастап ерекше мән беріліп келеді. Себебі, халық бірлігі – мемлекеттілік негізі.

–Қоғамдық бірлікті ту етіп ұстау арқылы ғана біз алдымызға болашағы мол, өркендеп, дамыған Қазақстан елі туралы ұлы мақсаттар қоя аламыз. Қазақ халқы қашанда бірлік пен татулық мәселесіне ерекше мән беріп, оны тірліктің тұтқасы, өмірдің өзегі ретінде бағзы заманнан бағалап келген. Бірлік пен татулық тәлімі қазіргі көпұлтты Қазақстанда ерекше маңызды. Мемлекет құраушы ұлт, елдің, жердің иесі ретінде қазақ халқы өзге ұлттарға асқан үлгі көрсетіп келеді. Тарихқа көз жүгіртсек, қиын-қыстау кезеңге тап болған өзге ұлт өкілдеріне қашанда қамқор болып, мейірімін аямаған Алаш елі тағдырдың жазуымен жер аударылып келген түрлі ұлттарға төрінен орын беріп, бір үзім нанымен бөлісті. Сол үшін көптеген ұлттардың өткен және бүгінгі буыны қазақ халқына шексіз риза. Қазақ жерінде қазір 100-ден аса ұлт пен ұлыс өмір сүріп жатыр. Оларға Қазақстан азаматтары ретінде тең құқық берілген. Олар білім алу, емделу, жоғары лауазымды қызмет атқару мүмкіндіктеріне ие. Сондай-ақ, елімізде мекен еткен ұлттарға өз мәдениетін дамытып, салт-дәстүрлерін сақтауға лайықты жағдайлар жасалған. Олардың әрқайсысының ұлттық мәдени орталықтары тұрақты жұмыс істейді. Мәдени орталықтар әр халық өкілдерінің өз ұлттық дәстүрлерін сақтауына зор ықпал тигізіп келеді, –дейді «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Ермек Нұғыманов.

Столыпин реформалары кезінде Қазақстанға 1 миллион 150 мың адам, 30-шы жылдары 250 мың крестьян кулактары, сталиндік режим кезінде әр жылдары толықтай халықтар күштеп көшіріліп, соғыс жылдары Қазақстан эвакуацияланған халықтың350 мың адамын қабылдапты. 50-ші жылдары тың және тыңайған жерлерді игеру үшін 1,5 миллион адам  келіпті. Жалпы, ХХ ғасырдың басынан бері Қазақстанға 5,5 миллионнан астам халық көшіп келген.

Бүгінде Ақмола облысында 734 мыңдай адам тұрса, олардың 52,8 пайызы қазақтар, 32 пайыздайы орыстар, 4 пайызы украиндар, 3,5 пайызы немістер, 1,7 пайызы татарлар, 1,2 пайызы беларустар, 1 пайызға жуығы поляктар, 1 пайыздай ингуштар мен шешендер, басқа этностар да 1,2 пайызды құрайды.

Қазіргі таңдаҚазақстан халқы Ақмола ассамблеясының құрамында 108 адам болса, олардың 20-сы республикалық Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі. Облыста 46 этномәдени бірлестік (ЭМБ) тіркелген, оның 19-ы қоғамдық аккредиттеуден өтіп, ҚХА ЭМБ тізіліміне кірді. «Достық үйінің» ғимаратында бүгінде 17 ЭМБ кабинеті орналасқан.

Алғыс айту күніне орай осы бірлестіктермен хабарласып, сол бір зобалаң жылдарды бастарынан өткерген түрлі ұлт өкілдерінің қарияларын іздестіріп, әңгімеге тартып көрдік, көбі бүгінде жастары келіп, денсаулықтары сыр беруіне байланысты ештеңе айта алмады. Дегенмен, сол бір зұлмат кезеңнің көзкөргендерімен сөйлесіп, пікірлесе алмасақ та, олардың ұрпақтарымен әңгімелесіп, ата-әжелерінің, ата-аналарының аузынан естіген естеліктерін тыңдап оралдық.

Мен үшін қасиетті мекен

Таулы Кавказдың өр намысты, рухты халқы да сталиндік қудалаудан тыс қалмады. Ингуш-шешендердің Қазақстанға күштеп көшірілгеніне күні кеше 80 жыл толды. Ақмола облысындағы «Вайнах» ингуш-шешен этномәдени орталығының төрағасы Герихан Яндиев:

–Ингуш-шешен халықтарының күштеп көшірілгеніне ағымдағы жылдың 23 ақпанында тура 80 жыл болды. Бұл операция депортациялардың ішіндегі ең бір ауыры әрі сорақысы еді. Сол кездегі сұрқия саясат бойынша біздің ұлтымызға жала жабылып, толықтай Ингуш-шешен АКСР-ін таратып, жойып жіберу көзделді. Күштеп көшіргендерін Қазақстан мен Орта Азияға жеткізді. Тіпті, Таулы аймақтардағы халықты көшіруге жұмылдырылған техникалары жете алмайтын болған жағдайда, сол жердің тұрғындарын бірін қалдырмай баласы бар, қарты бар бәрін қора сияқты бір орынға жинап, өртеген. Қарсылық білдіргендерін атып, қинаған. Сондай бір азалы орындардың бірі – Хайбах аумағы. Біздің бабаларымыз Яндиев ауылынан еді. Соғыста жүрген азаматтарды майданнан шығарып тастап, қуғындаған.

Менің ата-бабамның айтуынша, оларды мал таситын сұп-суық вагонға шал-кемпір, жастар демей, барлығын араластырып бір вагонға мінгізіп, қыстың суық күнінде қинап әкелген екен. Сонда көптеген жап-жас жігіттер мен қыздар әжетханаға барғылары келсе де, вагонның дәл ортасынан тесіп қойған орынға отырып, қажетін өтеуге ұялып, қуықтары жарылып қайтыс болып жатыпты. Себебі, біздің ингуштар үшін бұл моральдық тұрғыдан өте ұятты, әрі жат жағдай. Тіпті, жолда қайтыс болған шалдар мен кемпірлерді білдірмей, ұйықтап жатыр немесе ауырып жатыр деп осы жаққа жеткізіп, көмген оқиғалар да жетерлік. Ал, егер біреу бірдеңе деп айтса болды, мылтықтарын безеп, атып тастап, жолда лақтырып кетіп отырған екен. Сөйтіп, менің аталарымды Зеренді ауданының аумағында түсіріп кетіпті. Әкем Зеренді ауданының Пухальск ауылынан, анам Айдарлы ауылынан. Бірақ, бір кездердегі саясатқа байланысты анамның жұрты оңтүстікке ауыпты. Менің анамның отбасында 18 бала болған екен, осындай сұрапылдан кейін солардың 4-еуі ғана тірі қалыпты.

Сталинизм салқыны бүкіл жерде өз ізін қалдырды ғой. Біздің бабаларымыз келгенде қазақтардың өзі он жыл бұрын ашаршылықты басынан өткерген кезең еді, қаншама халқынан айырылған. Осындай қилы кезеңді басынан өткерген соң, олар әр нәрсені жиып-теріп, сараң болуы тиіс еді. Мәселен, украиндықтар осындай ауыртпалықтан кейін сараң болып кетті ғой. Сұрқия саясат олардың ұлттық генін өзгертті. Әрине, ол ұлтты да түсінуге болады. Сол секілді қазақтар да барын жиып, тығып, ешкімге бермейтіндей өзгерулері тиіс еді ғой. Сонда мен: «Өздері осындай ауыр жағдайда отырып, қалайша бір нәрсемен бөлісе алды екен деп ойланамын». Құдай аулақ қылсын, егер мен аштықтың не екенін көріп, адам етін жеуге дейін баратын жағдайды басымнан өткерсем, онда мен де сараңның сараңы болар едім. Сондықтан, мен қазақтардың дархандығына, кеңдігіне үнемі таң қаламын. Осыдан олардың адамгершілігі мен мәдениетінің жоғары екендігін мойындаймын.

Сталиннің қолшоқпарлары біздің ата-бабамызды күштеп депортацияларда қазақтарға біздің ұлтты «адам жегіштер, аң тәрізділер келе жатыр» деп айтып, олардың теріс қарауы үшін дайындап қойған екен. Басында қазақтар байқап-байқап араласыпты, кейін уақыт өте, керісінше қиындық көріп келген ұлт екенін түсініп, бауырына тартып, жақындатқан екен.

Сондықтан, біз қазір қазақтардың ортасына түскенімізге, барымызды сақтап қалуға көмектесіп, қолдағандары үшін ризамыз.  Ұлтымыздың рухы мен мәдениеті сақталып қалғаны үшін қарыздармыз. Көптеген қиындықтар мен трагедияларды басынан өткерген Қазақстан қазіргі бейбіт өміріне, тыныштыққа әбден лайық мемлекет. Мұнда не болмады? Аштық та, қуғын-сүргін де, концлагерьлердің түр-түрі де, ядерлік полигонның зардабы да, тіпті АЛЖИР трагедиясы да осында болды. Енді біз барлық қазақстандықтар осы бейбітшілігімізді, тыныштығымызды сақтауға ат салысуымыз қажет. Осындағы тұрып жатқан әр ұлт қазақтардың қасына шоғырланып келгенін, олардың жомарттығы мен дархандығын ұмытпау керек.

«Тарихи Отаныңа неге оралмадыңыз?» деген сұрақты маған журналистер жиі қояды. Мен кеткім келсе, баяғыда көшіп кетер едім. Бірақ, мен Қазақстанда тудым, осында менің ата-бабамның рухы, естеліктері сақталған, осы қасиетті мекенде жерленген. Бұл жер – өте қасиетті, киелі мекен.  Сондықтан, мен Қазақстанда өмірімнің соңына дейін тұрамын, –дейді Герихан Ибрагимович.

 Жан жылулары бәрімізге тең бөлінді

Кәріс этномәдени бірлестігінің мүшесі Валентина Яковлевна Руднева-Цхай осылай дейді:

–Менің отбасым – ата-анам, ағамжәне әжем Ресейдің Шығыс Қиырынан – Приморье өлкесінен1937 жылы күштеп көшірілген. Атамыз Приморьеаймағындакезінде офицер болыпты, жасы үлкен болған соң, әрі сол кездегі құйтырқы саясаттың салдарынан оған «халық жауы» деп жала жауып, әскерге алмай, сонда еңбек армиясына алып қалыпты. Қақаған қыстың қатты аязында мұздаған суық вагондарда мал тасығандай жағдайда әкелген екен. Сол «товарняк» деп аталатын вагондарда суықтан тоңып, ауырып қалғандарға ешқандай көмек көрсетпей, қайтыс болғандарын жол-жөнекейлақтырып кетіп отырыпты. Келе жатқанда вагон-вагон адамдарды ешқандай тіршілігі жоқ, әрі кетсе екі-үш түтіні бар стансаларда, кейбірін айдалада тастап кеткен. Мұның барлығын көрген анам сол кезде менің әпкем Раяға екіқабат екен. Бұл қиындықтардан қалай аман қалғанына таң қаламын. Сөйтіп, менің ата-бабамды Тайынша стансасында түсіре салып, пойыз өз жөнімен кете берген. Анам «біздер сол кезде не істерімізді білмей, қолымызға іліктіріп алып шыққан бір сөмкемен амалсыздан қала бердік.Сол маңдағы кішігірім жер үйлердің мұржасынан түтін шығып жатқанын көргенде, ойымызда бір үміт оты жылт етті. Бұл жер 2-3 отбасы түтін түтетіп отырған кішігірім ауыл екен. Сол ауылда қазақтар тұрды. Өздері қиын кезеңді бастарынан өткеріп отырса да, тойып жейтін ас ауқаты болмаса да, суықта біздерге қорған болып, сол кішкентай ұядай үйлеріне кіргізіп, паналатты, ыстық су мен әрең тауып жеп отырған нанымен бөлісті» деп анам жиі айтып отыратын.

Анам бар ғұмырын Тайынша ауданында өткізді. Сонда ағам суық тиіп, оның үстіне дұрыс тамақ та жоқ, қатты ауырып қалыпты. Бір кезде ағам тіл қатып: «нан мен май жегім келіп тұр, үстіне қант сеуіп әкеліп берші» деп анасына қарапты. Әжем оның өмірден өтейін деп тұрғанын байқап, анама «барып көршілерден сұрап келші» деп жұмсап жібереді. Анам зыр жүгіріп, өздері аққа жарымай отырған көршілеріміз – қазақтардан барып сұрайды. Сол кезде бір әйел өзінің 4-5 баласы болса да, талғажау етіп отырған нанынан бір үзім кесіп, қалған айраннан үстіне жағып беріпті. Соны жүгіріп әкелгенше, ағам о дүниеге аттанып кетіпті. Мен 1943 жылы осы Қазақстанда дүниеге келдім. Әпкем Рая құрылыс институтын, мен педагогикалық институтты бітірдім. Тайыншада салынған бірқатар үйлерге менің анамның тері төгілген. Ал, әкем мұғалім болыпты. 1943 жылы сібір жарасын жұқтырып, қайтыс болды. Анам қазақ халқының мейірімі мен шапағатына, жомарттығы мен жанашырлығына өмір бойы риза болып өтті. Мен де сол бір зұлмат жылдары менің туғандарымды далада қалдырмай, шаңырағына кіргізіп, жылытқан, ас-суымен де, жан жылуымен де бөліскен қазақ халқына бас иіп алғыс айтамын, –дейді Валентина Цхай.

Қазақ халқына деген ризашылығы мен алғысы соншалық, бұл кейіпкеріміз оқуға түсіп, баспана жағынан қиындыққа тап болған қазақ балаларын қолдап, өз пәтерінде тұрғызып жүреді екен.

Жалпы, тарихқа көз салсақ, 1926 жылғы санақ бойынша Қазақстанда 42 ғана кәріс ұлты тұрса, 1989 жылғы санақта 103 мыңнан астам кәріске жетіпті. Қазақстанда кәрістердің бұлай күрт өсуі 1937 жылғы Ресейдің Қиыр Шығысынан жаппай жер аударуына байланысты. Сол жылдары Кеңес Одағында 182 мыңнан аса кәріс болса, солардың 96,5 мыңдайы Қазақстанға жер аударылыпты.

Менің Отаным – Қазақстан

Осындай күштеп көшіру зұлматын ата-бабасы бастан кешірген кейіпкеріміздің бірі – «Видергебурд» неміс этномәдени бірлестігінің және«Аналар кеңесінің»мүшесі Людмила Степановна Хаврушина. Ол: «Менің Отаным –Қазақстан. Мені бұл жерден қусаңдар да, ешқайда кетпеймін. Әркімнің өз туған жері ыстық» деп бір күлдіріп алды бізді әңгімеге кіріспес бұрын.

– Менің әкем – мордвин ұлтының өкілі Степан Дорогов, ата-бабасы  Қазақстанға 18 ғасырда келіпті.Сондықтан мен өзімді жергілікті ұлт өкілі санаймын. Әкем Ұлы Отан соғысына қатысқан, партизан болған, майдангер. Ал, анамның ұлты – неміс, Лидия Фридриховна Шульц Ресейдің Перьм аймағының Соликамск облысынан. Ғұмырында бірнеше рет күштеп көшіруге іліккен, ал, Қазақстанға анасымен бірге 1942 жылдың 22 қарашасында мал таситын вагондармен жер аударылып келген. Зерендіде НКВД-ны сол уақытта Победа деген адам басқарып, әдейі бір-бірінің тілін түсінбейтін ұлттарды бір жерге топтастырыпотырыпты. Әжем мен менің анамды Зеренді ауданының Серафимовка ауылына бөліпті. Олар Клавдия Нуяндина деген өзі де көпбалалы апайдың шаңырағының бір бұрышын паналапты. Сол жерде алты айдай жұмыс істеген анам мордвин тілін де, қазақ тілін де тез үйреніп алыпты. 1943 жылдың сәуір айында 18 жастағы анамды еңбек армиясына алып кетеді, ал, әжем сол ауылда ерлері соғысқа аттанып, әйелдерін жұмысқа күштеп жұмылдырған, яғни, еңбек армиясына алып кеткен отбасылардың бала-шағасына ие болып қалыпты. Анам еңбек армиясының орташа лагеріне түскен. Лагерьді басқарушы Васильев деген сұрқия адам күнде таңертең ерте барлығын сапқа тұрғызып: «Сендер адам емессіңдер, жұмыс малысыңдар. Малға жеке қабір бұйырмайды. Сендер бәрің өлесіңдер, сендерді бір шұңқырға лақтырып, бульдозермен көме саламыз. Мемлекеттен бұйыратын шапағат сол ғана» деп, ауыр сөздер айтып, адамдарды моральдық тұрғыдан баса беріпті. Ал, анам бізге: «Біз оның ауыр сөздеріне мән бермеуге тырысып, Отан үшін, әскердегі жауынгерлеріміз үшін еңбек еттік. Әрине, аш болдық, күніне бір рет көкөніс тамырымен тамақтанатынбыз» деп жиі айтып отыратын. Соғыс аяқталған соң, 5 шілдеде оларды үйлеріне жіберу туралы бұйрық шықса да, лагерьдегілерді әрі қарай ағаш кесуге алып қалыпты. Аптасына бір рет демалыс береді екен, сондай демалыстардың бірінде қашып кетуге мәжбүр болыпты. Жақын стансаға жетіп, алдынан қазақ қызы шығып, барлығын оған түсіндіріп айтқан соң, ол қол ұшын беріп, анасына оралуға көмектесіпті. Кейін Серафимовкаға оралған соң, әкемді кездестіріп, отбасын құрып, 5 бала тәрбиелеп, осында бар ғұмырын өткізді. 1956 жылға дейін Серафимовкада тұрдық, сосын 1-Май ауылына көштік. Мен мектепті осы ауылда бітірдім. Бізді ешкім неміс деп немесе мордвин деп бөлген емес. Ол кезде ұлтқа бөлу деген түсінік болмайтын. Тіпті, інім мектепте оқып жүргенде: «неміс тілін үйренбеймін, ол фашистің тілі» деп отырып алыпты. Содан анамды мектепке шақырған күндер болған. Біз бәріміз Қазақстанда білім алып, өсіп жетілдік. Кейін сіңлім жұмыс бабымен Тюменге ауысып кетті. Інім екеуіміз осындамыз. Біздің отбасымыз өмір бойы қазақ халқына риза болып өтеді. Мұнда біз жергілікті халықтың мейірімділігімен, шапағатына бөлене алдық. Отбасын құрып, тамыр жайдық, өсіп, өркендедік. Сондықтан, маған біреу өздеріңнің тарихи Отандарыңа барыңдар десе де кетпеймін. Туған жерім – кіндік қаным тамған жерімде, ғұмырымның бар асылын өткізген елімнен ешқашан жыраққа кетпеймін, – деді Людмила Степановна.

Киелі елден пана таптық

Қиын заманда тағдыр тауқыметін тартып, атамекендерінен үдере көшкен поляктарды қазақ халқы сол кездегі ауыртпалықтарға қарамастан құшақ жая қарсы алды. Бүгінде поляк халқының мәдени орталықтары мен бірлестіктері республиканың әр аймағында өз жұмыстарын белсенді жүргізуде. Ақмола облысында да поляктардың бірлестігі бар.

Тарихи деректерге жүгінетін болсақ, өткен ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдары аралығында Польшадан Қазақстанға 32 мыңға жуық поляктар жер аударылыпты. Олар еліміздің солтүстік аймақтарынан қоныс тауып, сол елді мекендерге сіңісіп кеткен. Бүгінде поляктардың өсіп-өнген ұрпақтары елімізде тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр.Біз әңгімелескен поляк ұлтының өкілі Наталья Иосифовна Карпова өзінің ата-бабасына жеке тоқталмаса да, естіген, білген әңгімесінен сыр шертті.

–Поляктар мен немістердің Қазақстанға көшірілгеніне 88 жыл толғалы отыр. Алғашқыда поляктар Батыс Украинадан қазіргі Солтүстік Қазақстанның аумағына, нақтырақ айтқанда, Тайынша ауданына күштеп көшірілді. 1936 жылы күзге дейін 600-900 адамнан тұратын 40 эшелон переселен келген екен. Қысқа дейін олар өздері паналайтын тұрғын жай мен малдарына қора салып үлгерулері керек болыпты. Сол кездегі Келлер ауданында 2 жыл ішінде тұрғындар саны 21 мың адамнан асса, оның 12 мыңнан астамы поляктар, 5 мыңға жуығы немістер болыпты. Мария Крафт есімді сол Келлер ауданының тұрғыны бірде маған өз отбасының қалай келгені жайында айтып берген еді:

–Біздің отбасымыз Украинаның Польшамен шекаралас Хмельницкий облысының Лесная ауылынан. Зобалаң жылдары отбасымызбен Тайынша ауданына әкеліп түсірді. Келе салысымен жолдың қиындығын көрген, ашыққан адамдар бірден суға бас салып, ішіп, жуынып естерін жиды. Кешкісін әйелдер мен балаларды жүк машинасымен алып кетсе, ер азаматтар алдарына салып берген малды айдап жаяу жүре берді. Тиісті жерге жеткен соң, палаткалар құрдық. Ер азаматтар құдықтар қаза бастады, кейін сол жерде тұрғызылған ауыл Горький деп аталды. Шөп шауып, колхоз малын  бақтық, жер үйлер салуға саман дайындадық.  Екі бөлмелі саман үйлер тұрғызылды. Алғашқы жылы бір бөлмеде екі отбасыдан 10-12 адамнан тұрдық. 1937 жылы еккен егін шықпай қалды, нан да, картоп та болмады. Халық ашыға бастады. Көрші ауылдарға барып, тамаққа киім-кешек, төсек жабдықтарын ауыстырып әкелетінбіз. Сол жыл өте ауыр болды, қыстың суығында тамақ іздеп шыққан адамдар үсіп қалып, балалар аштықтан өліп жатты. Тағдырдың басқа салған бар қиындығын өткеруге тура келді. Соғыс басталғанда ер азаматтардың барлығын әскерге, 1943 жылы қаңтарда әйелдерді еңбек армиясына әкетті. Аязды күн болатын. Сол күнгі әйелдердің зарлаған ащы дауысы мен балалардың жылаған зар үнін айтып жеткізу мүмкін емес. Содан әйелдер балаларын бөтен қарттарға тапсырып, еңбек армиясына кете барды. Сонда тегі Шульц деген бір неміс әжей көптеген балаларды бауырына басып алып қалды. Сол еңбек армиясына кеткендер тек 1947 жылдан бастап қана өз отбасыларына орала бастады. Осы сұрапыл жылдары бізге жақын орналасқан Жаңатілек ауылындағы қазақтардың шапағаты мол болды. Аштықтың, қуғын-сүргіннің, соғыстың зардабын көрген адамдар болса да, алдына барған адамына жылы жүзбен қарап, сүті мен айранын, құрт-ірімшігін беріп, арқасынан қағып, басынан сипап, жақын тартатын, – деп айтып берген. Осыдан артық мен ештеңе айта алмаймын.

Алғыс күніне орай, қазақ халқына біздің ата-бабамызды бөліп жармай, жандарына жақын тартқандары, өз баласындай көргендері үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Кейін бәрі басылып, жылымық орнаған тұста да олар біздің ата-аналарымызды, бізді ешқашан шеттетіп, сен неміссің, немесе поляксың, сен қазақ емессің деп айтыпалыстатқан емес. Қазақ ұлтының үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, әлсізге пана бола алатын ұлттық ділі көп ұлттың бойында бола бермейтін қасиет. Осы қасиеттері үшін де мың алғыс, –деді Наталья Карпова.

Түйін

Иә, көпұлтты Қазақстанның тарихы осындай жағдайлардан қалыптасқан. Бүгінде еліміз 130-дан астам ұлт пен ұлыстың аяулы мекеніне, шаттықты шаңырағына айналды. Олардың қай-қайсымен сөйлессеңіз де, жергілікті халықтың дархандығы мен жомарттығына, адамгершілігі мен мәдениетіне, тіпті ұлттық діліне, адалдығына ризашылықтарын білдіріп, ақ алғысын жеткізеді.

«Алғыс» ұғымының өзі көп нәрсені аңғартады емес пе? Мәселен, қазақта «Алғыс арқалаған ер азбас», «Алғыспен ел көгерер» деген секілді бабалардан қалған ұлағатты сөздер де бар. Алғыс айту ғана емес, оны естудің өзі де рухани туыстыққа үндейді емес пе?!. Тоқ етері, тату болуға деген тілек те, ынтымақты болуға ниет те алғыс айтудан басталады.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар