Тілді дамыту – басшыға да, қосшыға да ортақ парыз

«Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде». Соңғы жылдары осындай қағидатпен өмір сүріп келеміз. Бұл кез-келген салаға ғана қатысты емес, тіпті көпшіліктің өмір сүру қағидатына да айналып кеткен. Селқостық,  сыр бермеген сыңай таныту, жанымыз ауырса да байқатпау, кемшін тұсын көріп тұрсақ та көрмегенсу. Бүгінгі қоғамға кесел болып жабысқан басты дерт осы!      

Біздің Ақмоладағы жалпы,солтүстік өңірдегі жергілікті халықтың басым көпшілігі орыс тілді. Бір ғажабы – мемлекеттік тілді дамыту мәселесі бойынша атқарылатын шаруасы шаш-етектен өңірде тілдерді дамыту басқармасы қысқартылып, өзге басқарманың құрамына бөлім болып енгізілді.  Біз сонда да, қыңқ еткен жоқпыз! Себебі, «бізде бәрі жақсы» немесе «естімей қалдым», «қойшы, мен нені өзгерте аламын», «маған қатысы жоқ», «солар не бітіреді дейсің» деген желеуді, қысқасы әркім өзіне оңтайлысын алып, өзді-өзін ақтап алған. Күрескен жан болған да шығар, бірақ, «жалғыздың үні шықпастың» кері болғанға ұқсайды. Қазіргі таңда Ақмола облыстық ішкі саясат жанында тілдерді дамыту бөлімі ғана бар. Ондағы қызмет ететін адамдар да көзге ыстық, өзімізге жыға таныс, тіл жанашырлары. Қазақ тілін дамытуға өз үлесімді қоссам деп жүрген жандар. Басқарма жабылса да, басқа салаға ауысып кетпей, бір күн болса да қазақ тілінің өркендеуіне өз үлесімді қоссам деп жүрген ұлтының шынайы патриоттары. Бір Айгүл Дүзелбайқызының өзі неге тұрады?! Біздегі тіл бөлімінің мамандары басқарма жабылып қалды екен деп қол қусырып қарап отырған жоқ. Әсіресе, біздің Ақмола облысында ономастика саласы бойынша атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың арқасында кешегі Кеңес дәуіріндегі орысша атаулардың біразы қазақшаланғандығын айта кетсек орынды. Ресми деректерге сүйенетін болсақ,  2016 жылы  239 көше, 2017 жылы 299 көше  және 7 елді мекен қазақша атауға ие болса, 2018 жылы 23 елді мекен мен 696 көшенің атауы осылай жаңартылған. Бір атап өтерлігі, оның 69-ы облыс орталығы Көкшетау қаласына тиесілі екен. Бұл үрдіс соңғы жылдары да жарасымды жалғасын тауып отыр.  Атап өтерлігі, бұл мәселеде көп өңірден біздің көшіміз бір қадам ілгері.

Бірақ, өңірдегі тіл саясатына тікелей байланысты қазақ тілді мектептерінің ахуалы алаңдатады. Облыс орталығында олардың саны онға да жетпейді. Орыс тілді ұрпақты қазақыландыру алдымен біліммен сабақтас дүние емес пе?Ақмола облыстық білім басқармасының берген мәліметтеріне сүйенетін болсақ, өңірімізде жалпы білім беретін 537 мектеп бар. Оның 6-уы жекеменшік білім ордасы.  Мемлекеттік білім беру ұйымдарында 137234 оқушы білім алса, жекеменшік білім беру ұйымдарында 1034 оқушы оқиды. Соның ішінде қазақ тілінде оқытатын 149 мектеп бар, онда 31753 оқушы білім алады. Ал, орыс тілінде білім беретін 170 мектеп, ол жерде 24460 оқушы оқиды.  212-сі аралас мектеп. Аралас мектептерде 81021 бала білім алуда.Аралас мектепте тіл меңгеру деңгейі қаншалықты екендігін айтпасақ та белгілі ғой…

Ақмола облысындағы отызға жуық колледждің екеуі ғана қазақ тілінде білім береді. Оның бірі – Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі бола, екіншісі – Қорғалжын ауданындағы агротехникалық колледжі.  Өңірімізде орналасқан  колледждерде білім алатын студенттердің жалпы саны 20516 адам болса, оның бар жоғы 5702-сі ғана қазақ тілінде оқиды екен, біз бұл деректерге аралас тілде білім беретін колледж оқушыларының санын да қосып отырмыз. Әйтпеген күнде қолда бар деректерге сүйенсек, таза қазақ тілінде білім беретін екі оқу орынның оқушылар саны екі мыңға да жетпейді.  Сонда алдағы уақытта 15 мыңға жуық түлек, яғни, болашақ маман орыс тілінде білім алып жатыр деген сөз. Бұл колледж оқушыларының саны ғана. Осындай деректерден кейін Көкшетаудағы тіл ахуалын өзіңіз-ақ бағамдай берсеңіз болады. Иә, рас, тәлім-тәрбие дегеніңіз,  әрине, алдымен ұшқан ұядан. Бірақ, өздері орысша оқып, ана тілін еркін меңгермеген ата-анаға балаңыз неге орысша сөйлейді деп сұраудың өзі қисынсыз емес пе?.

Бізде тіл мәселесіне байланысты өткізілетін отырыстар да бір сарынды өтеді. Тіл жанашырлары жиналып, өз ойларын ортаға салады, іштегі шерін тарқатады, бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Былай жалғаса берсе сең қозғалмайтын сыңайлы.

Ұрпақ тәрбиесі дегенде ойға алдымен балабақша мәселесі оралатыны бар. Өзге өңірлерде қайдам, біздегі қазақ балабақшаларындағы тәрбиешілердің балдырған балалармен өзге тілде сөйлейтіндігі де өтірік емес. Ана бір жиналыста осы мәселеге байланысты облыстық ішкі саясат басқармасы білім басқармасымен бірлесіп, арнайы мониторинг жүргізіліп, жүйелі жұмыс жасалынады деген. Нәтижесі әлі белгісіз. «Қазақ тілі» халықаралық қоғамы қоғамдық бірлестігі Ақмола облыстық филиалының төрағасы Ермек Бекенұлы Нұғыманов көп жиындарда облыстағы барлық балабақшаларды мемлекеттік тілге көшіру туралы ұсыныс білдіріп келеді. Керемет бастама! Мемлекеттік деңгейде қолдау болса, өңірімізде тек қана қазақ балабақшалары ғана емес, қазақ мектептерінің де саны арта түсетін болар еді.

– Баламның жасы бесте. Осы уақытқа дейін ауылдағы ата-анамыздың қолында тәрбиеленді. Өткен оқу жылында Көкшетауға алып келіп, даярлық тобына оқуға бердік. Таза қазақша сөйлейтін баламыз санаулы уақыт ішінде орысша сөйлеп кетті. Бұған дейін орысша сөйлемек түгілі, түсінбейтін.  Ауылда ата-анамыз баламызды «орыс» қылдыңдар деп ренжиді. Кімге кінә артарымызды білмейміз? – дейді А.есімді оқырманымыз. Газетке есімімді өзгертіп жазыңызшы, баламызға қырсығы тиіп кетеді деген өтінші бар. Сол баяғы біз жоғарыда атап өткеніміздей, «жанымыз ауырып тұрса да сыр бермеу», «бізде бәрі тамаша» деген қағидатты ұстанудың кесірінен болып жатқан жағдайлар ғой. Ешкімді сөгуден аулақпыз. Бірақ, осындай мәселенің бары анық. Оны шұғыл шешпесек, ұлт болашағына алаңдамасқа болмайды. Ал шешу жолы біреу ғана. Өңіріміздегі барлық балабақшаларды қазақшаландыру керек. Сұраныс баржерде даму болатыны анық!

Қазақ мектептері де керек деп қашанғы армандай береміз. Басшылар өздері біліп, сол мектептерді көбейтуі керек емес пе?! Жастар қазақша сөйлемесе, балаларымыз қазақша оқымаса, мемлекеттік қызметшілер қазақ тілін білмесе, «білейік» деп ұмтылмаса, қазақ тілінің болашағы бар деп айта  аламыз ба?!.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар