Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
 Жақсылықты білетін қарапайым ауыл баласы - АРҚА АЖАРЫ

 Жақсылықты білетін қарапайым ауыл баласы

1944 жылы мыңдаған шешендер мен ингуштар Қазақстан жеріне  күштеп жер аударылды. Қазақтың жүрегіндей кең даласынан бақытын тапқан талай ұлт пен ұлыстың отбасы қазіргі уақытта  тең құқылы, тыныш қоғамда өмір сүруде. 

Депортацияның зұлмат әсеріне қарамастан, бүгінгі күні бұл диаспораның ортасы толып, елімізде өткізілген соңғы ресми санақ бойынша 34 мыңға жуық адамды құрап отыр. Бүгінде олар Қазақстанның толыққанды азаматы болып, ел экономикасын көтеріп, болашағын қазақстандықтармен бірге көруде.

Бұланды ауданындағы шешен-ингуш диаспорасы өкілдерінің бірі – Мұрат Хаджибикарұлы Кусиев. Бүкіл саналы ғұмырын еңбекке, отбасына, бала тәрбиесіне арнаған ол бүгінде зейнет жасына жетіп, ақсақал деген құрметті мәртебеге ие болып отыр.

Мұрат Хаджибикарұлы репрессияға ұшыраған отбасында, 1955 жылы Бұланды жерінде, Ерголка ауылында дүниеге келген. Қасіретті жылдардың Кавказ халықтарына әкелген ауыртпалығы туралы ата-аналарының естеліктерін естіп өскен Мұрат ақсақал, 1944 жылы қанды қуғын-сүргіннің салдарынан ингуш, шешен және Солтүстік Кавказдың басқа да халықтары жүк вагондарымен Қазақстанның алыс аймақтары мен Орта Азия республикаларына жөнелтілгенін көзіне жас алмай айта алмайды. Осы қайғылы оқиғаның салдарынан мыңдаған қоныс аударған адамдар аштық пен аурудан қайтыс болды, олардың арасында қарттар мен жас балалар бар еді. Ең маңыздысы – шарасыз жер аударылғандарға қиын кезеңде қазақтар мен ауылдағы басқа да ұлт өкілдері жайлы жағдай жасап, оларды жылы қабақпен қарсы алып, соңғы бір үзім нанымен, қуырылған бидайымен бөліскен еді. Өздерінің жағдайы нашар болса да, соңғысын беруге даяр еді. Қазақта «Аштықта жеген құйқаңды, тоқтықта ұмытпа» деген дана сөз бар, сондықтан маңдайға жазылған тағдырды басынан кешірген тау халқының ұрпағы қазақтардың көрсеткен көмегі мен жасаған жақсылығын әрдайым есте сақтап, үнемі ризашылығын білдіріп тұратыны – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып отырған дәстүр деп де айтуға болады.

Мұрат Хаджибикарұлы – қарапайым ауыл баласы, 8-сыныпты бітірген соң Макинск қоғамдық тамақтандыру мекемесіне жүргізушісі болып жұмысқа орналасыпты. 1973 жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, Отан алдындағы әскери борышын өтеп, үйіне оралған екен. 1977 жылы «Макинский АвтоТЭП» мекемесінде «ЗИЛ-130» жүк автомашинасының жүргізуші болып жұмысқа орналасқан. Автокөлікшілер егін орағы кезінде жанқиярлықпен еңбек етіп, егістіктен 5-6 мың тонна астықты комбайнға тасымалдап, тәулігіне 17 комбайнға қызмет көрсеткен кездері болыпты. 1989 жылы осы кәсіпорынның бас инженері болып тағайындалуы – оның жұмысқа деген жауапкершілігі мен ынтасының дәлелі. Сонымен бірге, аудандық, облыстық партия комитеттерінің мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға да етене араласқан. Еңбегі үшін Мұрат Қусиев «Коммунистік еңбегінің екпіндісі», «Егін жинау үздігі», «11-інші бесжылдықтың көлік жүргізу шебері» мерекелік төсбелгілерімен және көптеген Алғыс хаттармен және грамоталармен марапатталған.

Совет үкіметі ыдырағаннан кейін, 1998 жылы Мұрат Хаджибикарұлы «АХЧ Макинск» атты жеке кәсібін ашыпты. Ал, 2005 жылы Макинка станциясының басшысы лауазымына тағайындалды. Бүгінде жалпы 46 жылдық еңбек өтілінен кейін құрметті зейнеткерлікте.

Кейіпкеріміздің өмірдегі басты тірегі мен қуанышы – сүйікті де тату-тәтті отбасы. Адал жарымен бірге 10 баланы дүниеге әкеліп, өсірген. Үнемі қарбалас жұмыста, іссапарларда жүріп, балаларының қалай өскенін байқамай қалғанын күлімсіреп айтады. Ерлі-зайыптылардың 30 шақты немересі бар.

– Мен Қазақстанды өз Отаным деп санаймын. Менің барлық достарым, жақындарым осында. Кавказда да бауырларым тұрады, бірақ Кавказдағы туыстарыма қонаққа барған сайын мені туып өскен еліме, үйіме тартып тұрады, өйткені мен қазақпын – деген жүректен шыққан шынайы сөздері оның патриот екенін аңғартса керек.

Жылы, рәуішті жағдайда өткен сұхбатын Мұрат Хаджибикарұлы ешкімді жат санап, жатырқамаған, шексіз мейірімін төгіп, қолындағысын аямай, қамқорлық пен ізгілік танытқан қазақ еліне деген шексіз алғысымен аяқтады және халқының бірлігі – басты құндылығымыз екенін есінен ешқашан шығармайтынын жеткізді.

        Айгүл АМАНЖОЛОВА.

Бұланды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар