Шаңғышының ерлігң мен шарапаты

Қазақстан тарихында алтын әріппен жазылып, халық жадында қалған 1994 жылдың ақпан айында Норвегияның Лиллехаммер қа­ла­сында өткен XVII қыс­қы Олимпиада ойындары еді. Дүбірлі додаға әлемнің 67 елінен келген 1739 спортшы бақ сынаса, аталмыш Олимпиадаға Қазақ­стан алғаш рет жеке мемлекет ретінде қатысты.

Дүбірлі додада ел қоржынына 1 алтын, 2 күміс медаль түсті. Бұл ме­даль­дардың үшеуін де шаңғышы Владимир Смирнов салды. Нәти­жесінде, Франция, Қытай, Ұлыбритания, Украина сияқты спорт алпауыттарын артқа тастап, 12-орынға тұрақтадық. Сол оқиғаға 30 жыл толып отыр. Осыған орай, Ақмола облысының әкімдігінің ұйымдастыруымен Бурабай ауданы, Щучинск қаласының  шаңғы базасында еліміздің түкпір-түкпірінен 400-ден астам спортшының қатысуымен өткен республикалық шаңғы жарысы мерейтойға арналды.

Спорттық іс-шараның салтанатты бөлігін аша отырып, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов бұл жеңістің жас мемлекеттің беделі үшін маңыздылығын атап өтті.

– Осы бір қуанышымызды, барша халықпен бөлісіп, байрақты бәсекеде ел абыройын асқақтатқан даңқты жерлесіміз Владимир Смирновты бүгінгі спорт мерекесіне арнайы құрметті қонақ ретінде шақырып, өскелең ұрпаққа өнеге болар салтанатты шара ұйымдастырып отырмыз. Сол кезде Владимир Михайловичтің арқасында Қазақстанның олимпиадалық дебюті өтті және әлемнің барлық спорт жұртшылығы біздің елімізді танып білдік. Қысқы Олимпиаданың ашылу салтанатында Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік Туы алғаш рет көтерілді. Ал жерлесімізді марапаттау рәсімінде еліміздің Әнұраны алғаш рет шырқалды. Бұл тарихи жеңіс, нағыз жеңіс болды, – деп өңір басшысы ел Президентінің Жарлығымен аты аңызға айналған қазақстандық спортшы Владимир Смирновты ІІ дәрежелі Достық орденімен марапаттады.

Сондай-ақ, Марат Ахметжанов өз сөзінде, «Мемлекет басшысының тапсырмасы аясындаоблыста спорт саласы, соның ішінде инфрақұрылымқарқынды дамуда. Жыл сайын спорт нысандарының желісі кеңейіп келеді. Соның арқасында спортпен айналысатын адамдар саны көбеюде. Біздің өңірде, өзінің ерекшелігіне орай, қысқы спорт түрлері басымдыққа ие. Бұл спорт түрлерінің өкілдері ірі әлемдік спорттық жарыстарда, еліміздің намысын сәтті қорғап жүр. Бүгінде танымал спортшылардың ізін басатын жастарымыз бар, – дей келе, Президенттің бастамасымен құрылып, халыққа тиімді көмек көрсетудің құралына айналған «Қазақстан халқына Қоры»-ның біздің аймақпен ынтымақтастығын тілге тиек етті. Онда, облысымызда «Ауылға шаңғы» жобасы жүзеге асырылуда делінген. Қазіргі уақытта, ауылдық спорт мектептері 700-деп астам заманауи талаптарға сай шаңғылармен жабдықталып отыр. Бұл жобаның мақсаты – балалардың шаңғы спортымен айналысуына жағдай жасап, болашақта Смирновтай чемпиондардың шығуына мүмкіндік тудыру. Шын мәнінде қысқы олимпиададан Владимир бағындырған биікке әлі ешкім шыққан жоқ. Енді қанша жыл кү­те­міз, ол жағы тағы да белгісіз. Бүгінгі халықтың дені сол күннің қайталанарын күткендей, чемпионымызға зор құрмет көрсетті.

Шара барысында, Владимир Смирновтың жетістігі тағы да жоғары деңгейде атап өтілді. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлыханов сөз сөйлеп, барлық жарысқа қатысушыларды және тұңғыш олимпиада медалінің иегерін құттықтап, иығына шапан жауып, құрмет көрсетсе, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев аталған министрліктің құттықтау хатын табыс етті. Және де, Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитетінің параолимпиадалық спорт түрлерін дамыту жөніндегі вице-президенті Серік Сәпиев те ыстық лебізін білдіріп, қошеметін көрсетті.

– Олимпиадада ел атынан өкілдік ету, көшбасшы болу, олимпиада медалін жеңіп алу үлкен мақтаныш. Ақмола облысының өкілі ретінде халықаралық жарыстарда еліміздің атынан қатысу үшін бар күшімді саламын, – деп Олимпиада чемпионы Владимир Смирнов құрмет көрсеткені үшін Мемлекет басшысына, облыс әкіміне алғыс білдіріп, спортшы ретіндегі Олимпиадада жеңіске жетелеген жолы Щучинск қаласындағы стадионнан басталғанын есіне алды.

Құттықтау рәсімі аяқталған соң, Марат Мұратұлы мен Владимир Михаилович қонақтармен бірге, стадионда шаңғы жарысын тамашалап, мәреге жеткен қатысушы спортшыларға естелік медальдарды табыстады. Соңында облыс әкімі өңірлік және республикалық БАҚ өкілдеріне сұхбат берді. Айта кетейік, өңірде Владимир Смирновтың туған қаласында спорт сарайы салынып жатқаны белгілі болды. Бүгінгі таңда, бес спорт кешені, 62 спорт алаңы жабдықталған.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар