Ұстаз ұлағаты мәңгілік

Ерейментау қаласында тоғызқұмалақ ойынынан белгілі ұстаз, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі Балташ Сыздықұлы Дүйсеновті еске алуға арналған 8-ші республикалық турнир өткізілді. Турнирге Алматы, Екібастұз, Ақсу, Ерейментау қалаларынан және де Алматы, Ақтөбе, Ұлытау, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Ақмола, Жетісу облыстарынан барлығы 185 жеткіншек қатысты. Қостанай облысынан келген Қошмағанбет Фариза 7 жаста болса, Алматы қаласынан келген Әлихан Амангелдіұлы 8 жаста екен.

Тамаша безендірілген жаңа спорт кешенінің залына халық лық толды, біз кіріп келгенде жастардың қуанышы мен жарқын дауыстарынан  жылылықтың ыстық лебі сезілді.

Турнирді салтанатты жағдайда аудан әкімі Нұрлан Мұқатов ашып,  Балташ Сыздықұлы туралы тұшымды ақпараттар айтып, жарысқа келген жастарға алғысын білдірді.

Ерейментау ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген бапкер Қайыркен Жақып және еңбек ардагері Ерболат Шахатов өз лебіздерін білдірді. Өз кезегінде сөз алған Балташ ағамыздың қарындасы Балжан Сыздыққызы келген қонақтарға алғысын білдіре отырып, ағасының өмірбаянына тоқтала кетті. Жеткіншектерге ақ батасын беріп, ақ жол тілеп, төрешілерге мейлінше әділ болуларын тілек ретінде жеткізді. Осылай турнир басталып та кетті.

Келген қонақтарды қарсы алу, орналастыру, тамақтандыру  жағдайын жоғары деңгейде ұйымдастырған ел азаматы, белгілі ұстаз, балуан Сәрсенбек Темірғалиұлына алғысымыз шексіз. Екі күнге созылған турнирдің тартысты болғандығы көрерменнің көтеріңкі көңіл-күйі мен жанкүйерлердің жалынды қолдауларынан анық байқалды.

Турнирдің қорытындысы бойынша тоғыз жастағы ұлдар арасынан Бақтыбек Дияр 1-ші орын, Екібастұз қаласынан Айсұлтан Қайриденов 2-ші орын, Павлодар облысының Ақсу қаласынан Әзім Ахметов және Жетісу облысынан Марлен Берікболұлы 3-ші орынды иеленді.

Қыздар арасында Қостанай облысынан Айлана Айтмағанбетова 1-ші орын, Жания Мешітбай 2-ші орын, Ақсу қаласынан Хабиба Сапар және Ақтөбе облысынан Назерке Даужанова 3- ші орын иеленді.

Он бір жастағы ұлдар арасынан Ақсу қаласынан Авилхан Жасын 1-ші орын, Семей қаласынан Хасен Ерсұлтан 2-ші орын, Жетісу облысынан Серікқожа Абай және Ақтөбе қаласынан МадиярБақдәулетов 3-ші орыннан көрініп, жеңіске ие болды. Әрі қарай өз топтарында Қостанай облысынан Милана Амантаева, Бурабай ауданынан Нұрәмір Нұрғалиев, Ақтөбе қаласынан Айша Бегалиева жүлделі бірінші орындардан көрінді.

Сонымен қатар, жарысқа қатысушылар жалпы командалық есеп бойынша да марапатталды. Бірінші орынды жеңіп алған Ақсу қаласының командасына телевизор табыс етілсе, екінші орынды иеленген Семей қаласының командасы, үшінші орыннан көрінген Қостанай облысының командасы ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Турнир соңында Ақтөбе облысы Байғанин ауданынан келген төреші, Державинск қаласынан келген жаттықтырушы турнирдің жоғары деңгейде өткенін, төрешілердің шешімдерінің әділ болғанын айтып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

Жарыс соңында аудан әкімшілігіне, жайдары да жарқын жүзді жерлестерімізге рахметімізді білдіріп, қимастықпен қоштастық. Жарыс көрермен көңілінен шығып, жастардың тоғызқұмалақ ойынына деген ынта-ықыластарын арттырғанына кәміл сенімдеміз.

Талғатбек ЖАНАЙДАРҰЛЫ.

Астана қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар