Қазақстан тарихында өткен ғасырда елеулі орын алған оқиғалардың бірі – тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны еді. Биыл бұл тың эпопеясына 70 жыл толып отыр. Осыған орай, Қазақстан Халық партиясы Көкшетауда «Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игерудің тарихи аспектілері» тақырыбында ауқымды конференцияұйымдастырып, аграрлық сектор мен ғылыми қоғамдастық бұл айтулы кезеңнің тереңіне бойлады. Конференцияға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ислам Сұңқар мен солтүстік облыстардың ғалымдары қатысты.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі күйреп, қуаты кеміген ауыл шаруашылығы саласын қалпына келтіріп, дамыту мақсатында Кеңес Одағында бастау алған, ондаған жылдар бойы жүргізілген бұл кешенді іс-шара мен оның нәтижесін жоққа шығаруға болмайды.
–Конференцияны ұйымдастырудағы мақсатымыз – жас ұрпақты тың және тыңайған жерлерді игерудің мән-маңызын, мақсаты мен міндетін айқындайтын тарихи құжаттарға, мұражай жәдігерлеріне бойлатып, тыңға келушілердің еңбекке деген құлшынысы менталпынысын, ерік-жігері мен достығын насихаттау, осы тарихи датаға жұртшылықтың назарын аударту,–дейді ұйымдастырушылар.
Конференцияның пленарлық мәжілісі алдында жиналған қауымға сол бір кезеңнің өткенінен сыр шертетін естелік құжаттар мен кітаптар, фотосуреттер, тұрмыстық заттар қойылған көрме ұсынылды. Сонымен бірге, жергілікті жердің өнімдерінен жасалған ас атасы – нанның түр-түрі қойылды. Тың игеруге келушілердің алғашқы легі мен олардың ұрпақтары осы жерде өз естеліктерімен бөлісті.
Пленарлық мәжілістің ашылуында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық сектор жөніндегі комитеттің мүшесі Ислам Сұңқар және тарихшы, профессор, PhD докторы Жақсылық Сәбитов құттықтау сөз сөйлеп, алғашқы тың жылдары республикаға ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші он мыңдаған мамандар мен құрылысшылар, 260 мыңнан астам механизатор келгенін тілге тиек етіп, сол кезде қазіргі мультимәдениетті Қазақстанның көпэтностылығы қалыптаса бастағанын айтты. Тыңгерлердің азаматтық ерік-жігері бүгінгі ұрпаққа үлгі болуы тиістігін алға тартты.
Мәжілісте Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астана, Көкшетау қалаларының аграрлық сектор мамандары мен ғалымдары баяндамалар жасады. Алғашқы баяндаманы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы, биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының және Ресей жаратылыстану академиясының академигі Әбілжан Құсайынов жасап, «Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игерудің әлеуметтік-экономикалық, экологиялық салдары» тақырыбын қозғады, қазіргі уақыттағы ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге қатысты біраз өзекті мәселелерді көтерді.
–Тың және тыңайған жерлерді игеру жобасы бұл Қазақ КСР-ін ғана емес, түгелдей Кеңес Одағын ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында басталды. Әрине, ол алғашқыда ауыл шаруашылығы өнімдерін көбейту жоспары бойынша маңызды рөл атқарды, әсіресе, астықты молайтуға, экономика саласын дамытуға көп септігін тигізді. Сол уақытта еліміздің солтүстік бөлігінде әлеуметтік нысандар көптеп ашылып, 15 қала мен 86 кент, жүздеген ауылдар пайда болды. Тұрғын үйлер мен жолдар салынды. Білім мен денсаулық сақтау саласы дамыды. Көкшетауда музыка училищесі, Щучинскіде индустриалды-педагогикалық техникумы ашылды. 50-ші жылдардың орта тұсында Ақмола облысында 446 кітапхана, 229 клуб, 200 кино қондырғы жұмыс істеп тұрды. 1954-1960 жылдары Целиноградта 4 жоғары оқу орны қалыптасты. Сонымен бірге, тың игеру жылдары еліміздің демографиялық жағдайы күрт өсіп, 1954-1959 жылдар аралығында Ақмола облысының тұрғындары 41 пайызға, Көкшетау облысы 37 пайызға өссе, республика бойынша ел халқы 4 есеге көбейді. Ал, соның салдарынан жергілікті ұлт өкілдерінің саны жалпы халықтың 29 пайызын ғана құрады, қазақ мектептерінің саны кеміді. Солтүстік өңірлерде тілдік және демографиялық мәселелер туындап, этникалық сипаттағы жағдайлар да орын алды. Нәтижесінде республикада демографиялық ахуал өзгеріп, қазақ тілі мен мәдениетінің жай-күйі нашарлады. Осы ауқымды науқан табиғатқа да залалын тигізбей қоймады. Экожүйеге орны толмас зиян келтірілді, – дей келе, академик сол уақытта ауыл шаруашылығына белгіленген жерлердің жел эрозиясына тап болып, топырақтың құнарлы қабатын жел ұшырып, қара борандар нағыз экоапатқа әкелгенін айтты. Сонымен бірге, ғалымдар науқанға дейін оның салдары болатынын ескертсе де, саяси тұлғалар оған құлақ аспағанын, нәтижесінде 10 миллион гектарға жуық жердің құнарлы топырағын жел ұшырып әкеткенін де баяндамада жан-жақты қамтыды. Осыдан кейін лезде «Топырақты қорғау туралы» заң қабылданыпты. Шортанды кентіндегі Бүкілодақтың астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында академик А.Н.Бараевтың жетекшілігімен егіншілік жерлердегі топырақты қорғау жүйесі әзірленіп, ол қазақ жерлерін толықтай тозудан, топырақтың жел және су эрозиясына ұшырамауынан сақтап қалған көрінеді.
Жалпы, Әбілжан Құсайынов тың игеру жобасының қазақ елі үшін пайдасы мен зиянын нақты деректерді келтіре отырып, ғылыми дәлелдермен айтып берді. Дегенмен, бұл тарихи науқанның зиянын айтқан тұстары сол кездегі билікке араласқан кейбір тұлғалар мен ғалымдардың шамына тиіп, олар да өз кезектерінде ойларын ортаға салды.
– Қалай болғанда да біз тарихтан сабақ алуымыз қажет. Жасыратыны жоқ, бұл жағымсыз процестер қазір де бар. Мысалы, топырақ құнарлылығының төмендеу процесі, олардың дегумификациясы әлі де жалғасуда. Бүгінде табиғи жемшөп алқаптарының деградациясы орын алуда. Көптеген жерлердің егіншілікке берілуі нәтижесінде жеке қосалқы шаруашылық үшін жайылымдардың жетіспеушілігі әлеуметтік шиеленісті тудыруда. Жер үсті суларының құрғауы мен ластануы, су тапшылығы ұлттық проблемаға айналуда. Мұның бәрі шұғыл шараларды қажет етеді. Заң шығарушы органдардың, мемлекеттің және қалың жұртшылықтың ортақ күш-жігерімен ғана қоршаған табиғи ортаны сақтауға, орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуға, жаңа Қазақстанның қалыптасуына қол жеткізуге болады, –деп түйіндеді сөзін ғалым.
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Дмитрий Легкий тың және онымен байланысты оқиғаларды тарихтан және ел экономикасының дамуы кезеңдерінен алып тастау мүмкін еместігін алға тартты.
– Тың және тыңайған жерлерді игере бастаған айтулы кезеңнің мерейлі датасы мемлекет тарапынан тиісті қаулыларды күтпей-ақ лайықты аталуы тиіс. Даңғайыр тыңгерлердің еңбегін ешкім де ешқашан ұмытпайды. Соңғы кездері қазақстандық БАҚ-тарда жарияланғанкейбір ғылыми еңбектерде тың игерудің қажеті болмаған деген теріс пікірлер айтылып жүр. Тіпті, кейбір оқулықтарда – 2003 және 2009 жылғы мектеп оқулықтарында «тың идеясы қажетсіз еді» деп жазылса, кейбірінде бұл жобаның дер кезінде басталғанын тым асыра мақтап көрсетеді. Тың бастамасына теріс пікірлер оның 60 жылдығы кезінде көптеп айтылғаны белгілі. Ал, қазір тыңның 70 жылдығында біз мұндай пікірлерге үнсіз қала алмаймыз. Қазақстан Халық партиясы тарихтыбұрмалаушылармен батыл күрес жүргізуі тиіс, – деді Дмитрий Легкий.
Қостанай облысының Құрметті азаматы,«Фрунзе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Николай Шерердің отбасы тыңға келгенде ол небары сегіз жаста болыпты. Тың балаларды ерте есейтіп, ол 10 жасынан бастап ата-анасына шөп шауып, мал бағуға көмектесіпті. Сол балалар әлі күнге дейінжұмысқа үйреткен айтулы кезеңге риза.
– Мен бүгін осы жерде тұрып, сол бір дәуірдің бастауында болған тыңгерлерді, жаңа ауылдарды тұрғызған адамдарды еске алғаныма қуанып тұрмын. Мидай далада олар шатырлар тігіп, кішкентай вагондарда тұрып жатты, бірақ, соған қарамастан олардың бойындағы ерік-жігері күшті, ертеңге деген сенімдері зор еді. Жан-жақтан ағыла көшіп келген халықтар өте тату тұрды. Жергілікті қазақтар жан-жақтан келушілердің өз үйлерін тұрғызып алғанынша, кішкентай жер үйлеріне үш-төрт отбасын кіргізіп, паналатты, бірлікте өмір сүрді, барымен бөлісті. Сонда егін шыққаннан кейін анамның алғаш рет тың нанын қалай дайындағаны есімде. Ол нансондай хош иісті еді. Міне, мен нанның ел үшін және бәріміз үшін қандай қымбат екенін бала кезден түсініп, өмір бойы есімде сақтап қалдым. Ауылдарға алғашжарық берілген сәт те жадымда. Әр үйдің жанынан шұңқырлар қазылып, тіректер орнатылды. Тыңгерлер сол жылдары Қазақстанның орасан зор индустриялық, аграрлық және ғылыми әлеуетін ғана емес, бүгінгі егеменді мемлекетіміздің іргетасын қалады деп ойлаймын. Дәл сол кезде ұлттар мен халықтар арасында шынайы достық болды. Қазіргі біздің міндетіміз – ұрпаққа осы қасиетті достық пен татулықты, бауырластықты сақтап, жеткізу, тарихты ұмытпау, насихаттау, – деді Николай Шерер.
Тың және тыңайған жерлерді игергеннен кейінгі егін шаруашылығын дамытудың қазіргі заманғы проблемалары мен оларды шешудің жолдарын ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның шөлді аймақтарында жемшөп өндіру жөніндегі маман Құдайберген Конопьянов айтып берді.
Тың игеру – бұл 20 ғасырдың әлеуметтік-экономикалық маңызы зор жобасы екеніне тарих ғылымдарының кандидаты, білім беру үздігі, еңбек ардагері, Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы Нэлли Иванова да сенімді.
– Тың эпопеясы тарих шежіресінің жарқын беттері болыпмәңгі сақталады. Ол тың даласына ұлы өзгерістер әкелді, республиканың өндіруші күштерінің қарқынды дамуына, елдің экономикасы мен мәдениетінің өсуіне оң ықпал етті, –дей келе, Нэлли Иванова жастарға сол кезеңдегі адамдардың сыйластығы мен достығы, жұмысқа деген зор жауапкершілігі мен ертеңге деген сеніміне тоқталып, естеліктерімен бөлісті.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.