Екі елдіѕ Баяны

«Адамды адам еткен, еңбек» десек, қоғамдық қатынастар өзгерген жаһандану кезеңінде еңбек адамы деп кімді бағалайтынымыз туралы ортақ пікірге келуге тиіспіз. Бүгінгі заманда еңбек адамы дегеніміз – ең алдымен таза жұмыс істейтін, табысын маңдай терімен табатын, адалдықпен жанын салып жұмыс істейтін жан. Ол, қандай орында қызмет атқарсада, бәрібір. Тек, еңбегімен еліне пайдасын тигізіп, Отанының дамуына ат салысу мақсаты болу керек.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың, «Адал азаматқа тән еңбекқорлық, іскерлік, жауапкершілік, білімпаздық және жақсыдан үйрену, жаманнан жирену сынды асыл қасиеттің бәрі шынайы еңбек адамының бойынан табылады. Сондықтан, өз ісінің майталмандары қашанда қоғамның назарында болуға тиіс. Ал, жастарымыз соларға қарап бой түзеуі керек», – деген саналы сөзі, халықтық ұстанымға айналып, елімізді еңбекке баулуға жол аша алады.

Бүгінгі мақаламыздың әлқиссасын «Еңбек адамы» деген ұғымға сай келетін, жасаған ісі жас ұрпаққа үлгі боларлық, еліне еленердей еңбек еткен Баян Бекетаеваның есімімен бастауды жөн көрдік. Әуелі, кейіпкеріміздің өмірбаянынан сыр шертелік. Ұлағатты ұстаз, қаламгер Баян Ахатайқызы 1984 жылы наурыздың 2-ші жұлдызында Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Ы.Жақаев ауылында дүниеге келген. Әкесі Ахатай Бекетаев көп жыл агроном болып қызмет етсе, анасы Қаншайым Ержігітова балабақшада тәрбиеші болған. Баян мектеп қабырғасында жүріп, зеректігімен көзге түседі. 2001 жылы Алматы қаласындағы Абылайхан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және Әлем Тілдер университетіне түскен. Алғашқы еңбек жолын Алматыдағы №62 лингвистикалық мектеп-гимназиясында ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып бастап, сол мектепте 2 жыл қызмет етеді. 2006 жылы Алматы қаласында өмірлік жары Әлімхан Сейтімханұлымен бас қосып, шаңырақ көтереді. Екі жылдан соң, Бурабай ауданы, Щучинск қаласына қоныс аударып, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына ағылшын тілі пәні мұғалімі ретінде жұмысқа қабылданады.

Осы уақыттан бастап, тәжірибелі маман ретінде бағы ашылып, еңбегі елене бастайды. «Балдәурен»  орталығында 2008-2011 жылдары жастық жалынмен нәтижелі жұмыс атқарды. Аталған мекемеде жүріп, 2010 жылы Ақмола облысы бойынша өткен «Қазақ келіні» байқауында бас жүлдені иеленді. Отбасында да ибалы келін ретінде ата-енесіне құрмет көрсетіп, жақындарын сыйлай білумен бірге, ынтымаққа ұйтқы бола білді. Дүниеге 4 бала әкеліп, көпбалалы ана атанды.Баян Ахатайқызы сүбелі еңбегімен жетістіктерінің нәтижесінде, қызметте жоғарлап, 2011 жылы Щучинск қаласындағы №9 мектеп-гимназиясына директордың ғылыми-әдістемелік істер жөніндегі орынбасары болып, қызметке орналасады. Бүгінгі күнге дейін сол киелі қарашаңырақта 13 жыл бойы міндетін абыроймен атқаруда.

Жолдасы Әлімхан Аймаханов қазіргі таңда Ақмола облыстық «Әкелер кеңесі» төрағасының орынбасары қызметін атқарып, қоғамдағы әке орнының абыройын көтеруді мақсат еткен. Қамқор әке, мейірімді ананың өнегесімен тәрбиесінде өскен тұңғыштары Кәусар облысымыздан шығып келе жатқан жас  айтыскер ақын. Ол, республикалық, облыстық жас ақындар арасындағы айтыстардың бірнеше рет жүлдегері болған. Қазіргі уақытта, Біржан сал атындағы музыкалық колледжінің  «Дәстүрлі ән» бөлімінің  1 курс студенті. Ал, екінші қызы Зере мен Әділханда өнерден құр алақан емес,  республикалық, облыстық, аудандық  шығармашылық сайыстарда бақ сынап, жүлделерімен қуантып келеді. Қайын атасы Сейтімхан Аймаханов жазған «Мерейлі отбасы» авторлық әніне, келіні Баян сөз жазып, 2015 жылы өткен облыстық «Мерейлі отбасы»  конкурсының әнұраны ретінде сахнада шырқалады. Сол байқауда отбасымен бірге бас жүлдені жеңіп, жақындарының ел алдындағы мерейін асырады. Әр жеңіс пен жетістіктен шабыт алатын Баян, шығармашылығын шыңдап, жетілдіре түсуді өзіне мақсат тұтқан. Сондай қажырлы еңбек пен талмас таланттың арқасында 2019 жылы республикалық «Қазақ ханымы» шығармашылық сайысының дипломаты атанып, мәртебесін тағы бір сатыға көтереді.Бұл күнде, Бурабай ауданында шығармашылықпен айналысатын, салт-дәстүрді ұстанған үлгілі отбасы, мерейлі жанұяның тыныс-тіршілігі, жеткен жетістіктері, шығармашылығына еліміздің ғана емес, Оңтүстік Корея, Қытай, Ресей қатарлы шетелдің БАҚ өкілдері де жете таныс болған.

Әкеден алған ой-иірімдері, түйген даналығы,  ақыл-парасаты мен өнегесі Баянды, өз қатарластарынан оқ бойы оза шауып, қыл қаламның шебері атандыруда. Төрт баланың анасы, аяулы жар, ақылды келін, қамқор әпке, адал дос, сенімді әріптес ретінде отбасын  шаттыққа бөлеп, өз ортасына мейірімділік нұрын шаша білген Баян Ахатайқызының қаламынан ұшқын тартқан еңбегінің  оқырман үшін  берері мол.  Өз еңбек жолын отбасы құндылығын дәріптеуге, шаңырақтың берік болуына, жас ұрпақтың ұлт руханиятымен суысындап, өз елінің мақтанышы болуына арнап келеді.  Бұл жолда, республикалық үздік 30 жоба қатарына енген «Әке жолы» рухани-тәрбиелік жобасымен «Мәңгілік ел» идеясы мектепте» танымдық, «Smart серіктестік» инновациялық және «Алтын қор» жобаларының авторы болған Баянның қоғамға қосқан үлесін айтпай кетуге болмас. Оған қоса, шығармашылық талантымен «Отбасындағы салт-дәстүр тағылымы», «Өнермен өрнектелген өмір» атты  жинақтардың авторы, әрі жетекшісі ретінде қазіргі қоғамның бас ауруына айналған отбасылық өмірдің олқы тұсын, халқына түсіндіруде. 17 жылдық талмай еткен еңбегінің есесінде, жеткен жетістіктері де аз емес. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» конкурсының қатысушысы болумен бірге, 30-ға жуық халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық шығармашылық конкурстарының жеңімпазы және осы кезге дейін 20-ға таяу баяндамалары ғылыми-практикалық конференцияларда оқылып, жарық көрген. Риясыз еңбегі мен өз ісіне адалдығы үшін Білім және ғылым министрінің «Құрмет» грамотасымен,  «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталып, халқының құрметіне бөленген.

Кейіпкеріміздің 2021 жылы «Сен қалаған әке»  рухани-психологиялық кітабы өмірге келген еді. Еңбектің Астана, Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларында тұсаукесері өткізіліп, қалың оқырманына жол тартады. Ізденумен, білім алудан жалықпайтын Баян Ахатайқызының соңғы жаңалығы 2023 жылы докторантураға оқуға түсіп, педагогика және психология ғылымының PhD докторанты атанып отыр. Диссертация жазу барысында «Әке мен бала қарым-қатынасы контексінде ер азамат тұлғасын қалыптастырудың ғылыми негіздері»тақырыбы бойынша ғылыми-зерттеулер жүргізеді. Бүгінгі қоғамда әке мен бала қарым-қатынасын нығайтуға, әке мәртебесін көтеруге, отбасының беріктігін насихаттап, ресубликалық Әкелер Одағы, Аналар кеңесімен тығыз қарым-қатынаста байланыс орнатып, өз үлесін қосуда. Отбасындағы береке мен үйлесім, шығармашылық жолда түсіну мен қолдау, отағасының танымының тереңдігі Баян Бекетаеваның бала арманына жетуіне жол ашты. Қоғамда өз орнын тауып, еліне табысты қызмет  етіп жатқаны, қазақ әйелінің бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербегенінің көрінісі деуге болады.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар