Білікті басшы, ұлағатты ұстаз

Мұғалім болу – айтуға оңай болғанымен, нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні шындық. Ұстаз жолы – қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандықтың төресі десек болады. Осы бір ұлағатты мамандықтың ыстығына күйіп, суығына тоңып, абырой мен бақыт тауып жатқандар шын бақытты жандар деуге болады. Ал, осы мамандықты игерумен қатар өзі секілді ұстаздарға басшылық ету тіпті ауыр жүк.

Басшы туралы жазу, мұғалім үшін қиындау екенін білетінмін, дей тұра білікті басшының аз жылдар ішіндегі жетістіктері бір төбе екенін біреу білсе, біреу білмейді.

Сондай ұлағатты ұстаз, білікті басшы – Қайрат Балтабайұлы Қожахметов қазіргі таңда Невский орта мектебін басқарып отыр. Ол үнемі ізденіске толы шығармашылық жолында қарапайым мұғалімдіктен мектеп басшысына дейінгі өнегелі баспалдақтардан өтті. Жастайынан білімге құштар жан еңбектен қол үзбей, талай биіктерді бағындырып келеді.

Қазіргі күні ұстаздық мамандықты таңдайтындар аз. Ал, таңдағандары мектепте жұмыс істеуге құлықты емес деген пікір жиі айтылады. Ал, енді біздің аудандағы мектептердегі жас мұғалімдердің жыл сайын артып келе жатқанына қарап, бұл пікірдің қате екеніне көз жеткізе аламыз. Ол мектеп
басшысының жас мамандарға деген ерекше құрметі мен жанашырлығының нәтижесі десек те қателеспеген болар едік.

Жас ұстаздар жаңалық жаршылары, олар оқушылардың ғана емес мұғалімдердің өздеріне де жастық жалындарымен оң әсер берері сөзсіз. Олар алдарына зор мақсат қойып, өздері ғана білімді атанбай, соңдарынан еретін жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, егемен еліміздің лайықты азаматы болу жолындағы тәрбие жұмысымен де айналысады. Ал, мектеп басшылығы тарапынан қолайлы жағдай мен лайықты құрмет көрген жас маманның жұмысқа деген ынтасы артып, мектеп өміріне сіңе түсетін секілді. Осы ретте Қайрат Балтабайұлына жас мамандардың айтар алғысы шексіз.

Білікті басшы оқушылары мен ұстаздарының білімі, біліктілігіне ғана емес, олардың жүріс-тұрысы мен киімкиісін де назарынан тыс қалдырмай, қатаң талап қоя біледі. Соның нәтижесінде бүгінде мектебіміз аудан, облыс көлемінде көптеген ірі жетістіктерге жетуде.

Мұғалім – мамандық болса, ұстаздық адам бойындағы ұлы қасиет. Ұстаз мәртебесінің артуы ең алдымен ұстаз деген есімге қаншалықты лайық болуына байланысты. Бүгінгі жаңа дәуірдің, жаңарған білімнің мұғалімге қояр талабының жүгі ауыр, олар үлгі боларлық бар жақсылық атаулының ең биігінен көрінуі тиіс.

Осы қасиеттердің барлығы дерлік бойынан табылатын білікті де, білімді басшы, ұлағатты ұстаз Қайрат Балтабайұлын өткен туған күнімен құттықтай отырып, жұмысына табыс, отбасына береке, бақыт тілейміз!

Лаура КОЙЧИЕВА,
Невский орта мектебінің жас маманы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар