Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өмір шежіресінен сыр ақтарсам... - АРҚА АЖАРЫ

Өмір шежіресінен сыр ақтарсам…

 Ақ төсекке таңылған соң бойдан күш-қуат кетіп, оңаша қалған сәттерде қиялға берілерің хақ. Ой жетелеуімен қуанышы мен өкініші қатар өрбитін қамшының сабындай қысқа ғұмырдың өзім куә болған қилы кезеңдерін еске алғанда тағдырыма шүкіршілік етемін. Сол себепті де тоқсан жылдық өмір шежіресінен сыр шертіп, бір құрсақтан өрбіген алтауымызға тәлім-тәрбие берген ата-анаммен аға-апаларымның жарқын бейнесіне тағзым етемін.

 Дүние есігін ашып, мен өмірге келген 1934 жылдың 24 қарашасынан кейін де халқымыз аласапыран оқиғалардың шырмауынан әлі де шыға қоймаған-ды. Жаратқан ием жар болып біздің Нұрпейіс ата әулеті ашаршылықтан да, қуғын-сүргіннен  де аман қалдық.

Қанжығалы мен Шонқал таудың қойнауында қоныс тепкен таза қазақ ауылы Қарлыкөл – Ақшабай мен Баян ата ұрпақтарының кіндік қаны тамған атамекені. Айдын көлі бар, жасыл желегі мен көк шалғын шабындығы мол болғандықтан ауыл адамдары төрт түлік мал өсіруді кәсіп еткен. Сонау отызыншы жылдары колхоз, бертіндері совхоз құрылғанда да егіншілікпен айналысты. Осылай дәулеті шалқып, сүттей  ұйып отырған елдің шырқын соғыс бұзды.

Нұрпейіс баласы Байтас әулеті  үшін  қанды  майданның  қасіретін еске алғанымда жаным түршігеді. Бір кіндіктен тараған алтауымыздың ең үлкені Қасен ағай соғыс азабын жеті жылдай көріп, елге оралғанда көрсетіндімен тергеуге ілікті. Басты себеп – тұтқында болғандығы. Әйтеуір, колхоз төрағасының қолдауымен озат шопан болғандығы жайлы мінездеме жазылып, сотталудан аман қалды  ғой.

Еті тірі, елгезек Қабаш ағай соғысқа дейін Еленовка машина-трактор станциясында гараж меңгерушісі, механик болып істеді. Алайда, ғұмыры қысқа болды. 1942 жылдың жазында ауылға қара қағаз келді. Ата-анаммен ауыл адамдарының зар  жылап бірге қайғырғаны әлі есімде. Ол кезде мен сегіз жаста болатынмын.

Қабдыраш ағай жастайынан білімге құштар болды. Зерендідегі мектеп-интернатқа жаяулап-жалпылап барып оқыды. Еңбегі ақталып, Свердлов тау-кен институтын бітірді. Бұл шалғайдағы ауыл баласы үшін үлкен жетістік. Мамандығына ыңғайлы қызмет болмады ма, майданға шақырылғанша Зеренді аудандық сотында істеді.

Жоғары білімі ескеріліп, ол алдымен танкистер даярлайтын курсқа жіберілді. Батыс майдандағы шешуші шайқастарға қатысқандығы жайлы ауылға келген хатынан білдік. Өкінішке орай, соғыстан кейін мүлдем хабар болмады. Өлі-тірісін білмей сағыныштан сарғайып жүргенімізде Есләмбектің ұлы Рүстем интернет арқылы атасының Польша жерінде жерленгенін тауып, басына барып құран оқытты. Бауырластар зиратынан бір уыс топырағын елге алып келді.

Үш бірдей ұланы майдан шебінде жүргенде де Байтас әкем мен аяулы анашым Айша Досқарақызы қайғы-қасіреттерін білдірмей үйде қалған Мағрипа тәтем және Есләмбек ағатайыммен мені қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай мәпелеп өсірді. Колхоз шаруасынан қажып жүрсе де, анамыз түн қаранғысында да қол диірменмен бидай тартып, нан пісіріп беруші еді жарықтық. Әкем Байтас Нұрпейісұлы ел тарихына қатысты шежірені көп  білетін, оқығаны да, тоқығаны да мол зерделі жан болды.

Майдандағымен бірдей тылдағы аласапыран тіршілік бұғаналары бекімеген жасөспірімдерге оңай болған жоқ. Маған қарағанда ересектеу Мағрипа мен Есләмбек егін де салды, мал да бақты, сабақты жақсы оқыды.Қыздың үлкені Мағрипа көршілес Әлжан ауылындағы жетіжылдық мектепті бітіріп, Петропавлдағы бухгалтерлер даярлайтын курста білім алды. Колхозда, Көкшетау қалалық қаржы бөлімі мен мемлекеттік банкте  бухгалтер болып істеді. 1943 жылы Ғалым Жамановқа тұрмысқа шықты. Жездем мен апамнан ұлағатты тәлім-тәрбие алған жиендерім өзімді тәтелеп ерекше сыйлап тұрады.

Соғыс басталғанда он үш жастағы Есләмбек жастайынан есеп-қисапқа жүйрік болды. Қарлыкөл ауылындағы Ақшабай әулетінің қазыналы қариясы Кәкім Шахманов оны аталық қамқорлығына алып, агенттік қызметке баулыды. Көкшетау ауданының ауылдарын аралап, тұрғындардан салық жинады. Жетпісінші жылдары Уәлиханов ауданы ашылғанда білікті маман ретінде оған қаржы бөлімін басқару ұсынылды. Ол бұл қызметті жиырма бес жылдай мінсіз атқарып, өңірдің экономикасын өркендетуге сүбелі үлесін қосты. Еңбегі жанып, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген қаржыгері атағын алды.

Әлжан ауылындағы Жайлаубаев Боранбайдың ерке қызы Сара жеңгеме әке-шешем өздері барып құда түсті. Ауыл тұрмысының жұтаңдығына қарамастан, дүркіретіп тойын да  жасады. Аға-жеңгемнің көзіндей ұл-қыздары Алтынай, Қымбат, Ұмсындық, Бақыт, Дулат, Қайрат, Шоқан,  Абай, Рүстемді бауырыма тартып, апалық құшағыма бөледім.

Ата-анамның ең кенжесі болсам да, мені онша еркелете қойған жоқ. Өйткені, оларға қолғабыс жасайтын жалғыз жанашыр мен болғандықтан үйдегі ауыр жұмысты анаммен бірге бөлісіп, бірге атқардым. Алла тағаланың берген алғырлығының арқасында Әлжан ауылындағы жетіжылдық мектептің 5 класын, Көкшетаудағы №3 қазақ орта мектебін үздік бағамен бітірдім. Елуінші жылдары қазақша оқыған шәкірттерге жоғары оқу орындарына түсуге жеңілдіктер жасалды. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, Қарағанды медицина институтына түспекші болып, құжаттарымды тапсырғаныммен, Есләмбек ағай оқуға баратын болғандықтан, әке-шешеме қолғабыс жасайын деп үйде қалдым.

Қаншалықты талаптанғанмен болашақ өмірді болжай алмайсың ғой. Ал, қыз бала үшін отбасын құрып, сәби сүю басты парыз саналса керек-ті. Жылымды ауылының тумасы Ережеп Тоқышевпен дәм-тұзымыз жарасып, 1955 жылы отау құрдық. Жалпы өмірде бағымды ашқан асыл ерім Чкалов, Зеренді, Еңбекшілдер, Көкшетау аудандарындағы Зеленый Гай елді мекені мен «Ленин жолы», «Кеңашы», «Қызылсая», «Сәкен Сейфуллин» совхоздарында прораб болып істегенде әлеуметтік нысандарды, тұрғын үйлерді көптеп салды. Құрылыс материалдарын Сахалиннен тасып, кәсіби біліктілігімен танылды.

Облыстық жергілікті өнеркәсіп басқармасының бастығы Алпысбай Жақыпов Ережепті құрылыс учаскесіне қызметке шақырғанда отбасымызбен қатты қуандық. Өйткені, атақ-даңқы Қазақстанда дүркіреп тұрған Алпағандай асыл азаматтың назарына легу біз  үшін күтпеген құбылыс болды. Ол  кезде тәжірибесі толысқан, өз ісінің білгір маманы Ережеп бұл ұсынысты құба-құп алып, бас инженер болып та істеді.

Үйде тек бала бағып, қол қусырап отыру маған тән қасиет емес. Қаршадайымнан қайнаған еңбектің ортасында шыңдалғандықтан, отбасындағы қарапайым тіршілікке қаяу түсірместен Чайкино поселкесіндегі дүкен мен асханалар тресінде буфет сатушысы болып істедім. Бухгалтер мамандығын меңгергеннен кейін, зейнеткерлікке шыққанша автовокзалда билет кассирі болдым. Жоспарды орындау үшін демалыс, мереке күндері де жұмысқа шығып жүрдім.

Екі ұл, үш қызымды өнегелікке тәрбиелеп, ерімнің де абыройына дақ түсірмей өзімді арамдықтан адал, таза ұстауға тырыстым. Ал, балаларым жайлы айтар болсам мен өзімді бақытты ана санаймын. Әкесі Ережеп екеуіміз берген тәлім-тәрбиені санаға сіңіріп, елге қалаулы ұл-қыз атанды. Үш қызымның үлкені, тұла  бойы тұңғышым Алтын – білікті құрылыс маманы, Гүлнәр – есепші, Аустрияда тұратын көпейім Анар – Бүкілдүниежүзілік банк қызметкері. Ұлдың үлкені Жанұзақ техника ғылымдарының докторы ғылым атағын Мәскеуде қорғаса, Дәуренбегім ішкі істер органында ұзақ жыл абыройлы қызмет істеді.

Қырық тоғыз мүшел жасымда басымды шәждеге тигізіп,  намаз  оқыдым. 2008 жылы мұсылмандық парызымды өтеу үшін 74 жасымда Меккеге қажылыққа бардым. Күндердің күнінде түсіме Нұрпейіс атамның әкесі Байғабыл бабам кіріп, батасын берді. Киелі адамның аруағы қолдап, қанатбітіргендей сезіндім. Көрген түсімді жору үшін Насихат апама барғанымда, ол кісі: «Саған жақсылық қонады. Басқа адамдардың қайғысын бөлісіп, ауыртпашылығын жеңілдете аласын»,–деді. 1992 жылы бабам тағы да түсіме екінші рет кіріп батасын берді. Аруақ жай адамға қонбайды ғой. Тандаудың маған түскендігі осал жан болмаған шығармын.

Атақ-даңқымыз қалың Қарауыл еліндегі Ақшабай-Баян әулетіне кеңінен тараған Нұрпейіс баласы Байтас әкемнен өрбіген алтаудан жалғыз мен қалғандықтан, осы естелікті жазуды өзіме парыз санадым. Ондағы мақсатым – бүгінгі өскелең ұрпақ бабаларының кім екендігін біліп жүрсін деген ой ғой. Құдайға шүкір бәйтеректей жайқалған ұл-қыздарымыз шетінен білімді, өнегелі, ең бастысы отбасылық дәстүрге адал әрі намысшыл. Әмәнда солай болғай.

Күлән БАЙТАСОВА,
сауда қызметінің ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар