Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тоқсан бесінші көктем - АРҚА АЖАРЫ

Тоқсан бесінші көктем

 Қос ғасырдың куәгері, ел басына күн туғанда ерлікпен еселі еңбек етіп, халықтың алғысын арқалаған, саналы ғұмырын бүгінгі толқынның болашағына сарп еткен, әз ана Мүслима Сарбаева бүгінде 95 жасқа толып отыр.

 Ол 1928 жылы Зеренді ауданы Туражол ауылында дүниеге келген. Балалық шағы ашаршылықпен, Ұлы Отан соғысымен қатар келген өрімдей жас қыз ер азаматтар атқаратын жұмыстарға ерте араласып, қиындыққа сынбай, шынығып өсті. 13 жасынан пошташы болып, ауыл-елге хат-хабар жеткізіп, игілікті істің бастамашысы болған оның әкесі өздері тұрған Красиловка ауылында басқарма болады. Уақыт өте келе сауыншы болып еңбек етеді. Бұл тұрғыда анасы туралы толғанған қызы Сәуле:

– Анам тыл ардагері. Марқұм әкеміз екеуі 1951 жылы Зеренді ауданы Үлгілі ауылында отбасын құрған.  Ол кісі 1997 жылы дүние салды.  Анам екеуі жеті ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Сол үшін де анамыз 2010 жылы Күміс алқа иегері атанды. Алдымен колхозда Үлгілі ауылында жұмыс істеген.  Содан кейін совхозда сауыншы болып еңбек еткен. Сол сауыншылықпен 1981 жылы зейнеткерлікке  шықты.  Ұлдары Оңғарбек  1982 жылы, ал, Жұмағұлы  2019 жылы қайтыс болды. Бүгінде анамыздың үш ұлы екі қызы бар. Мен Көкше- полиграфияда еңбек ете жүріп, 2017 жылы зейнеткерлікке шықтым. Айдарбек, Жәнібек, Тұрлыбек үш бауырым Көкшетау қаласында тұрады.  Кіші қызы Зейнегүл Астана қаласында медицина саласында қызмет істейді. Қазір Көкшетау қаласында кіші ұлы Тұрлыбекпен бірге, – деген ол, анамызға Алла тек жақсы күндерді нәсіп етсінші, деп аяқтады сөзін.

Иә, ана қанша жасқа келсе де қадірлі де қымбат жан ғой. «Жұмақ ананың табанының астында» деп бекер айтылмаса керек. Сұрапыл соғысты да, ашаршылықты да қатар көрген қайсар анаға әкесінің ауыл басқармасы болғаны бір жағынан жақсы болғандай. Өйткені, ол, азаматтары соғысқа аттанып ауылда қалған жалғыз басты кісілерге көмек беруден  танбаған.

– Әкем мен шешем 1950-1951 жылдары отбасын құрғаннан кейін, әкеміз 3 жылға әскерге кеткен. Шешеміз ата-әжеміздің қолында қалады. Туған жеріміз Зеренді ауданының Үлгілі ауылы. Сайын далада 1954 жылға дейін жер жыртылмады, ол жаққа егін егілмеген. Анамыз сол жерге жұмысқа барады.  Жаз мезгілінде мая шабылып, үйіледі. Сол маяны қыстай өгізбен тасиды екен. Анамыздың айтуынша, ер адамдармен бірдей еңбек етеді. Олардың арасында, Кәрімжан Таспаев, Ахметбек Қырқаевтармен бірге колхоздың қойына шөп тасыған.

1960 жылдары колхоздың әртүрлі жұмысында істей жүріп, шешеміз ауылға әкелінген сауын сиырларды саууға шығады. 12 сауыншы болса, 13-ші болып біздің шешеміз подменный болады. Солар демалғанда ауысып орнына барады. 13-ші күні өзі демалады. 1980 жылдары ауыл РСХО болған, содан совхоз ашылады.  Алдында Тройцкінің бөлімшесі болғанда  сауын сиыр болған. Енді өз алдына бөлек РСХО болғасын үлкен ірі қара мал әкеледі, шешеміз сол ірі қараларға түнгі күзетші болып,  зейнет жасына шыққанша еңбек еткен.  Анамыз Туражол ауылының тумасы. Еңбек кітапшасы 1944 жылы ашылған. Жас кезінде сол ауылда пошташы болып еңбек еткенде биеге жайдақ отырып, Айдаболдан пошта тасиды екен. Оның ішінде  газет-журнал, хат-хабар дегендей. Қазір Көкшетау қаласының тұрғыны. Анамыздың тұңғыш ұлы 24 жасында жол апатына ұшырап дүние салады. 1919 жылы 1964 жылғы бір ұлы өмірден өтті, – деп әңгімелеген ұлы Айдарбектің сөзінің жаны бар. Бауыр еті баласынан айырылу анаға оңай тимегені рас. Алайда, қиындықты бала кезінен қайсарлықпен жеңген әз ана көз алдында құлдыраңдап жүгірген тоғыз немере, он екі шөбересінің қызығымен алмастыра білді.

Иә, ана парызы – ана міндеті, деген осы болса керек. Бүгінде жапырағы жайқалған бәйтеректей, ана бақытына бөленіп, балаларында  аналық махаббатыны орап отырған Мүслима ананың болмысы мен өмірінің мәні – өзін айнала қоршаған ұл-қыздары мен немере-шөберелері.

Қос ғасырдың куәгері болған Мүслима анамызға бізде денсаулық пен балаларының қызығына бөлене берсін демекпіз.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар