Отбасы мен қоғамның ұйытқысы

Өткен бейсенбі күні Көкшетауда Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік шара өтті. Шара барысында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңір тұрғындарын мерекемен құттықтады.

–Бұл тамаша мереке аяулы жандарға деген ыстық ықыласымызды ерекше түрде білдіруге, әйелдер қауымының өмірдегі маңызды рөлін атап өтуге мүмкіндік береді. Сіздер ерлермен бірге, әртүрлі салаларда белсенді жұмыс істеп, үлкен жетістіктерге жетіп, жоғары лауазымдарды иеленіп, үлкен ұжымдарды басқарасыздар. Біз сіздердің отбасының, мемлекеттің тірегі болғандарыңызды жоғары бағалаймыз. Сонымен қатар, сіздер үйдегі жайлылықтың, қамқорлықтың, балаларды тәрбиелеудің және ер адамдарға қолдау көрсетудің ұйытқысысыздар. Күнделікті еңбектеріңіз бен адалдықтарыңыз үшін сіздерге шексіз алғысым мен құрметімді білдіремін.      Біз облыстағы және республикадағы іскер әйелдердің, көп балалы аналар мен қоғамымызға жақсы үлгі болып жүрген әрбір нәзік жанның табыстары мен жетістіктерін мақтан тұтамыз. Сіздерге зор денсаулық, бақыт және барлық бастамаларыңызға табыс тілеймін! – деді Марат Ахметжанов.

Өңір басшысы әйелдер қауымы қоғамдық-саяси, экономикалық, әлеуметтік-мәдени және басқа да салалардағы жетістіктерімен еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға зор үлес қосып келе жатқанын, сондай-ақ дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтау мен өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі аналардың рөлін ризашылықпен ерекше атап өтті.

Айта кетерлігі, Қазақстанда отбасылық және гендерлік теңдікті дамытуға және нығайтуға бағытталған ауқымды реформалар жүргізілуде. Әйелдерді экономикалық және саяси жағынан қолдау шаралары күшейтілді. Әйелдерді қолдаудың түрлі шаралары енгізіліп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған заңдар күшейтілді. Саяси реформалар әйелдердің өкілдігін ескере отырып жүргізілуде. Өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтауға және оларға жедел көмек көрсетуге мүмкіндік беретін «цифрлық отбасы картасы» енгізілді.    Ақмола облысында көп балалы әйелдерге айрықша көңіл бөлінеді. Облыста 17 мыңнан астам көп балалы отбасы тұрады. 6 мыңнан астам әйел «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған.

Шара барысында дәстүр бойынша он үш көп балалы анаға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқалары табыс етілді.     Жеті бала тәрбиелеп отырған көп балалы аналар Қаламқас Балтабаеваға, Оксана Кирьяноваға, Динара Хаймулдиноваға, Махаббат Халықоваға, Айзира Сәтемірге және Самал Нұрғалиеваға «Алтын алқа» алқасы тапсырылды. Алты бала тәрбиелеп отырған Әлия Елубаеваға, Еркегүл Минан, Аягөз Юзикаева, Айнұр Өтепова, Гүлден Есенғазинова, Индира Жилкенова, Әсемгүл Қиямбекова «Күміс алқа» алқасын алды.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның 25 жылдығына орай, екі ақмолалық әйел Алғыс хатпен, 36 әйел облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Ақмола облысында әйелдер шағын және орта бизнесте де  жетекші орындарды иеленуде. 50 мың кәсіпорынның 25 мыңын әйелдер басқарады. Салтанатты шара мерекелік концертпен жалғасты.

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар