– Степногор қаласы маңында жантүршігерлік жол апатынан үш адамның қайтыс болғаны анықталды, полиция іс қозғады.
Ақмола облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, наурыздың 23-де Степногор қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде «Тойота Ленд Крузер» жүргізушісі полицияның көлікті тоқтату туралы заңды талабын орындамаған.
Кейін құқық бұзушы өзге көлікке соқтығысып, оқиға орнынан кетіп қалған. Осылайша, ол азаматтардың өміріне қауіп төндірген.
Полиция құқық бұзушыны ұстау үшін оның соңынан қуған және ҚР «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңының 59 және 61-баптары бойынша көлік құралын мәжбүрлеп тоқтату үшін қызметтік қару қолданды.
Полициядан қашқан құқық бұзушы «Заводская-Өнеркәсіптік аймақ» автожолына шығып, онда жүргізуші мен екі жолаушысы отырған «Ауди В4» автокөлігімен соқтығысты. Салдарынан жеңіл көлікте болған үш адам алған дене жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
«Жол көлік оқиғасына байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Жүргізілген медициналық куәландыру «Тойота Ленд Крузер» көлігінің жүргізушісі мас болғанын көрсетті. Тергеу аясында сот-медициналық сараптама тағайындалды. «Тойота Ленд Крузер» автокөлігінің жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», — деді ведомстводан.
Айта кетсек, бұдан бұрын Степногор қаласы маңында жантүршігерлік жол апаты болғанын жазған едік.
Дереккөз: kaz.inform.kz