Өмірі ұрпаққа өнеге

Өнегелі ісімен, ұрпаққа айтар өсиетімен елге танылған білікті де беделді мемлекеттік қызметші, табиғи дарын иесі  Ғосман Төлеғұлдың бойындағы  ерекше қасиеті –  еңбекқорлығы еді.  Жетпіс беске қадам басқан ғұмырында журналист, партком хатшысы, екі бірдей басқарманың жетекшісі лауазымдық қызметтеріне қоса, жазушылық, аудармашылық кәсіппен де үзбей айналысып, қазақшадан орысшаға 43 кітап, орысшадан қазақшаға 22 кітап аудару екінің бірінің маңдайына жаза бермейтін бақ.

Бір тамашасы  ол  осыншалықты  шығармашылық  жетістігі болса тұрса да, қоршаған ортасында өзін қарапайым ұстайтын. Ал, алғырлығы мен білімдарлығына келетін болсақ, кез-келген жиында екі тілде бірдей мүдірмей сөйлеп, тыңдарман қауымды шешендігімен баурап алатын. Шағын отырыстарда жарасымды әзіл-қалжыңымен, сызылта салған әнімен көпшілікті серпілтіп тастаушы  еді  ғой. Сегіз қырлы, бір сырлы азаматқа тән осындай іскерлік қабілетіне Ақмола облыстық ардагерлер Кеңесінің төрағасы болғанында айқын көз жеткіздім. Сол себепті, екеуміздің де илеген пұшпағымыз бір болғандықтан әрі қарай ардагерлер арасындағы жұмысына көбірек ойысқанды жөн көрдім.

Әсіресе, аудандарда көшпелі алқа мәжілістерін өткізгенде күн тәртібіндегі мәселені жеріне жеткізе талқылап, алдағы міндеттерді тайға таңба басқандай айтып беретін. Тіпті, жиын өткен ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайында да талдау жасап, алқа мүшелерін өзінің ізденімпаздық қабілетімен де таң қалдыратын. Республикалық деңгейдегі салиқалы жиналыстарға жиі қатысып, уақыт талабына сәйкес тұшымды ой, құнды пікірлер айтуымен де  ерекшеленетін.

Бәріміздің мақтанышымызға айналған асыл азамат, қоғам қайраткері Ғосман Төлеғұлдан көз жазып қалғанымызға да, міне, қырық күннің  жүзі болыпты-ау! Жаны жайсаң әріптес бауырымыздың орны ойсырап тұрғанын күнделікті қызмет барысында айқын сезініп жүрміз. Аптасына екі-үш рет бір-бірімізге телефон шалып, амандық сұрасудан басқа қариялар өміріне қатысты өзекті мәселелер бойынша да жиі пікір алмасатынбыз. Осындай қарым-қатынаста бір байқағаным – Ғосекеңнің басқаның пікірімен санаса білетіндігі. Айтылған ұсыныстарға қолма-қол назар аударып, керегін күнделікті жұмысында басшылыққа алушы  еді. Бұл –  ел  тағдырын ойлаған азамат үшін жақсы  қасиет.

Сегіз жыл бойы ол Ақмола облыстық ардагерлер Кеңесіне жетекшілік еткенде, ұйымның жүйелі жұмыс істеуін қамтамасыз етті. Жаңалықтар енгізіп, ұйым есебіндегі 112 мың зейнеткерді шынайы қамқорлыққа бөледі. Мәселен, өткен жылғы Қарттар айлығы кезінде облыс бойынша 907 миллион теңгеге әлеуметтік қолдау көрсетіліпті. Ардагерлер ұйымдарының белсенділері 2185 аға ұрпақ өкілдерінің тұрмыс жағдайын зерделесе, 185 зейнеткер санаторийлер мен демалыс үйлерінде денсаулықтарын түзеді. Қарттарға отын, дәрі-дәрмек, азық-түлік жиынтығын алуға, тіс салдыруға, үй-жайын жөндеуге, жол жүруге, басқа да мәселелерге тиісті қаражат бөлгізген. Көкшетау қаласының, бірқатар аудандардың сауда нүктелерінде халықтың тұрмысы төмен топтары үшін арнайы әлеуметтік сөрелер ашылып, жұмыс істеуде. Тұрмыс деңгейі төмен отбасылар арзан бағалы отынмен қамтамасыз етілді.

Аудандық ардагерлер Кеңестері жергілікті атқару органдарына сүйене отырып, қарттар мен мүгедектердің мұқтаждықтарын қанағаттандырумен жыл бойы айналысуда. Ақкөл, Целиноград, Есіл, Сандықтау аудандарында кәсіпорындар есебінен ұйымдастырылған әлеуметтік үйлер жүйелі жұмыс істеп келеді. Олардың қатары басқа аудандарда да толығуда. Қазір облыс бойынша 6 ардагерлер үйі бар. Оларға да ұдайы көңіл бөлініп, ондағы қарттардың тұрмыстық-әлеуметтік және рухани мәселелері ойдағыдай шешім  табуда. Облыстағы он арнаулы  әлеуметтік  қызмет көрсету орталығының бесеуі қарттар мен мүгедектерге арналған. Мектептерде «Үш ұрпақ кездесуі» атты сынып сағаттары өткізілуде, Тимур командалары «Қамқорлық» акциясын, «Денсаулық сақтаудағы ұзақ өмір» кітап көрмесін ұйымдастыруда. Аудан әкімдіктері мен мәдениет басқармасының басшылары 100 жасқа толған ардагерлерге құрмет көрсетіп, азық-түлік себеттерін табыс етуді жақсы дәстүрге айналдырған.

«Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендейін, зейнеткерлеріміздің күнделікті тұрмысына, олардың санаторийлерде дем алуларына, медициналық тегін көмек алуларына қатысты мәселелерді бірлесе шештік. Көкшетау қалалық ардагерлер Кеңесінің көптеген бастамаларына қолдау көрсетіліп, озат тәжірибе ретінде облысқа таратылды. Мәселен, аға буын өкілдерінің жауынгерлік және еңбек дәстүрлерін кеңінен насихаттау мақсатында «Ғасыр жасаған есіл ерлерім» танымдық-тағылымдық жобасы аясында өткізілген алғашқы шара – Көкшетау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, майдангер, қоғам қайраткері Азнабай Әбілмәжіновтің 100 жасқа толуына арналған салтанатты жиынға облыстық ардагерлер Кеңесінің алқа мүшелері тегіс қатысты. Облыстық Кеңестің қолдауымен «Ақбұлақ-Родник» клубының әншілері сан мәрте «Ақмола жұлдыздары» байқауында лауреат атанса, шахматшыларымыз бен дойбышыларымыз облыстық турнирлерде де бәйге төрінен көрінді. Ағымдағы жылғы қаңтар айында шахмат клубының негізін қалаған майдангер Асылбек Дәулетов, қоғам қайраткерлері Рүстем Шериязданов пен Тельман Мұқышевқа мемориалдық  тақта орнатылды.

Көкше елін жанындай сүйіп өткен, Ғосман бауырымыздың еңбегі лайықты бағаланып, «Құрмет» орденімен, «Мәдениет  қайраткері» төсбелгісімен марапатталғанды жақсы білесіздер. «Зеренді ауданының құрметті азаматы» атағына қоса, республикалық министрліктер мен әкімдіктердің, қоғамдық ұйымдардың тарапынан алған марапаттары қаншама. Жалпы, өмірде өзін қарапайым ұстайтын кішіпейіл, елгезек азамат алтын  ұя – отбасына да  қамқор бола  білді. Әсіресе, асыл жар Күлзағиланы, ұл-қыздарын, немерелерін аялы құшағына бөлеп, құрметтеп өтті. Ағайын-туғандары адамгершілік осы қасиеттері үшін оны асқар тауға балап, мақтан тұтты. Әріптес достары да оның жарқын бейнесін жадында мәңгі сақтап, шығармашылығын кеңінен насихаттауға, бір сөзбен айтқанда, қасиетті есімінің өлке тарихынан лайықты орын алуына өз үлестерін қоса беретін болады.

Шияп ӘЛИЕВ,
Көкшетау қалалық ардагерлер Кеңесінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар