Сізбен араласқан кездерім – ғұмырымның жарқын шағы

«Жақсың мен жайсаңың қайсы» дегенде, үлгі қылар Ғосекеңнен артық адам табу қиын.

Ол кісімен екеуміздің бірден тіл табысып, әңгімеміз жарасып, арамызда тонның ішкі бауындай байланыс орнап кетуіне дәнекер болған жағдайлар көп. Ғосман ағамыз мен Көкшетауға қызметке келгенде Ақмола облыстық ардагерлер Кеңесінің төрағасы болатын. Ал, өз басым, қай облыс, қалаға келсем де, қызметімнің «бісміләсін»  ел ағалары – ақсақалдармен кездесуден бастайтын едім. Мен үшін ел мен жерді жақынырақ білудің бір тиімді әдісі сол ардагер ағалармен неғұрлым көбірек араласу болып көрінетін. Өйткені, ел тарихының олардан өткен білгірін табу қиын. Сөзімнің дәлелі сол, мен сенім жүктеп, аманат арта сөйлегеннен кейін өздерінің зәрулігі,  іске қажеттілігі қанат бітіргендей бола ма, ақсақалдар менімен барынша ашық болуға тырысушы еді, ойларын батыл-батыл ортаға салатын.

Міне менің осындай ұстаным-бағытымды бірден түсініп, қолдай жөнелген Ғосекең еді. Жарықтық, айтайын деген ойыңды емеурініңнен-ақ сезініп, іліп әкететін «Пәлі, Досеке, мынауыңыз керемет екен» деп, алаң болып отырған әлсіз шамның жарығындай көңіліме шабыт сыйлап, арғымақтың жалынан ұстағандай шаттандырып жіберуші еді. Осы тұрғыда, Ғосекең көңілінің жүйріктігіне, ұшқыр ойлылығына кереметтей тәнті болып қалушы едім. Осындай іс барысындағы жеңіл түсініскендігіміз біздің арамыздағы аға мен інідей бауырластыққа, бір-бірімізге сырлас, жанашыр жандарға айналуымызға, үлкен достыққа жол ашқаны рас. Тек осы сыйластықтар туралы өткен шақпен айтып отырғаным қабырғамды қайыстырады.

Ғосекеңнің әрдайым бір қалыпты ұстамдылығы, әр сөзін шегемен қаққандай нық дәлелмен сөйлейтіні қызықтыратын. Әуезді жұмсақ үні, мазмұнды да мағыналы, тартымды әңгімелері, әдемі қалжыңы, адамды еліктірер жарқын да жайдары күлкісі, әлі де құлағымнан кетпей, жүрегімді тербеп тұрғандай. Ол кісі беталды қисынсыз сөйлемейтін, әрқашан дөп түсіп, кісінің көңіл түпкіріндегі ойларын тап басып, тани білетін сұңғыла жан еді. Бұл да ілуде бір кездесетін, мыңдардың ішінен сирек танылатын дара қасиет қой.

Ол кісінің тікелей қолдауымен қаншама шаруалар тындырылғанын түгел тізіп шығу үшін мақала емес, бір кітап жазып шығу керек шығар. Ал, аз сөзге сығымдап сыйғызып, түйіп қана айтар болсам, біздің Көкшетауда бірлесе әрекет жасай отырып, билер инситутын құруымыз, аудандарда елге сөзі өтетін ақсақалдар алқасының мүшелерін медиаторлар қатарына тартып, көптеген дауларды бітімгершілік жолымен шешуіміз атқарған істеріміздің ішіндегі аса қомақтысы болып табылады. «Қарты бар үй – қазыналы үй», «Билік айтқан би емес, бітістірген би» тағы басқа тақырыптарда дөңгелек үстел ұйымдастырып, көптеген іс-шаралар өткіздік. Оған әр буынның өкілдерінен жергілікті тұрғындарды тарттық, олардың осы тақырыптарға қызығушылығын ояттық. Тіпті, бұған қызыға қоймайды-ау деген жастарымыздың өздері көздері ұшқындап, үлкендермен жарысып, көзқарастарын білдіретін. Бетінен қалқып қана айтып отырмын, атқарылған шаралар өте көп болды. Ғосекең бастамашыл және ел көкейіндегісін таба білетін,  жұртқа қозғау сала білетін адам еді ғой.

Және жасырмаймын, осындай тікелей міндетіме кірмейтін, қызметтен тыс атқарылған шаралар менің негізгі жұмысыма да оң әсерін тигізді, халықпен етене жақын жүруіме ықпал етті.

Осы атқарылған шаралар үстінде мен Ғосекеңнің ұлылыққа тән игі қасиеттерін анық таныдым, іскерлігі жан-жақты ізденісі, білімпаздығы мен мұңдалап тұратын. Ол кісінің қамшы салдырмайтын жүйрік көңілі адамды еліктіріп, жетегіне ілестіріп әкететін. Мысалға Абайдың мерейтойына айлық жоспар жасап, үлкен шараларды жарқырата өткізген кездерде мен Ғосекеңнің ұлы ақынды бетінен ғана қалқып емес, терең білетіндігіне разы болдым. Терең біліп, талдай алатын әдеби танымына таң қалдым, сүйсіндім. «Шала білім – шала шайқайды», дана Абай екінің біріне алдыра беретін көптің қатарындағы адам емес. Ғосекеңнің биік өресі сол Абай айлығының биік деңгейде өтуіне зор ықпалын тигізіп еді. Былай қарағанда, арнайы ғылыммен айналыспаған адам болса да ғұламалық зердесі болды. Осындай бірлесіп атқарған жұмыстарымыз үлкен  достыққа алып барды. Ғосекеңді туған ағамнан артық көрдім десем бәлкім, жалған болар, бірақ кем көрмегендігім шындық. Көкшедегі қызметімді аяқтап, Астанаға жиналғанымда, егер бір адамды қимасам, ол Ғосекең болды. Соншалықты жақын тартып қалғанымның әсері болар, екеуіміздің сыйласқан, араласқан күндеріміздің ақырына жетіп қалғандай, жүрегімді зілдей мұң басты. Көп ұзамай, міне, асыл ағам, жанашыр дос ағам мәңгілік сапарына жүре берді. Ең бір жаным қаламаған, жүрегім тітіркене қабылдаған жағымсыз хабар көңіл-күйді тас-талқан етті.

Міне, сол аяулы Ғосекеңнің қырқы жақындап қалғанда өзімнің жүрекжарды ойларыммен бөлісуді парыз санадым.

Қайран Ғосекем, осынау жалған деп аталатын тірлікте Сізбен азды-көпті араласқан уақыттарымды ғұмырымның жарқын шақтарына балаймын. Сіз менің ғұмырыма сәулелі шапағатыңызды молынан төктіңіз.

Асыл аға, жатқан жеріңіз жарық болсын, адал жаныңыз пейіштің нұрына бөленсін. Тағы да қош айтамыз. Қош, қайран Ғосекем!

Досжан ӘМІР,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар