Ата жұртын тапқан ұлдың жұлдызы жанғай…

Ұшқан құстың қанатын, жүгірген аңның тұяғын тоздыратын Сарыарқаның сайын даласы. Белуардан келетін жасыл шалғын. Дархан дала төсінде бір үйір жылқы жайылып жүр. Жал құйрығы төгілген қазақы қасқа айғыр үйірден бөлініп қалған құлыншақты қақпайлап қоспақшы. Осы бір суретті көргенде көкшетаулық кәсіпкер Нартай Ысқақовтың жүрегі елжіреп кеткені. Алаш баласының төл малы – жылқы жарықтық та кейінгі ұрпағына жанашыр, қамқор екен ғой. Бұл суретті Кавказдағы «Қазақстан» санаторийінің ішінен көрген. Жалғыз бұл сурет қана емес, демалыс үйінің іші қазақ суретшілерінің туындыларына тұнып тұр. Шартараптан келген демалушылар осы жерден қазақ даласының көркемдігін, ғажайып салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, бар болмысын ұғатындай. Ғимараттың іші де ықылым заманнан бері сан сүзгіден өтіп, асылы ғана қалған ұлттық дәстүрдің нақышына мелтектеп тұр. Асханада естіген жан елітіп тыңдайтын, даланың самалындай ескен қазақ әні шырқалады. Бильярд ойнауға барған, онда қазақтың күйі төгіліп тұр. Көкірегін қуаныш билеген. Өзінің осы халықтың өкілі екендігіне мақтанған. Қазақ тілінің кірпігі ғана қимылдайтын Көкшетаудан келген кәсіпкер қиыр шеттегі, Кавказдағы осы бір әдемі де ғажайып көрініске тәнті болды.

Демалыс мерзімі аяқталуға жақын. Бірер күнде елге қайтпақ. Демалып жатқандардың бірі Эльбрус шыңына барсақ па деген ұсыныс айтқан. Бұл іргедегі Домбай қаласындағы тау-шаңғы базасын аралап көрмек болды. Іргедегі шағын базарға соққан. Елдегі ет жақын туысқа естелік сыйлық алмақ. Базарда әлдебір сатушы әйел ұлтын сұрады.

–Қазақстаннан келдім, – деген Нартай Жұматайұлы, –қазақпын.

Бейтаныс апайдың жүзінде  көптен көрген туысын ұшыратқандай қуаныш оты алаулаған. Сауда жайына қалды. Әлгі әйел өзінің немересі қазақ екендігін асыға айтып жатыр. Енді болмаса Нартайдан айырылып қалатындай жеңінен тартып қояды. Ұққаны, Қап тауындағы қаршадай қазақтың баласы. Жай бала емес, белдескеннің белін үзетін балуан. Кавказ жұртының қайсар ұлдары әлемдегі боз кілемнің шаңын шығарып, тойлап жүр емес пе?! Күрес мектебінің озық үлгісі осы жерде. Тағдырдың қатал желі ұйытқи соғып, осы қиырдан шығарған қаршадай қазақ баласы қазір Ресей чемпионатының жүлдегері. Жүрегі шымыр ете түсті. Үйірінен адасып жүрген құлыншақты көргісі келді. Кім болды екен?

–Менің күйеу балам қазақ, – деген бір әжей, –1943 жылы екінші дүниежүзілік соғыс кезінде карачай халқын жер аударды емес пе, күллі Кавказ жұртының ішінде қатал тағдырдың еш адамды аяуды білмес шоқпары біздің жұрттың маңдайына тиді. Өмірі көріп білмеген қияндағы Қазақстанның дәмі тартты. Жамбыл облысының Мерке ауданы. Ілкі заманда солай аталатын. Қазір дүние жаңарып жатыр ғой. Бәлкім, басқаша аталуы…

Бейтаныс апай осы бір сапарда, жаңа жұртта, бейтаныс қоныста қазақтың қамқор болғандығын, жергілікті жұрттың аузындағы асын бөліп бергендігінің арқасында аранын ашып келген аштықтан аман қалғандығын және бұл ерлікке бергісіз елдікті карачай халқы ешқашан ұмытпайтынын асыға-аптыға айтып жатыр.

Нартай Жұматайұлының көз алдына сол бір сұрапыл жылдардың сұмдық елесі келгендей. Тарихи деректерді тірілтсек, 1943 жылы атажұртынан еріксіз қоныс аударған карачай халқының 14744 отбасы, яки 69267 адам көшірілген екен. Оның 53,9 пайызы балалар, 28,1 пайызы әйелдер, 18  пайызы ғана қариялар мен мүгедектер. Еріксіз қоныс аударған жылдары 43247 адам опат болған, оның 22 мыңы он екіде бір гүлі ашылмаған шиеттей балалар. Міне, бүтін бір халықтың басына төнген нәубет. Осы бір аласапыран жылдары талай тағдыр өзгеше өрбіді.

Тау асып, тас басып келген Карачайдың қызы Нүрсият Мерке ауданының тұрғыны Қази Жақыповқа тұрмысқа шыққан. Бәлкім, Қазидың әке-шешесі, әлде Нүрсияттың туыстары үйленуге қарсы болды да екен кім білсін, екі жас бұл жерде тұрақтай алмай, Дунгановка аталатын елді мекенде тіршілік құрса керек. 1948 жылы жас шаңырақта Мұратби есімді сәби өмірге келеді.

1957 жылғы жылымықта заманында солақай саясаттың құрбаны болған қалың кавказ жұрты ата қонысқа бет алған. Азып-тозып келгенде қамқор құшағына алған дархан көңіл қазаққа мың алғыс. Ендігісі мәңгі мұз жамылған асқақ таулардың аясындағы ата қонысқа жетіп жығылу. Көз ұшынан көрінбесе де, көңіл түкпірінде сақталған, ақырған аязының өзі перзенттерін жылытып тұрғандай көрінетін ел шетіне бір жету. Меркенің топырағын біраз жыл мекендеп, дәм-тұзын татқан, зұлмат жылдардың тезінен аман қалған  карачай халқы жергілікті жұртқа ақ алғысын жаудырып, дәм-тұзына, кең пейіліне рахметін айтады. Жүктерін жинап, буып-түйіп, ел айырылар сәтте қыздары Нүрсиятты тастап кетуге қимайды. Жат жұрттық болса да өз қаны, өз нәсілі. Ал, Қази атажұртты, мұндағы ағайын-туысты қалай қиып кетсін. Міне, туған жерге деген сағынышты арқалап алып ұшатын пойыз да жүргелі тұр. Кімге болсын бауыр еті бала қымбат қой. Өз ұлы Мұратбиді қимаған Қази сол кезде тоғыз жасар баласын аяғынан тартса, анасы қолынан тартады. Тағдырдың осы бір қысталаң сәтін айтсаңызшы. Ана құшағы ыстық, ана қолы берік болса керек, бала нағашыларымен бірге алыс сапарға аттанған.

Кавказға жеткен соң тірі адам тіршілігін істемей ме, үлбіреп отырған жас жесір Нүрсият тағы да тұрмысқа шыққан. Мұратби жанары жасқа  толып әкесін іздейді екен. Ыстық құшағын аңсайды, маңдайынан сипағаны, бетінен өпкені есінде. Шамасы 1976 жыл болса керек, Кавказдан Мұратби қалыңдығы Светлана Омаровнамен Дунгановка селосына келеді. Арада біраз  жыл өткен. ата жұрты болса да, қазір бұл топырақта Қази Жақыповты танитын адам бар ма екен? Көңіл толқулы. Ел шетіне жеткенде әлдебір ақсақал жолығады. Жолаушылардың жүзіне назар салады. Бұлар тіс жарып үлгергенше, «апырмай, Кавказға кеткен Қазидың баласы емес пе мынау?» дейді жерден жеті қоян тауып алғандай қуанып. Сұрастыра келсе, Қази  бұл күнде Қырғызстанның шекараға жақын бір ауылында диқандардың бригадирі болып еңбек етеді екен. Ендігісі әке мен баланы жолықтыру. Аумағы ат шаптырым танаптың ана басында Қази жүр екен. Бұлар бергі шетте. Бейсауат адамдарды көрген әке істеп жатқан шаруасын тастап, бел жазып орнынан көтерілген. Арақашықтық оқ бойы болса да, баласын жазбай таныпты. Кең құшағын жайып, алға ұмтылған. Қуаныштың көз жасы бет-аузын жуып кеткен. Тіпті, кемсеңдеп сөйлей алмаса керек. Қазақ қорыққан мен қуанған бірдей деп жатады ғой. Сондай бір көрген жанды есінен таң қалдырарлық ғаламат сурет. Тіпті, тілмен сипаттай айтудың өзі мүмкін емес. Әр күн сайын, әр түн сайын есіне оралатын бауыр еті баласы асқар тау әкесін іздеп келіп тұр. Қызылды-жасылды мына жалғанда бұдан асқан қуаныш, бұдан асқан шаттық бола ма?! Ауыл тұрғындары, ет жақын туыстары жиналып екі жастың некесін қиып, ойын-тойын жасайды. Кавказға кеткен қаршадай баланың елге оралған сәтін мұндағы ағайын өшкеніміз жанды, жоғалғанымыз табылды деп үш күн тойлаған. Қазір есептеп отырсақ, араға 17 жыл салып барып кездескен екен.

Тағдыр бұларды тағы да айырған. Светлана Омаровнаның жалғыз інісі қайтыс болып, Кавказға оралуға тура келген. Кавказда күнелткен Мұратби отыз сегіз жасында өмірден өткен, артында бір қыз, бір ұл қалыпты. Әли есімді ұлынан Мұрат туады. Нартай Жұматайұлының естіп, іздегені де осы Мұрат. Тоғыз жасынан еркін күреспен айналысқан. Спорт шебері. Жастар арасындағы Ресей спартакиадасының жүлдегері.

Нартай Жұматайұлы Кавказдағы қазақ баласымен тілдескен. Ондағы ағайын-туысымен де. Шет жайлап шалғайда жүрген баланы ата-бабасының туған топырағына жеткізсем деген үлбіреген іңкәр сезім пайда болған. Бар қиындығын өзім көтеремін. Көкшетаудағы «Қараөзек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы, ұлтжанды азамат Нартай Ысқақовтың жүрек түкпірінде ұялаған бір ойы осы еді. Әуел баста жаттықтырушысы жібергісі келмейтін ыңғай танытқан. Болашағынан үміт күттірер шәкіртін қияндағы Қазақстанға көзі қалай қисын. Анасы Мәдина да қорыққан. Оң-солын жаңа ғана танып келе жатқан бала атажұрты болса да, ешкімді білмейді, қайтып күн көрмек, кім қамқор болады?!

Әуелі жаттықтырушысы екеуі Қазақстанға бір келіп кетіпті. Мұндағы жұртты көрмек, жағдайымен таныспақ. Бар шығынын Нартай Жұматайұлы көтерген. Елдегі тыныс-тіршілікпен танысқаннан кейін жаттықтырушының бойында да әлдебір сезім оянған болар, батасын беріпті. Іле Нартай Жұматайұлы Мұраттың құжаттарын дайындап, Қазақстан Республикасының азаматтығын алып берген. Түк қиындығы жоқ екен. Туу туралы куәлігінде әкесінің қазақ екендігі тайға таңба басқандай жазулы тұр. Көкшетаудағы өз үйіне тіркеткен. Өзінің бір ұлындай.

Балуан Мұрат Алматы қаласында еркін күрестен өткен ересектер арасындағы республика чемпионатында үшінші орынға ие болса, Иранда өткен әлем кубогына қатысқан, Ереванда өткен халықаралық турнирде екінші орын иеленіпті. Елдегі балуандар аң-таң. Шу ете қалған. Бұл легионер, кім әкелген, неге әкелген? Түпқазығын табады. Көкшетауда ұлттың өнері мен мәдениетіне, әдебиетіне жанашыр болып жүретін, жас қаламгерлерді қолдап, атымтай жомарт атанған Нартай Ысқақов. Енді өкпелерін бұған айтпай ма? Жанашыр ағасының өз уәжі бар. Неге легионер? Қазақ емес пе? Сүйегі, жаны қазақ.

Күні-түні жаттығу үстіндегі Мұрат Жақыпов Астанада еркін күрестен өтетін республика чемпионатына қатыспақ. Кавказдан келген қазақ баласы бар өнерін боз кілемнің үстінде көрсетпек. Болашақтың сара жолы осы бір сәттен бастау алады. Алда Олимпиада ойындары. Жұлдызы жанса дейсің де. Ел тілегін тілеген меценат Нартай Ысқақовтың да көкірегін қоламтаның шоғындай қыздыратын бір арманы осы. Тағдырдың тәлкегімен атажұртынан ажырап қалған бір ұланды туған топырағына әкелді. Енді мерейін үстем болғанын тілейді де. Чемпион болар, болмас. Қалай болған күнде де тағдыр атты тұлпардың тұяғының ұшымен сонау Кавказда бүр жарған бозбала енді туған елінің байрағын көтеріп жатса, кімге болсын мерей. Өмір сапарындағы мазмұны мен мәні бөлек айрықша табыс. Әр қазақ бір-бірін іздеп, бір-біріне осылай қамқор болып жүрсе, ғанибет емес пе?!

Әрдайым жоқ іздеген жолаушыдай дүйім елге пайдасы тиетін жақсылықтың жауқазынын іздеп жүретін жомарт жүрек жолаушы Нартай Ысқақовтың олжасы осы. Мүмкін, Жамбыл өңірінен Мұраттың ағайын-туыстары табылып қалар. Нартай Жұматайұлының көп ізденіп тапқан дерегіне қарағанда, Қази ағамыздың кіндігінен тараған ұрпағы қырғыз елінде болса керек. Ал, інісі Әтен Якупов Меркеде тұрған көрінеді. Тек тегі Жақыпов емес, Якупов болып жазылып кеткен. Кешегі кеңес заманының салқыны.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар