Жуырда Ақмола облысының санитарлық-эпидемиологиялық департаменті басшысының орынбасары Серік Омархановтың қатысуымен өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг болып өтті.
Брифинг барысында инфекциялық аурулардан қорғану үшін екпе егудің маңыздылығы туралы айтылды. Ұлттық екпе күнтізбесі кез келген елде эпидемиологиялық салауаттылықты қамтамасыз ету үшін аса маңызды ресми құжат болып табылады. Бұл балалар мен ересектер үшін белгілі бір жаста жүргізілетін және адамды қауіпті инфекциялардан толық қорғауға мүмкіндік беретін міндетті егу сұлбасы.
– Еліміздің республикалық профилактикалық күнтізбесі 20 инфекцияның алдын алу және тарату мүмкіндігін қарастырады. 11 инфекцияға, «В» вирусты гепатитіне (сары ауру) қарсы вакцинация жоспарлы түрде жүргізіледі. Атап кетсек, гемофильді тұмаудың b түрі, дифтерия, көкжөтел, қызылша, қызамық, пневмококк инфекциясы, полиомиелит, сіреспе, туберкулез, паротит. Үкімет Қаулысына сәйкес, вирустық гепатитке қарсы міндетті профилактикалық егулер жергілікті бюджет қаражаты есебінен эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша жоспарланып отыр. Ал, республикалық бюджет қаражаты есебінен HPV (адам папилломасы вирусы тудыратын ауру) және коронавирустық инфекцияға эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша жоспарлы профилактикалық егулер жүргізіледі, – дейді өз сөзінде Серік Сексенбайұлы.
Мұндағы көрсетілген HPV (адам папилломавирусы) – әртүрлі органдардың терісі мен шырышты қабаттарын зақымдайтын вирус. Мысалы, жатыр мойны немесе аногенитальды аймақтар. Кейбір жағдайларда, бұл инфекция папилломалардың (сүйел тәрізді өсінділер)пайда болуына әкеледі. Осыған байланысты, 2024 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстанда адам папилломавирусына (HPV) қарсы қыз балаларды вакцинациялауды бастау жоспарланған. Вакцина ұлттық екпе күнтізбесіне енгізілді. Вакцинада вирустың жеке белоктары бар, олар денеге енген кезде біздің иммунитетімізді белсенді етеді. Өз кезегінде иммундық жүйенің жасушалары адам папилломавирусымен күресуге бағытталған антиденелерді шығарады. Елімізде ұлттық күнтізбеге сәйкес қыздарға 11 жастан бастап екпе салу үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде, – дей келе баяндамашы, екпенің тиімділігіне тоқталды. Оның айтуынша, бұл жас Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес таңдалған. Өйткені, бұл жаста екпе егутиімді және үлкен жастағы вакцинациямен салыстырғанда ең тұрақты иммунитет қалыптасады. Көптеген ғылыми дәлелдер, жатыр мойны обырының дамуы әйелдің адам папилломавирусын жұқтыруымен байланысты екендігін көрсетеді. Бұл қазірдің өзінде расталған. Ал, адам папилломавирусын жұқтырмаудың және жатыр мойны обырының дамуын болдырмаудың жалғыз әдісі, оған қарсы вакцинация болып табылады.
– Вакцинациялаудың маңыздылығы, бұл вирустың табиғатта өте кең таралғандығында. Адамнан адамға тұрмыстық және жыныстық қатынас арқылы берілуі мүмкін. Ал бізде бұл вирустың 100-ден астам түрі бар екенін, оның 14-і онкогенді және қатерлі ісік ауруының дамуына әкелетінін ұмытпаған жөн, – деп С.Омарханов вирустың қауіптілігін ескертіп өтті.
Басқарма басшысының мәліметінше, Қазақстандағы жатыр мойны обырының эпидемиологиясы 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдер арасында жиі кездесетін қатерлі ісіктің екінші түрі. Жыл сайын жатыр мойны обырының 1900-ден астам жаңа жағдайы, күн сайын 5 жаңа жағдайы анықталады. Бұл аурудан жылына алты жүзге жуық әйел, күн сайын екі әйел қайтыс болады.
Сондай-ақ, еліміз бойынша профилактикалық егулер күнтізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 20 ақпандағы №102 қаулысымен реттелгені белгілі болды. «Вакцинация – бұл адамды аурулардан қорғаудың қарапайым, қауіпсіз және тиімді әдісі.Белгілі бір ауруға қарсы иммунитеті бар адамдар неғұрлым көп болса, басқалардың (иммунизацияланбағандар) ауру ықтималдығы соғұрлым аз болады, осылайша эпидемияның пайда болуыда төмендейді, – деп сөзін аяқтады Серік Омарханов.
Айта кетейік, бүгінгі таңда заманауи медицинада жұқпалы аурулардың алдын алудың тиімді құралы жоқ. Сондықтанда, мұның дұрыс жолы вирустық инфекцияларға қарсы екпе алу екенін ескерген дұрыс.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.