Кәмелетке толмағандар құқығы заңмен қорғалады

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте Ақмола облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы Дариға Оспанова кәмелетке толмағандардың мүдделерін қорғау мәселесі бойынша баяндама жасады.

Бүгінде елімізде кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты жасалатын құқық бұзушылықтар мен қылмыстар соңғы уақытта жиі орын алуда. Әлеуметтік желінің қай-қайсы болмасын, бір-біріне әлімжеттік көрсетіп жатқан өрімдей ұлдар мен қыздар, ата-анасының немесе басқа да заңды өкілдерінің тарапынан қорлық, зорлық-зомбылық көріп жатқан қорғансыз балалар… Осының барлығы біздің елде орын алып жатыр. Өте өкінішті…

Сот төрайымы әңгімені әріден, отбасындағы тәлім-тәрбие, шаңырақтың беріктігі, баланың бақытты балалық шағы, ата-анасының баласына көрсететін үлгі-өнегесі тәрізді адамгершілік тұрғысындағы кіріспеден бастады. Иә, бүгінде біз отбасында балаға көңіл бөлу, оның адамгершілік, гуманизм бағытында даму мәселесіне мән бермей бара жатқандаймыз. Оған әр отбасының өзіндік менталитеті мен әлеуметтік жағдайы да себеп. Осыдан балаларымыз қолындағы қалта телефонымен өсіп, тәлім-тәрбиені әлеуметтік желідегі күнделікті көріп, естіп жүрген келеңсіз жағдайларынан, шетелдің атыс-шабысынан алып жатыр. Оның үстіне балаға дауыс көтеру заңмен қарастырылған дегендей, жаңа заңнамалар қарастырылып жатыр. Осының бәрін көріп алған бала қайтіп қатыгез болмасын, қайтіп ата-анасын тыңдасын. Отбасында ата-ананы тыңдамаған, тәрбие көрмеген жеткіншектер кейін қылмысқа бармасына кім кепіл?

Баяндамашының айтуынша, ювеналды әділеттің мақсаты – балалар мен жастардың өмірін қамтамасыз етуде сот жүйесінің  тиімді жұмыс істеуі үшін оңтайлы экономикалық және саяси жағдайлар жасау, дағдарысқа ұшыраған отбасынәлеуметтік-құқықтық қорғау.Кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер қатарына 20 жасқа дейінгі тұлғалар жатады. Сонымен, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты өткен жылы 94 әкімшілік іс қарап, оның 83 пайызы бойынша ата-аналарына жаза қолданылыпты. Бұл жерде қаралған істердің 82 пайызында кәмелетке толмағандардың мүддесі қорғалған. Биылғы жылдың үш айында 16 іс қаралып, оның 62 пайызы бойынша тиісті шара қолданылған. Ал, қылмыстық істер бойынша былтыр 31 іс қаралып, оның нәтижесінде 15 адамға үкім шығарылған екен, олардың 5-еуі кәмелет жасына толмағандар. Сонымен бірге, бір іс денсаулығына қасақана зиян келтіру, 3-еуі ұрлық, қалғаны Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша жазаланыпты. Биылғы үш айда 13 іс қаралып, олардың 8-і бойынша 10 тұлғаға үкім шығарылыпты, олардың 4-еуі кәмелет жасына жетпегендер.

–Өткен жылдың 1 қыркүйегінен бастап азаматтық істер бойынша некені бұзу, алимент төлеу секілді бала тағдырына қатысты арыз-талаптар біздің сотта қаралатын болды. Жалпы, содан бері 1286 іс түсіп, оның 770-сі қаралды. Соттылықты кеңейту бойынша жеті ай ішінде 2125 талап-арыз түсіп, 1546-ы мәні бойынша қаралды. Неке бұзу бойынша 1070 арыз түссе, оның 678-і қаралып, олардың 42 пайызы бойынша отбасыларды сақтап қалдық. Алимент мәселесі бойынша 589 талап-арыз түсіп, 537-і бойынша бұйрық шығарылды. Ал, биыл 3 айда 839 арыз түсті, алдыңғы жылдан 300-ден аса арыз қалған, соның барлығы бойынша 778іс қаралды. Осы жерде некені бұзарда ерлі-зайыптылар көп жағдайда баланың болашағын ескере бермейді. Оның психологиясына, дамуына нұқсан келетініне мән бермейді. Сондықтан, некесін бұзғысы келетін азаматтар жеке бастарын ғана ойламай, ұрпағының ертеңін, оның өсіп-өнуін ескергендері абзал. Бала кінәлі емес екенін ұмытпау керек,–деді Дариға Қазбекқызы.

Брифинг барысында баяндамашы жасөспірімдердің мүддесін қорғауға қатысты істер қаралғанда сот психолог, медиатор, басқа да мүдделі органдардың жауапты мамандарын шақыртып, балалармен жұмыс істеп, істің анық-қанығын білу барысында бірлескен шаралар атқарылатындығына да ерекше назар аударды.

«Кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қол сұғушылық бойынша облыста жағдай қандай?» деген сауалымызға ол:

–Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта былтыр Целиноград ауданында орын алған бір оқиға бойынша іс қаралды. Осындай жағдайлар көбінесе бізге жетпейді, ал, басқа органдар бойынша мен мәлімет бере алмаймын. Көп жағдайда іс сотқа жетпейді немесе келісімге келу негізінде тоқтатылады, –деді.

Жеткіншектерге қатысты қандай да бір әлімжеттік не зорлық-зомбылық жағдайлары елімізде жиілеп кеткені рас. Бірақ, жәбірлеуші тарапты жауапкершілікке тарту жағы бәсеңдеу. Көбі істі сотқа жеткізбей жабу, тоқтату секілді амалдармен аяқталады. Бұдан кейін жазасызқалатындарын білетін, еті үйренген айуандар қылмысын жалғастыра береді.

 P.S: Әлем желіден халқымыздың соңғы кездері кешіп жатқан сорлы күйін көріп, жаның ауырып жүргенде, осы брифингте тіліміздің де тығырыққа тірелгенін көріп, күйіп кете жаздадым. Баяндамашы – сот төрайымы өзіне тапсырылған тақырып аясында бар жағдайды Ата Заңымызда мемлекеттік тілдеп бекітілген қазақ тілінде әдемі баяндап отыр еді, тізгінді ұстаған брифингті жүргізуші қара көз қызымыз орыс тілді бір журналистүшін баяндаманы орта белденүзіп тастап, орыс тілінде жасауын өтінді. Сонда қазақ журналистері адам емеспіз бе? Әлде біз әлі күнге орыстың боданында отырмыз ба? Тәуелсіздігімізге биыл 33 жыл толатыны қайда?! Қазақ елінде қазақ ұлты қазақша баяндама жасаса, оны тоқтатып,орыс тілінде баяндамажасату қай заңда жазылған. Жалтақтай беретін сорлылығымызды қашан қоямыз, осы?!.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар