Бүгінгі жас – ертеңгі ел ағасы

Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық даму орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі еліміздің қоғамдық өміріне белсенді түрде араласып, түрлі идея  ұсынып, оларды іске асыруға атсалысып жүрген жастардың еңбектерін үлгі етуде.

Осы мақсатында «Жастар – жарқын болашақ» тақырыбында жаңа жобалық айдарды іске қосты.

Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де, кәсіби білікті жастардың қолында. Біздің алғашқы кейіпкеріміз – Көкшетау қаласының №10 Өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Әділет Алтынбекұлы Серіков. Әділет 2015 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетіне қарасты Көкшетау техникалық институтына «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2019 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі, генерал-лейтенант Е.З.Тұрғымбаевтың қолынан «лейтенант» шенін алу мүмкіндігіне ие болды.

Жас сарбаз 2019 жылғы маусым айынан бастап, облыстық төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінде жұмыс атқарып келеді. Кәсіби маман ретінде еңбек жолын Астрахан ауданы №19 Өрт сөндіру бөлімінде бастаған болатын. Қазіргі уақытта Әділет Алтынбекұлы түрлі сипаттағы өрттер мен апаттардың алдын алып, оны жою жолында үздіксіз еңбек етуде. Жас болса да бас болып, алдына қойған игі мақсаттарының арқасында бірқатар жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Кейіпкеріміздің бойындағы талантымен бірге, өзін байқау, сайыстар арқылы жетілдіріп, тәжірибе жинайтын ерекше қырын айтып өткен жөн болмақ. Себебі, Әділет сынға түсуді өзіне машық еткен.

Айта кетсек, «Мәлік Ғабдуллин», «Рақымжан Қошқарбаев», «Қазақстан Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар Федерациясына 10 жыл», «Үздік студент-2018», «Үздік студент-2019» төсбелгілерімен марапатталған, өз ісінің үздік маманы. Көптеген ғылыми мақалалардың авторы. Көкшетау техникалық институтының 2016-2017 оқу жылының үздік курсанты ретінде танылды. 2017 жылы өткізілген «Жыл студенті» номинациясы бойынша «Jas Aqmola» дәстүрлі облыстық жастар жүлдесінің иегері де болды. Сондай-ақ, «Akmola Power» облыстық иновациялық жобалар және идеялар байқауының І, «Жігіт сұлтаны» атты қалалық байқаудың ІІ, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне қарасты жоғары оқу орындары курсанттарының арасында өткізілген ең үздік «Ғылыми жұмыс» байқауының ІІІ орын иегері атанды. 2018 жылы Астана қаласында өткен «Inhelp» мобильдік қосымшасын жасап шығару жобасымен «Startup Bolashak: Менің арманым» стартап жобалар Ұлттық байқауының суперфиналисі. Оған қоса, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінде ұйымдастырылған «Полиглот» сайысында жүлделі ІІ орынды жеңіп алса, Көкшетау қаласының мәдениет және тiлдердi дамыту бөлiмiнiң ұйымдастыруымен өткен «Тілдарын» қалалық олимпиадасында І орын дип-ломаты болған. Және де Астана қаласында өткен «Enactus Kazakhstan National Expo-2018» Ұлттық байқауы мен 2019 жылы Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінде ұйымдастырылған «Полиглот» сайысында да ІІІ орыннан көрінген.

Сонымен бірге, біліктілік, ептілігімен көзге түскен Әділет Серіков Халықаралық қауіпсіздік көрмесіне қатысып, инновациялық идеяларымен еліміздегі «Өрт қауіпсіздігі саласын» жақсартуға зор үлесін қосып келеді. Бүгінгі таңда ол өрт және төтенше жағдайларды барлайтын мамандырылған квадрокоптар, қоғамдық ғимараттардан өрт немесе төтенше жағдай кезінде шығуға арналған мобильді қосымша, Көкшетау қаласы №10 Өрт сөндіру бөлімінің шығу ауданындағы өрт гидранттарының электрондық жүйесін, қарауыл бастығына арналған көмекші электрондық сайтын жасап шығаруда.

Кейіпкеріміздің алға қойған басты мақсаты, болашақта өз Отанына адал қызмет ету, ел дамуына үлесін қосу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сол жолда табанды еңбек етіп, елімізде болып жатқан оң үрдістерге белсене қатысса, үлкен жетістіктерге қол жеткізе алады деген үміттеміз. Жастар бүгінгі қоғамға өз пайдасын тигізіп, алған білімін еліміздің дамып-өркендеуіне жұмсайтын болса, келешегіміздің кемел болары сөзсіз.

Қорытындылай келе, «Адамдық қалыпты биік ұстау – кімге де болса үлкен сын. Адамгершілік деген асыл қасиетті аласартып алмасақ екен. Өмір өзегі осы, азаматтың жолы да осы», – деп кезінде Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атамыз айтқандай, ел жастарына үлкен сенім артамыз. Жарқын болашағына сеніммен қадам басып, ел үмітін ақтай алатын Әділет Серік сынды азаматтарымыз көп болсын. Кейіпкерімізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, берекелі жұмыс, ақ жол тілейміз!

Гүлайым РАХИМОВА,
«Қоғамдық даму орталығы»
коммуналдық мемлекеттік мекемесінің маманы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар