Сәні кеткен саябақтың таусылмайтын жыры

Облыс орталығындағы маңдайымызға біткен жалғыз саябақты жөндеуге кіріскелі сегіз жыл өтті. Төрт мәрте жобалау-сметалық құжаттары қайта жасалды. Жөндеуге бөлінген ақша жетімсіз деген желеумен қыруар қаржы еселей көбейтілді. Әйтсе де, қала тұрғындары тағатсыздана күткен ақжарылқап сәт туатын емес. Алдымен, саябақтың тарихы туралы айта кетелік. Ертеректе бұл төңірек «Коттедждер қалашығы» немесе «Хасенов қалашығы» деп аталатын.

Қаланың оңтүстік күншығыс беткейіндегі мәдени-демалыс саябағы заманында дүйім елге аты шыққан орын еді деп айтсаң, бүгінгі сұрқына қарап ешкім сенбес еді. Кейінгі жылдары саябақтың кіреберісінде желдің өтінен тозған қақпаның маңдайында «Мәдени-демалыс паркі» деген жазу көненің көзіндей болып көлбеңдеп тұратын. Заманында бал күлкілі балалардың алаңсыз ойнайтын, ересектердің көкірегін кере еркін демалатын саябағы кейінгі жылдары ішімдіктің босаған бөтелкесіне, әртүрлі қоқысқа толып кетті. Басынан бағы таймай тұрғанда аялаған алақанның ыстық табымен көктеген, көктем шыға күн нұрымен жадырап, жапырақ жайған саналуан нәсілді ағаш көшеттері отырғызылған болатын. Көк торғын шымылдық ысырылып, жайнап жаз келгенде бір-бірімен қанаттаса, қапталдаса өскен мың сан гүлдің хош иісі төңіректі шарлап кетер еді. Бозарып таң атқанда бұлбұл Көкшеге ән таратып, қызылды-жасылды дүниенің көңіл арбайтын титімдей бір ұлағат үлгісі ретінде көрінуші еді. Салақтықтың салдарынан салтанатты саябақтың құр сүлдері, азып-тозған қаңқасы ғана қалды.

Сонау 1969-1970 жылдары №2 Көкшетау селолық құрылыс тресінің иелігінде болыпты. Трест басшылары саябақтың ішін абаттандырып, жаяу жүргіншілер жүретін соқпақ жол салып, гүлзарларға гүл еккен. Көшеттер күтімге алынып, уақытылы суарылып, тыңайтылып отырылған. Осындай ыждаһатты еңбектің арқасында саябақ аз ғана уақыттың ішінде қала тұрғындарының дем алып, серуендейтін сүйікті орындарына айналған. Бағы жанған кез, жоғарыда біз айтқан «Хасеновтер қалашығы» деген атауға ие болу себебі селолық треске көкшетаулық азамат Асқар Хасеновтың басшылық жасаған тұсы. Ол тұста көп адамға таңсық 64  коттедж салынған. Сәнді саябақ коттедждер қалашығының құрамдас бөлігіне айналған. Осы уақытта торкөзді сыммен тоқылған, әдемі қаңылтырлармен өрнектелген қоршау орнатылыпты. Аса қымбат, біздің өңірде сирек кездесетін ағаш көшеттері отырғызылған. Бұрынғы ат сауырынындай жерді алып жатқан гүлзарлар кеңейтіліп, қайтадан ажарланған. Футбол, волейбол, теннис алаңдары салынған.

–1980-ші жылдардың басы болуы керек, барлық технологиялық ережелер мұқият сақтала отырып, саябақтың ішінде айналма шеңбер пішіндес балалар темір жолы тартылды. Ортада перронның бірнеше есе кішірейтілген үлгісі тұрды. Темір жолмен кішкентай вагондарды тіркеген паровоз жүріп тұрған. Балалық шақтың бақытын тиеп, алға сүйреген вагондардың жолаушылары кішкентай балалар болды, – дейді қаланың байырғы тұрғыны Есентай Қаппасов, – бағдар шамдар, жол белгілері, жол жүру ережесі жазылған тақтайшалар, жолаушыларды шақыратын қоңырау, билет кассасы, анықтама бөлімі, барлығы нақ бір кәдімгі темір жолдағыдан айнымайтын.

Індете іздегенде ел ұмытқан кейбір деректерді де таптық. Балалар темір жолының ұзындығы 1,9 шақырым болыпты. Жылдамдығы сағатына 15 шақырым, состав төрт вагоннан тұрған екен. Саябақтың ортасында революция жауынгерлеріне арналған ескерткіш орнатылған. Жалпақ кірпіштен қаланған ескерткіштің биіктігі шамамен он екі метрге жуық. 1993 жылы ел игілігіне айналған саябақтың құлдырау кезеңі басталды. Әуелі темір жолдың шпалдары сөгіліп алынды. Пайда табуды көксеген пысықайлар шашылып жатқан рельстерді металл сынықтарын қабылдайтын орынға өткізді. Несін айтасыз, заты темірден жасалған заттың бәрі тып-типыл болды. Кейін саябақты ішіндегі ақ балтыр қайыңдар шабылып, іргедегі базарда кәуәп пісіретіндердің  отыны болды.

Қала тұрғындары осы саябақты ретке келтіру туралы сан мәрте мәселе көтерді. Бұрынғы атауы өзгеріп, «Алаш арыстары» деген мәнді де мағыналы, ажарлы да айбынды атау берілді. Жөндейміз дегелі аттай сегіз жыл өтті. Жоба төрт рет түзетуден өткізілді. Әуел баста жергілікті билік сағы сынған саябақты салтанатты пішінге келтірген кезде сегіз атракцион, өрмелеу алаңы, шығыс саябағы, аквапарк және өзге де толып жатқан ойын-сауық алаңдары орналастырылады деген аузыңның суы құритын әдемі уәделерді тоғыта түскен болатын. Сегіз жылдан кейін спорт және ойын алаңдары, бірнеше орындықтар, шаңғы роллер жолы және қызметтік-тұрмыстық ғимарат пайдалануға берілді. Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса есеп беру жиынында сағыздай созылған сақалды құрылыс аяқталып, қаланың 200 жылдығына орай тапсырылады деп уәде берген болатын. Сәл шегініс жасайық, саябақты жөндеу 2013 жылы басталды. Сол кезде барлық жоба құны 1 миллиард 204 миллион теңге болатын. Қаржы тапшылығына байланысты құрылыс жұмысы кешеуілдеді. 2015 жылы 1 миллиард  672 миллион теңге қажет деген түзету енгізілді. Бұл қаржы шағын қаланың тапшылау бюджеті үшін бесбатпан жүк болатын. Жоба қымбат болған соң қала әкімшілігі тағы бір түзету жасады.

–2018 жылы дизайн өзгертіліп, жаңа инвестициялық жобалар қарастырылды. Құрылыс жұмыстары 905 миллион теңгеге дейін арзандады. 2021 жылы құрылыс материалдардың қымбаттап кетуіне байланысты тағы бір түзету жүргізілді. Бұл жолы амфитеатр, стела, аквапарк, тоған алынып тасталды, – дейді қала әкімінің орынбасары Дәулет Жүнісов.

Қала әкімінің орынбасарының айтуына қарағанда, ашық аспан астындағы асхана және театр салынуы туралы шешім қабылданған. Барлық түзетулерден кейін шаруаны атқару үшін 2 миллиард теңге қажет болған. Әйтсе де, қалада бұдан өзге де проблема шаш-етектен болатын. Бүгінде сақалды құрылысқа 819 миллион теңге қаражат жұмсалған. Бірақ, атқарылған жұмысқа көңіл тоймайды. Енді қалғаны небары 20 миллион теңге.

–Қалған қаражатқа біз көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарын жүргізбекпіз, – дейді қала әкімінің орынбасары, – Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің ғалымдарымен хабарласып, қандай ағаш пен өсімдіктер әлемін егуге болатындығын келісудеміз. Саябақ ішіндегі жаяу жүргіншілер жолы мен тұтастай жарықтандыруды ретке келтіреміз.

Қала әкімінің орынбасарының айтуына қарағанда, сақалды құрылыстың мәселесін шешуге бизнес өкілдері де ат салыспақ. Негізінде, бұл жерде хайуанаттар бағын, спорт кешенін салу, дәмхана орналастыру идеясы бар. Ол үшін жеке бизнесті тартуға болады. Түптің түбінде қаржы тапшылығына байланысты саябақтың бағын жандыратын жекеменшік иелері болуы әбден мүмкін. Енді тұрғындар арасында біршама келіспеушілік тудырып отырған бір мәнді мәселе туралы айта кетелік. Ол өткен ғасырдың алпысыншы жылдары осы саябақтың ішінде қызыл большевиктердің жерленуі себепті орнатылған ескерткіштің жайы. Бүгінде күтімсіздіктен, жел мен жаңбырдың әсерінен көне ескерткіштің әбдентозығы жеткен. Әрі идеологиялық тұрғыдан ескірген ескерткішті алып, оның орнына Алаш қайраткерлеріне көрікті монумент орнату идеясы да айтылып жүр. Біздің тараптан бұл мәселенің әбден орынды екенін айтсақ, ағаттығы болмас. Бірақ, кейбір орынсыз пікірлерге алаңдаған жергілікті басшылық әлі де баяу қозғалуда. Уәжі, жаңа монументтің тым қымбатқа түсетіндігі. Екіншіден, қылышынан қан тамған большевиктердің мүрдесі саябақтың қай жерінде жерленгендігін тап басып ешкім айта алмайды. Алдымен, ол жерді анықтау қажет екен. Әрі Алаш қайраткерлеріне орнатылатын монументті басқа жерге орнатсақ па деген ой да айтылады. Саябаққа осы киелі атау берілген соң кері шегінетін несі бар?

Көрікті саябақ қала тұрғындарының сүйікті орнына айналған кезде еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін осы жерде жиналмай ма? Сол сәтте Алаш үшін жан қиған есіл ерлердің мәңгі өлмес рухы әр көкірекке құйылып, алпыс екі тамырындағы ел мен жерге деген мөлдір махаббаттың отын тұтатып тұрса, тұғырымыз беки түспес пе еді.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар