Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Баспанаң болса көңіл тоқ, болмаса уайым көп... - АРҚА АЖАРЫ

Баспанаң болса көңіл тоқ, болмаса уайым көп…

Ұлан-байтақ жеріміздің ұлтарақтай бөлшегі бұйырмай жүргенқаншама қазақстандық баспанаға зәру болып, арманына қол жеткізе алмай жүр. Біздің елде баспаналы болудың түрлі жолы қарастырылып, нешеме бағдарлама жүзеге асырылды және әлі де жүзеге асырылып келеді.

Бірақ, соған қарамастан, баспаналы боламын дейтіндер қатары көбеймесе, азайған емес. Ана бір жылдары «Қолжетімді баспана» деген бағдарлама қолданысқа енгенде қуанғандар қатары көп болған. «Қолжетімді баспанаға» қолы жетпеген көпшілік бұл бағдарламаға күмәнмен қарай бастады. Жалпы,елімізде баспаналы болуқаншалықты оңай? Салынып, пайдалануға беріліп жатқан тұрғын үйлердің сапасына да көңілі толмай жатқандар көп. Таласы көп тұрғын үй мәселесінде өзгермейтін бір заңдылық бар екендігі анық. Жыл сайын бағасы шарықтап тұрады. Биылғы жылы тұрғын үйдің бағасы тағы да көтерілуі мүмкін дейді сарапшылар. Осы орайда, кейбіреулер несиеге үй сатып алғанша,  жалға алып тұрған әлдеқайда тиімді деген байламды алға тартуда. Толғауы тоқсан, жыр болған баспана мәселесіне біз де бойлап көрдік…

Қазіргі нарықтық бағаны бағамдай отырып, алғашқы жарнаға ақша жинау мүмкін еместей көрінетіні бар. Бәлкім, біреулер, «тарта жесең тай қалады…» деген қазақы қағидатты алға тартатын болар. Дегенмен, баспананы айтпағанда, балалы-шағалы отбасы  күнделікті азық-түлік пен тұрмысқа қажетті керек-жабдықты сатып алу үшін айлық ақшасын әрең жеткізіп отырғаны өтірік емес.

Солардың бірі – көкшетаулық Махаббат Айтбаева.

– Өзіміздікі деген бір баспана сатып алу арман. Өкініштісі, сол тілегім қол жетпес арман  күйінде қалып қоя ма деп алаңдаймын. Үйдегі алты баламызды асырау, қатарластарынан кем қылмау үшін жанжарым екеуіміз барымызды салып, адал еңбегімізбен табыс тауып келеміз. Бар тапқан-таянғанымызды балалардың қажеттілігіне жұмсаймын. Бірақ, тапқанымыз жұмсағанымыздан артылмайды. Мінекей, биыл үй болғанымызға он екі жыл. Санап отырсақ, осы жылдар аралығында 10 пәтерге көшкен екенбіз. Қазіргі жалдап отырған баспанамызға ай сайын 150 мың теңге төлейміз. Жолдасымның жалақысы екі жүз мың төңірегінде, яғни, оның алған айлығы баспана жалдауға кетеді. Өз басым бір мекемеде еден жуушы болып жұмыс істеймін. Азын-аулақ жалақым мен балаларға алған жәрдемақыны  азық-түлік, үйге қажетті заттар алуға жұмсаймыз. Осылай өмір өтіп жатыр, – деп қынжылады Махаббат. Махаббат өзінің шын есімін ашып айтпауды өтінді. Ондағы себебі, балаларым ержетіп келеді, ертеңгі күні үйдегі жағдайды  қатарластары бетіне баспасын деген ниеті.

«Кезек» деп аталатын цифрлық порталында 650 мыңнан астам қазақтандық баспана кезегінде тұрғанын байқадық. Ал, баспана алуға құжат тапсырғандардың саны 1,5 миллионнан астам.  Яғни, 2 миллион қазақстандық азамат баспанаға зәру деген сөз. Бұған осы адамдардың отбасы мүшелерін қосыңыз. Ал, Ақмола облысында баспана кезегінде 23299 адам болса, оның 10 мыңға жуығы көкшетаулықтар. Бұл ресми тіркелгендері ғана. Тіркелмегені қаншама?! Бір ғана мысал, Астана іргесіндегі Қосшы қаласында ресми деректерге сүйенсек, 50 мыңнан астам халық тұрады десе, шын мәнінде 100 мыңнан астам халық мекен етеді.

Қазір баспананы жалдап тұру да, оны жалға беру де оңай-оспақ шаруа емес. Әсіресе, көпбалалы отбасы үшін бұл тіпті қиынға соғады. Жоғарыда біз тілге тиек еткен Махаббат есімді замандасымыздың айтуынша, көптеген пәтердің  қожайындары үйде бала бар десе ат тонын ала қашады екен. Біз «Крыша», «Олх» сайттарынан облыс орталығынан пәтер жалдау бағасын бағамдап көрдік.  Көкшетауқаласында пәтер жалдаудың орташа құны 150 мыңнан200 мың теңге көлемінде. Бұл бағаға ай сайынғы коммуналдық төлемдерді қосыңыз. Тағы бір ескерілетін жайт, қазір пәтер иелері жалға алушылардан ай сайынғы пәтер құнынан басқа алдын ала депозит алады. Бұл қаражат жалға алушы пәтерден көшкен кезде үйдегі жиһазға тағы басқа мүлікке нұқсан келмесе қайтарылады-мыс. Тегінде бұл қаражат көбіне қайтарылмайды ғой.

Баспананы жалға алу деген мәселеге ден қойған сәтте, мемлекеттік бағдарламалардан осы мәселеге қатысты қандай да бір жеңілдік бар ма деген сұрақ туындағаны бар. Бір өкінішті, былайғы қара халық мемлекеттік бағдарламаларға ден қоймайды немесе мүлдем билік басындағылардан көмек болады деген үмітті үзген. Мысалы, соңғы жылдары баспананы жалға алатын кейбір санаттағы адамдарға арнайы жеңілдіктер қарастырылған екен. Мәселенки, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың жалға алып отырған баспана ақысының 50 пайызын мемлекет төлеп беретіні туралы біреу білсе, біреу білмейді. Ендігі сұрақ, Үкіметтен бұл қолдауына кімдер үміткер бола алады?Біз осы сұраққа жауап іздеп Көкшетау қаласындағы «Отбасы банк» серіктестігінің қаржы кеңесшісі Гүлжауар Қабденовамен сөйлестік.

–  Иә, дұрыс айтасыз, тұрғын үй кезегінде тұрған қазақстандықтар төрт санат бойынша мемлекет қолдауына ие бола алады.  Яғни, олардың қатарында1 және 2-топтағы мүгедек жандар, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар, жетім балалар және көпбалалы отбасылар бар. Ең әуелі субсидияға тапсыратын адамның Қазақстан азаматтығы болуы шарт. Сондай-ақ, ол адам «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес тұрғын үйге мұқтаж мәртебесін растауы қажет.Сонымен қатар, отбасының соңғы 6 айдағы жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде ең төменгі күнкөріс деңгейі 43 407 теңгеге тең. Мысалы отбасында 5 адам – ата-ана және үш баласы болса, олардың бір айдағы жалпы табысы 217 035 теңгеден аспауға тиіс. Табыс ретінде жалақысы, жеке кәсіпкер ретіндегі кірістері, өтеулі қызмет көрсету келісім-шарты бойынша тапқан табысы, зейнетақы және басқа да әлеуметтік төлемдері ескеріледі. Отбасылар жалға берілетін үйді өздері іздейді.

Оның құнын есептеу кезінде бірқатар факторды ескеру керек. Мәселен 1-3 адамнан тұратын отбасы үшін үйдің шаршы метрі 40м²-ден артық емес, 4-5 адамнан тұратын отбасы үшін ш.м. 60м²-ден, 6 және одан көп адамнан тұратын отбасы үшін ш.м. 80м²-ден артық емес болуы тиіс. Егер тұрғын үй үлкен болса, онда сомадағы айырмашылықты жалға алатын отбасының өзі төлейтінін ескергеніміз абзал.Жалдау ақысын субсидиялауға өтініш берместен бұрын, төмендегі шарттарға көз жеткізу қажет, алдымен қолданыстағы электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) болуы керек, – дейді қаржы кеңесшісі.  Гүлжауар Даирқызымен сұхбат барысында біз соңғы кезде ел арасында көп айтылып жүрген жаңа «Отау» бағдарламасы туралы да сұрап білдік. Қаржы кеңесшісінің айтуынша, жаңа бағдарламаға өтінім ағымдағы жылдың 1 наурызынан басталып, өтінім қабылдау 30 сәуірге дейін жалғасады.

– Аталмыш бағдарламаға ниетті адамдар өз өтініштерін«Баспана маркет» (otbasybank.kz) порталында бере алады. Оған «Отбасы банк» салымшылары, оның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың қатысуына мүмкіндігі бар. Бұл ретте, үміткердің жинақ шоты ең кемі 18 айлық болуы және өтінім беру сәтінде депозиттегі жинақ сомасы 1 миллион теңгеден кем болмауы тиіс. Бағдарламаға бірнеше депозитті пайдалана отырып қатысуға болады. Алайда өтінім беру сәтінде оларды міндетті түрде біріктіріп, «Баспана» тарифтік бағдарламасына алдын ала көшіру керек.Бұл бағдарламаға18 бен 63 жас арасындағы тұрғындардың өтініштері қарастырылады. Олардың соңғы алты айда тұрақты табысы болуы, ал, бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінде соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлкі болмауы шарт.Баспана беру арнайы баллдық жүйе бойынша қарастырылады. Салым бойынша сыйақы мөлшері үшін әрбір 1 000 теңгеге 5 балл, салым мерзімі үшін салымның әрбір жылы үшін 5 балл, тіркелген неке үшін 10 балл, отбасындағы балаларға (санына қарамастан) 50 балл есептеледі. Егер үміткерлердің ұпай саны бірдей болып қалса, онда басымдық салым сомасы көбірек және жинақтау мерзімі ұзағырақ адамға беріледі. Іріктеуден өткен қатысушылар 40 жұмыс күні ішінде несиелік өтінім бере алады. Банктен оң мақұлдау алған жағдайда несиелік өтінім 6 ай ішінде жарамды болады. Осы уақыт аралығында бағдарламаға қатысушы баспана тауып, несие алып, оны сатып алуы керек. Өтінім беру уақыты аяқталғаннан кейін otbasybank.kz сайтында қатысушылар тізімі жарияланады. Оған ең көп ұпай жинағандар кіреді. Атап өтерлігі, «Отбасы банк» акционерлік қоғамы 18 миллион теңгеге дейінгі соманы баспана сомасының 20 пайызын бастапқы жарна ретінде аударған кезде ғана береді. Несиенің пайыздық мөлшерлемесі – 9 пайыз, ресімдеу мерзімі – 19 жылға дейін. Алматы, Астана, Шымкент қалалары және облыс орталықтарында тек алғашқы нарықтан ғана тұрғын үй сатып алуға болады. Басқа елдімекендерде кез келген тұрғын үйді сатып алу мүмкіндігі бар, – дейді банк қызметкері.

Тағы бір ерекше екпін түсіре айта кететін жайт, «Отбасы банк» акционерлік қоғамы бағдарлама барынша ашық болуы үшін оның қатысушыларының тізімін, өтінімдерді іріктеу және ұпайларды есептеу нәтижелерін otbasybank.kz порталында жариялауды жоспарлап отыр.

Жаңа бағдарламаның берері мол. Әсіресе, алғашқы жарнасы, пайыздық мөлшерлемесі көңілден шығарлық. Бірақ, облыс орталықтары мен Астана, Алматы, Шымкент сияқты әрі мегаполистерден 18 миллион теңгеге жаңа салынып жатқан үйлерден пәтер сатып алу қаншалықты мүмкін? Бұйырып жатса, сәті түсіп те қалар. Бастысы, «Отаудың» септігімен, көптеген отаудың шамы жарқырай берсін!

Тағы бір қуанышты жаңалық! Елімізде 1 мамырдан бастап жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылады. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында мәлімдеді. Тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруға «Отбасы банкімен» бірлесіп 300 миллиард теңге бөлінбекші. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін мөлшерлеме 7 пайыздан аспайды.Қалған санаттағы адамдар 9 пайыздық мөлшерлемемен үй алуға құқылы. Бағдарламаның барлық шарттары 1 мамырда жарияланбақ.

Жоспар бойынша бірінші кезекте 12 мың мұқтаж отбасы баспанамен қамтылады.Екі ипотеканың айырмашылығы – «Отау» тек «Отбасы банк» салымшыларына арналған болса, 1 мамырдан қолданысқа енетін  бағдарламахалықтың барлық санаттарына арналған: депозит ашып, бірден қатыса аласыз. Еске салайық, 7 пайыздық жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылатынын Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеген болатын.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар