«Қоғамдық келісім» мекемесінде өткен дөңгелек үстелде Қазақстан Республикасының тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының облыста жүзеге асырылу барысы талқыланып, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мәселелері қаралды. Өкінішке орай, бұл шараға арнайы шақырылған басқарма басшылары қатыспай, олардың орынбасарлары мен бас мамандары келіп,солар баяндама жасады. Мемлекеттік тілдің кімге керек, қандай күйде екенін осыдан-ақ көріп, білуге болады.
Дөңгелек үстелді облыстық ішкі саясат басқармасының тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің меңгерушісі Айгүл Талпақова ашып жүргізді. Жиынға облыстық департаменттер мен басқармалардың тіл мәселесіне жауапты өкілдері де шақырылыпты.
Шараның мақсаты – Қазақстан Республикасының тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын жұртшылыққа таныстырып, оның нәтижелерімен бөлісу, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған бірлескен шараларды ұйымдастыру мәселелерін талқылап, пікір алмасу.
–Жуырда Атырау қаласында өткен Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным» деп атап өтті. Өткен жылдың қарашасында «Ақмола облысы бойынша Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары» бекітілген болатын. Тұжырымдаманың іс-қимыл жоспары 4 бағыттан, 10 нысаналы индикатордан тұрады. Аталған бағыттар және индикаторлар бойынша зерттеу жұмыстары жүргізіліп, туған тілдің тұғырын биіктету мақсатында ақпараттық-танымдық шаралар өткізілетін болады, –дей келе, Айгүл Дүзелбайқызы тұжырымдаманың негізгі бағыттарына тоқталды.
Мемлекеттік тілді дамытудың негізі – білім беру саласы екенін жақсы білеміз. Осыны ескере келе, тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі облыстық іс-қимыл жоспарында мемлекеттік тілді В2 деңгейінде меңгерген, оқыту қазақ тілінде жүргізілмейтін мектеп түлектерінің үлесі 2024 жылы 50 пайыз болса, 2029 жылы 75 пайызға жетеді деп жоспарланыпты.Қазіргі таңда білім беру мекемелерінде мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес білім беру деңгейлері бойынша оқыту қазақ тілінде жүргізілмейтін мектептерде мемлекеттік тілді оқып-үйренуге жеткілікті түрде сағат саны бөлінген екен. Дегенмен мектеп түлектері мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде ғана меңгеріп шығуда. Оған себеп – білім беру ұйымдарында тілдерді оқыту мәселесінде білім беру деңгейлері арасында сабақтастықтың жоқтығы дейді мамандар.
Облыстағы білім беру саласында мемлекеттік тіл қаншалықты деңгейде қолданылып жатқаны туралы облыстық білім басқармасының өкілі, бас маман Мақпал Қалиақпарова баяндады. Мәліметіне сүйенсек, бүгінде облыста 38181 оқушыны қамтитын 597 мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар екен. Осы 38 мыңнан астам бүлдіршіннің 25 мыңдайы ғана мемлекеттік тілде тәрбиеленуде, бұл 67,2пайызды құрайды. Мектеп жасына дейінгі балаларды мемлекеттік тілмен қамтуды кезең-кезеңмен арттырудың 2023-2027 жылдарға арналған жоспарына сәйкес 2027 жылға дейін мемлекеттік тілде оқытатын топтардың санын 71 пайызға дейін жеткізу көзделіпті. Сонда біз осы төрт жыл ішінде қазақ топтарының санын небары 4 пайызға ғана арттырсақ, толығымен қазақ тілінде қылу үшін қанша жыл қажет? Осындай сандардан кейін тәуелсіз ел болғанымызға 30 жылдан асты деп кеуде қаққанымыз бекершілік. Ал, енді мектептерге ойыссақ:
– Облыста 531 мемлекеттік білім беру ұйымы бар. Оларда 137 234 оқушы білім алуда. Соның ішінде қазақ тілінде оқытатын 149 мектепте 31753, орыс тіліндегі 170 мектепте 24460, аралас тілдегі 212 мектепте 81021 оқушы білім алуда. Облысымызда мемлекеттік тілде оқитын оқушылар саны 66 мың, бұл жалпы құрамның 48,1 пайызын құрайды. Облыстағы барлық мектептердегі оқушылар санына сәйкес орыс сыныптарында оқитын ұлты қазақ оқушылар саны – 25132, бұл барлық оқушылар санының 18 пайызын құрап отыр. Жалпы контингенттің 90763 оқушысы мемлекеттік және орыс тілінде оқитын ұлты қазақ оқушылар болып табылады, ұлты орыс оқушылар – 30063 оқушы, басқа ұлттар – 16408 оқушы. Сонымен қатар 2023-2024 оқу жылында қазақ сыныптарында оқитын өзге ұлт өкілдерінің саны 712 оқушы,–деді Мақпал Қалиақпарова.
Облыстағы мектеп оқушыларының жалпы санының 90 мыңнан астамы өзіміздің қаракөз қара домалақтар болғанымен, солардың 25 мыңнан астамы орыс сыныбында білім алып отырғаны өте өкінішті жағдай. Бұған кім кінәлі? Білім саласы мамандары тарапынан қазақ балаларын қазақ сыныбына тарту бойынша түсіндірмелік жұмыстардың дұрыс ұйымдастырылмауынан ба, әлде қазақ тілін білмейтін ата-аналардың сылтауы мен салғырттығынан ба? Біздіңше, екеуінен де.
Осы ретте, облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры Қуаныш Қажиахметов білім басқармасының өкіліне бірқатар сын пікірлерін айтты. Мәселен, Кеңес үкіметіне қараған кезде қазақтың ой-пікірімен ешкім санасқан жоқ, барлық мектептерорыс тілді болды, ол тілді білсе де, білмесе де, орысша оқыдық. Біздің тәуелсіз ел болғанымызға 30 жыл, осы аралықта барлық мектептерді таза қазақ мектептері етіп тастауымызға да болар еді. Неге өзге ұлттарға жалтақтай береміз? Біз кеше ғана тәуелсіздігімізді алған жоқпыз ғой. 30 жыл бұрын туған азаматтар қазір бір-бір шаңырақтың иесі,олардың да балалары мектепке барды. Сол балалардың өзі қазақша оқымаса, қазақша сөйлемесе, бұл тіл кімге керек? Неге тілге жанашырлық жоқ? Талапты мектептерден бастап күшейту керек деп орынды көзқарасымен бөлісті.
Жиналған қауым арасында аралас мектеп болсын, таза қазақ мектебі болсын, оқушылардың үзілісте орыс тілінде сөйлейтіні, олардың көретін бағдарламалары мен қызығатын қосымша сабақтары орыс тілінде екені де тілге тиек етілді.
–Балаларымыздың орыс тілінде сөйлеуіне отбасындағы қарым-қатынас та себепші. Егер ата-аналары таза қазақ тілінде сөйлемесе, балаларының қазақша бағдарламалар көруін талап етпесе, бала қайдан қазақ тілінде сөйлейді. Кейбір ата-аналар балаларын әдейі орыс тілінде оқуға береді. Себебі, олар болашақта мансаптық өсу үшін орыс тілін білу керек деп ойлайды, – деп жас ата-аналар өз пікірлерін ортаға салды. Бұл ретте, кәсіби білім беретін оқытушылардың бірі ата-аналарға болашақта мемлекеттік қызметтегі лауазымдық орындарды қазақ тілін жетік меңгерген мамандар ғана тізгіндейтінін айтып, кейін өкініш болмауы үшін баланы қазірден қазақшаға үйрету қажеттігін ескертті. Лайым, солай болғай.
Сондай-ақ, қатысушылар тарапынан «орыс тілінде білім алып, «Алтын белгіге» бітіріп жатқан қаншама түлектер бар. Олар қазақ тілін қарапайым деңгейде де білмейді. Қазақ тілін білмесе, оларға қазақ тілінен неге «5»деген баға қойылады? Мұндай жағдайлар көп. Мектеп мұғалімдері бағаны өтірік қойып, оларға білім бөлімдері ешқандай тексеріс жүргізбейді, бақылау жоқ» деген де орынды сындар алға тартылды.
Еліміздің Конституциясында «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп тайға таңба басылғандай жазылған. Бірақ, біздің азаматтардың ішінде осыны біле бермейтіндері бар. Тіпті, Қазақстанда мемлекеттік тіл – орыс тілі деп шалқамыздан түсіретін жағдайлар да кезігіп жатады. Мұндай өрескелдіктерді заң бойынша мемлекеттік тілде жаппай сөйлеуіміз керек деп талап қоя алмай отырған өзіміздің осалдығымыздан деп ойлаймын. Тіпті, азаматтарымыздың мемлекеттік тілді білмесе де, лауазымды қызметтер атқаруына жағдай жасап қойғанбыз. Мәселен, мемлекеттік қызметке қабылданарда тапсырылатын тест сұрақтарында қазақ тілінен сынақ алынса да, ол нәтижеге әсер етпейді. Сонда кімді алдаймыз? Баяғы қазақ тілін талап еткен жергілікті халықты. Осы орайда, қатысушылар алдағы уақытта тиісті органдарға мемлекеттік қызметке орналасқысы келетін үміткерлер қазақ тілін білмесе жұмысқа қабылданбауы туралы және мемлекеттік тілдегі тест сұрақтары алдағы уақытта нәтижеге әсер ететіндей болуы керектігі тұрғысынан талапты күшейту қажеттігі секілді орынды ұсыныстарын жеткізді.
Жалпы, білім басқармасының өкілі мемлекеттік тілді дамыту барысында жүргізілетін байқау-олимпиадалар туралы да біраз мағлұмат берді. Қалай дегенмен де, сын-пікірлер көптеп айтылды. Негізі, ел болашағы – жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне, ұлттық сана-сезіміне тікелей байланысты. Сондықтан, білім басқармасы бұл орайда, біраз жаңашылдықтар енгізіп, тілді үйрету ісіне талапты күшейту керек. Әрі осындай ұлттық тілімізге, ұлт тәрбиесіне, ұлт болашағына қатысты жиындарға бас мамандар емес, басшылар өздері келіп, пікір алмасып, жүргізіліп жатқан жұмысты өз ауыздарымен баяндағаны дұрыс. Біздің ойымызша, осындай жиналысқа олардың келмегенінің өзі, қазақ тілін менсінбеуі.
Қазақ тілін дамыту, оны кеңінен қолдануды қамтамасыз ету барысында өз салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы Ақмола облысы мәдениет басқармасының бөлім басшысы Дина Бейсенбаева, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ақмола облысы бойынша филиалының директоры Ержан Жаров, Ақмола облысы цифрландыру және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әсел Әлім баяндады. Ал, Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығының директоры Қуаныш Қажиахметов мекеменің жүргізіп жатқан жұмысына тоқталып, мемлекеттік тілді үйренемін деушілерге бар жағдай жасалатынын, мемлекеттік басқару академиясының басшылығымен алдағы уақытта тілді мемлекеттік қызметшілерге үйрету бойынша Меморандумғақол қойып, орталық оқытушыларын жіберіп, ынтымақтаса жұмыс істеуге әзір екенін жеткізді.
Қазақ тілі елді ұйыстыратын – мемлекеттік тіл. Ал, мемлекеттік тіл өмірдің барлық саласында үстемдік етуі тиіс. Біздің тәуелсіздігіміз ұлтымызды бекемдесе, оны ұйыстыратын ортақ тіл – мемлекеттік тіл – ана тіліміз болуы шарт.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.