Үшқарасуға қайық келді… Ауыл халқына керегін алып келді!

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Жарқайың ауданындағы қызыл судың жолында қалған Үшқарасу ауылында қалыптасқан жағдайды өзі жіті бақылап отыр.

Есіл өзені тасып, ауылға тартылған электр желісінің бағаналары құлап, ауылға баратын жолды да су шайып кеткен болды. Алайда, ауыл халқы азық-түліктен, ауыз судан, дәрі-дәрмектен зәрушілік көрген емес!

Бүгін осы Үшқарасу ауылына тағы да қайық келді. Ауылға ауыз су, азық-түлік, есепте тұрған түрлі сырқаттарға, балаларға қажетті дәрі-дәрмек, тіпті, зейнеткерлердің зейнетақылары да осы қайықпен жеткізілді. Қайықшы құтқарушылар ертең де келеміз деп кетті.

Жалпы, бұл ауыл жалғыз биыл ғана су жолында қалып отырған жоқ. Қар қалың түскен жылдары су жолында қалып қоятыны бар. Биыл да солай болды. Қардың қалың түскендігінен, Үшқарасудың іргесінен өтетін Есіл арнасынан шығып, ауылға қатынайтын жолдың бір бөлігін алып кетті. Электр желілері де құлады. Осы себепті ауылға жол қатынасы болмай қалды. Қауіпсіздік үшін электр қуатын ағытып тастауға тура келді.

Облыс әкімі Марат Ахметжанов судың беті қайтысымен бірден жолды және құлаған электр бағаналарын қалпына келтіруді тапсырды және осы мәселені күн сайын өз бақылауына алды.

Қазір судың беті қайта бастады. Жағдай қалыпқа келер күн де алыс емес.

Үшқарасу ауылының тұрғындары азық-түліксіз, ауыз сусыз қалып отыр деген ақпарат та тарап кетті.

Ауыл әкімі А.Арыстанбеков бірде-бір ауыл тұрғыны осы күнге шейін «нанымыз жоқ, суымыз жоқ» деп шағым айтпағандығын алға тартады. Бұл әңгімені қоздырып жүргендер Үшқарасуда сауда дүкеншелерінің иелері екен. Олар жолдың уақытша жоқтығынан, өздерінің сауда орындарының сөрелері азық-түліктен бос қалған соң, ауыл халқының дастарханы да бос қалғандай сезінгендері анық.

Алайда, ауылдың аты ауыл емес пе?! Әр үйдің қорындағы жан азығы мен қорасындағы мал азығы әзірге түгесілген емес.

Үшқарасуға керек дейтін азық-түлік, ауыз су, дәрі-дәрмек алып қайық келді. Ол қайық жағдай қалыпқа келгенше қатынап тұратын болады. Бұрын-соңды болмаған қызыл су жүргелі қарап жатқан жан баласы қалған жоқ десе де болғандай!

Табиғаттың осы бір сынға салған сәтінде ел болып, зардап шеккендерге Ақмола облысы бойынша қолдау да, көмек те көрсетіліп жатыр. Шыққан шығындар өтеле бастады.

Қараөткел мен Көкшетаудың өзен-көлдері арналарына келе бастағандай. Халықтың сенімі де, көңіл-күйлері де сабырдың арнасында!

Жабал ЕРҒАЛИЕВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар