Гитараның сырлы әуезі жүректі тербеп барады. Сол бір әуезді әуеннің қанатында көңіл көкке өрлегендей күйге бөленесің, енді бірде жүрек пернесін ән дөп басып, жаның рахат күй кешкендей әсерде болатының бар. Иә, ән мен әуезде шекара болмайтынын тағы бір мәрте анық аңғарғандаймын. Әлбетте, әнді жүрекке жеткізіп айту алдымен орындаушысына байланысты. Кімнің әні, орындаушысы кім деп,сіз де елең ете түстіңіз бе? Бұл – әнсүйер қауым сағынған, іздеп жүріп тыңдайтын Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері, бард әнші-композитор,көкшелік Юрий Айтжановтың орындауындағы әсем әндер. Өнер – өміршең!Иә, бұған Юрий Айтжановтың ән-ғұмыры анық дәлел емес пе?..
Әттең, осындай жандардың ғұмыры мәңгілік болсайшы! Бірақ, солай пайымдағанымызбен, әсте мәңгілік ғұмырдың болмайтынын, өмірдің өлшеулі екендігін түсінесің де, жүрегіне ән тұнған әншінің мұра етіп қалдырған қазынасына бойлай түсесің. Биыл наурыздың 23-і күні Юрий Айтжанов ағамыздың көзі тірі болса, мерейлі 70 жасқа толар еді. Ол бұрынғы Көкшетау облысына қарасты Чкалов елді мекенінің тумасы. Бірақ, бар саналы ғұмыры Көкшетау қаласымен сабақтас болып өтті. Юрий Айтжановты біздің өңірімізде танымайтын өнерсүйер қауым кемде-кем шығар. Оның өз шығармашылығынан бөлек, кешегі өтпелі кезеңде Ақмола облыстық филармониясына жетекшілік ете жүріп, қаншама өнерпаздың өнеріне өріс ашып, тіпті жалақы ала алмай жүрген сол бір қысылтаяң кезде, облыс әкіміне дейін барып, өнер ұжымының материалдық жағдайын оңтайлы шешіп, өркендеуіне зор үлес қосқандығын күні бүгінге дейін әріптестері зор ықыласпен еске алады. Кейінгі жылдары облыстық филармонияға кімнің есімін береміз деген өзара пікірталас болған кезде де, «бұл мерейге өзіміздің Үкілі Ыбырай бабамыз лайық» деген бастаманы көтеріп, осы мақсатта бірталай тер төккенін де хабардармыз. Әсте, шын дарын ғана мәңгі өмір сүреді. Оның іздеушісі де, жоқтаушысы да халық. Юрий Айтжанов ағамыз жүрегіне ән тұнған дарын иесі еді. Сексенге жуық ән шығарып, өзге елде тұрған Е.Евтушенко, Н.Доризо, Р.Гамзатов сияқты басқаұлт өкілдерінің айтулы ақындарымен шығармашылық бірлестікте болды. Сонымен қатар, еліміздің танымал ақыны Кәкімбек Салықов ағамыздың сөзіне бірнеше ән шығарғаны да ел есінде.
Біз жоғалттық сұлулықтың ғашығын,
Көкірегінде кетті талай тасып үн.
Топырағың торқа болсын, бауырым,
Ел ұмытпас сендей бекзат асылын, – деп Юрий Айтжанов өмірден өткенде Кәкімбек ағамыздың осылай тебірене жоқтау жазғандығының өзінде көп мән жатыр емес пе?..
Асылында жоқтаушысы бар адамды жоқ дегенге көңіл көндікпейді. Мұндайда бауырлардың жөні бөлек қой, әсте. Бауырының 70 жылдығы қарсаңында редакциямызға Юрий Айтжановтың туған әпкесі Мәнсия Айтжанова арнайы келіп, інісінің шығармашылығын насихаттау жолында атқарылып жатқан бірқатар жұмыстарды ортаға салып, өз естеліктерімен бөлісті.
–Бірде Юрий отбасымен жол жүріп кетіп, мен бауырымның үйіне қарайласып жүрдім. Үйдегі тіршілікпен айналасып жүргенімде,үй телефоны шыр ете түсті. Жүгіріпбарып тұтқаны көтердім. Сөйтсем, айтулы ақын Мұхтар Шаханов хабарласып тұр екен. Ағамды сұрады, сөз арасында жуырда Алматыға Е.Евтушенко келетінінен хабардар етті. Мен осы жақсы жаңалықты ініме жеткізуге асықтым. Юрий осылайша ақын Е.Евтушенкомен жүздесіп, осы кездесуден кейін олардың шығармашылық бірлестігі тіпті нығая түсті, – деп еске алады, әпкесі.
Мәнсия Айтжанова редакцияға өзімен бірге бірнеше тарихи фотосуреттерді де ала келіпті. Сол фотосуреттердің арасында біз жоғарыда тілге тиек еткен кездесу де көрініс тапқан. Юрий Айтжанов Е.Евтушенкомен шығармашылық бірлестікте бірнеше ән жазды. Тіпті ақынның арнайы шақыртуымен Мәскеуде концерт беріп, онда ол мәскеуліктердің қошеметіне бөленді.Сонымен бірге Е. Евтушенкомен бірге «Мәскеу жаңғырығы» студиясында өнер көрсетіп, түрлі байқауларға белсенді қатысты.
– Ол көптеген өнер байқауларындабас жүлдені қанжығасына байлап, абырой биігінен көрінген өнерпаз. Одақ жанкүйерлерінен және шетелден жүздеген хаттар алды, әр хатқа жауап беруге тырысатын, – деп еске алады әпкесі Мәнсия.
– Әкеміз Белгібай Айтжанов Ұлы Отан соғысының ардагері болатын. Ол кісі сұрапыл соғыс кезінде көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағына да ұсынылған. Өкініштісі, ерлігі елеусіз қалды. Анамыз Шарафат «Қазақ КСР Оқу-ағарту ісінің үздігі» атанған ұлағатты ұстаз болатын. Ол өзінің саналы ғұмырының 45 жылын шәкірт тәрбиелеуге арнады. Әкеміз соғыстан кейінгі жылдары басшылық лауазымдарда қызмет атқарды. Балалық шағымды есіме алсам, құлағыма бірден ән құйылады. Ата-анамыздың өнерге деген ықыласы зор болатын. Анам домбырадасүйемелдеп, классикалық қазақ әндерін орындағаны күні бүгінге дейін есімде. Әкеміздің туған інісі Бергенбай ағамыз қазақ операсының жарық жұлдызы еді, ол кісі Абай атындағы мемлекеттік академиялық театрдың солисі болған. Әлі есімде біздің үйде музыкалық асапаптардың сантүрі бар болатын. Баян дейсіз бе, гитара, балалайка ма, домбыракерек дейсіз бе, барлығы да біздің үйден табылатын. Юрамектеп оқушысы кезінен аккордеонда, баянда, кейінірек гитарада ойнауды өз бетінше үйренді, керемет ән айтатын. Отбасында анамның бастамасымен үйде концерттер жиі өткізіліп, ән айтып, би билейтінбіз. Оның музыкаға ынтасы соншалық, ол гитараны бір сәтте қолынан түсірмейтін. Тіпті ауладағыдостарымен ойнаса да, үнемі иығында гитара жүретін. Сол гитарасымен біргеәскерге де кетті. Қиялы ұшқыр еді. Әңгімені де өте әсерлі айтатын. Оның жанында мұңайып отыру мүмкін еместей еді. Үнемі ақжарқын, күліп жүретін және жан-жағындағыларды сол бір жан жылылығына, мейірім шуағына бөлей білетін. Ол 1971 жылы орта мектепті бітіріп, 1972 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтына физика-математика факультетіне оқуға түсті. Институтта оқи жүріп, «Ақ қайың» ансамблінде, кейін Көкшетау қалалық филармониясының «Айнакөл» ансамблінде аспапшы болып жұмыс істеді. 1974-1976 жылдар аралығында Кеңес Армиясы қатарында өзінің азаматтық борышын өтеп, 1979 жылы институттағыоқуын жалғастырды. 1979 жылдан орта мектепте физика және математика пәндерінің мұғалімі, кейін қаланың музыка мектебінде 17 жыл бойы көкөрім жастарды музыкаға баулыды. 1996 жылы Көкшетау қалалық филармониясына директордың коммерциялық жұмыс жөніндегі орынбасары болып жұмысқа қабылданды, ал 1998-2005 жылдары Көкшетау қалалық филармониясының директоры болып жұмыс істеді. Ел үшін қиын жылдары ол тартынып қалған жоқ,керісінше филармонияны сақтап, жандандыра алды. Оның күш-жігерінің арқасында барлық жұмысшыларға үш-төрт жылдық жалақы қарыздары қайтарылды. Көп ұзамай филармония облыстық филармония мәртебесіне ие болды, – деп еске алады Мәнсия апай.
Юрий – табиғи дарын иесі еді. Музыкалық арнайы білімі болмаса да, Алла берген құдіреттің арқасында сан түрлі музыкалық аспапты меңгерген және көкірегіне ән болып қонған аққу әуенді өз тыңдаушысына жеткізе білген тума талант болатын.
– Әулетіміздің үлкені Нулий Алматыда оқыды, ол кісі ішкі істер саласында жұмыс істесе де, өнерге жақын адам болатын. Ағамыздың дауысы зор еді. Опералық арияларды орындағанда көпшілік тәнті болушы еді. Әсіресе, жеңгемізбен қосыла шырқаған әуендері қандай!.. Ал, үлкен әпкеміз Клара Шымкент қаласында тұрады. Ол кісі де өнерден құр алақан емес. Ал, Ақтөбеде тұратын әпкеміз Әлия өлең жазады. Оның Юрийге арнаған жүрек сөзін тебіренбей оқу мүмкін емес. Ал, Юра біздің әулеттің басына қонған бағы деп ойлаймын.Ендігі арманымыз оның әндерін әлеуметтік желіге жүктеп, өскелең ұрпақ шығармашылығымен жіті танысса деген ой. Осы мақсатта бірқадау жұмыстарды атқарып жатырмыз. Юрий соңғы жылдары сахнаға Юри Шарафат лақап атпен шығып, өнер көрсетіп жүрді. Шарафат біздің анамыздың есімі еді. Осы есіммен Ютуб әлеуметтік желісінде арнайы канал ашып, оның орындауындағы әндерді жүктеп қойдық. Бұл жұмыс әлі де жалғасын табады, – дейді ол. «Юра туралы ұзақ уақыт айтуға болады, оның адалдығы, намысқойлығы, бір сөзбен айтқанда тектілігі өскелең ұрпаққа өнеге деп ойлаймын» деп түйіндеді Мәнсия апа өз сөзін.
Шынымен де, мына бес күндік жалғанда өскелең ұрпаққа айтар ойың, өнеге болар қасиетің болса, бұдан асқан бақыт жоқ-ау, сірә! «Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы» деген қазақи ғибратты сөзін өзінің өмірлік ұстанымы санаған Юри Шарафаттың әндері таңғы шықтай тұнық сезіммен әспеттелгені оның таза ниеті мен таза жүрегінен екен. Осыдан бірнеше жыл бұрын мәңгілік сапарға аттанған әншінің мына жалғандағы ғұмыры ән болып жалғасып жатыр. Ән-ғұмыр үзілмесінші!..
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.